Қазақстан қарулы күштері қатарында міндетті борышын өтеп жүргенде жұмбақ жағдайда қатты жарақат алып, төсек тартып қалған Ербаян Мұхтар Түркияда кезекті мәрте ем-дом алғаннан кейін Қазақстанға оралды. Мұндай ақпаратты оның заңды өкілі Инга Иманбай хабарлады.
"Қазіргі жағдайы тұрақты. Дәрігерлер ем толық әсер етуі үшін кемінде 3 ай уақыт қажет екенін айтты. Сол себепті үш айдан кейін, Ербаян қайтадан Стамбұлға барып, емінің реабилитациялық бөлігін жалғастырады", – деп жазды Иманбай Facebook-парағына. Оның сөзінше, Ербаянның шетелде ем алуына сарбазға жанашырлық танытқан қарапайым адамдар, Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық ұлан басшылығы көмектескен.
"Екі рет шетелде ем алу – үлкен еңбек пен жанашырлықтың нәтижесі. Алайда жарақатының ауырлығына байланысты өзгеріс бірден байқалмай отыр. Бұл – дәрігерлер күтетін де, біз түсінетін де процесс. Соған қарамастан, Ербаян өзіне лайықты өмір сүру үшін күресіп жатыр. Оған осы жолда сіздердің қолдауларыңыз күш беріп келеді", – деп алғыс білдірді Иманбай.
Ербаян Мұхтар 2023 жылы көктемде әскерге алынған. Жас жігіт Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген. Бірақ сол жылы желтоқсанда әскердегі әжетханада жұмбақ жағдайда басы жарылып, комаға түскен. Төрт айдай ес-түссіз жатып, 2024 жылы мамырда оянған.
Әскери бөлім "сарбаз әжетханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды" деген. Жігіттің ата-анасы әскери бөлімнің мәлімдемесіне сенбейтінін айтқан. Instagram әлеуметтік желісінде Ербаянға арналған парақша ашылып, жақындары оның еміне жұрттан көмек сұрады. Жас жігіттің төсек тартып жатқан видео-фотосы желіде көп тарап, жұрт анасының шотына жаппай ақша аудара бастады. Ербаянның еміне 230 млн теңге (480 мың АҚШ доллары) жиналған.
Ербаян Мұхтарды ата-анасы былтыр қыркүйекте Түркияға емдетуге алып кеткен. Заңды өкілінің хабарлауынша, Стамбұлда оның басына ота жасалып, инфекциядан толық арылған, бұдан бөлек, салмақ қосып, роботтың көмегімен қимылдай бастаған, өзі аздап тамақ ішетін жағдайға келген. Ем-домның бірінші курсын алған соң биыл қаңтарда Қазақстанға оралған Ербаянды ата-анасы қыркүйекте Түркияға емін жалғастыруға алып барған.