Accessibility links

АҚШ Ресейдің мұнай алпауыттарына санкция салды. Бұған Қытай қалай жауап бермек?


A Chinese vessel is seen near oil tanks at the China National Petroleum Corporation's petrochemical facility in Dalian, China.
A Chinese vessel is seen near oil tanks at the China National Petroleum Corporation's petrochemical facility in Dalian, China. (File photo)

Түйін

  • АҚШ Ресейдің "Роснефть" және "Лукойл" компанияларына санкция салып, жаһандық энергетика нарығын тербелтті. Қытайдың мемлекеттік мұнай алпауыттары Ресейден мұнай импортын уақытша тоқтатуға мәжбүр.
  • Ресей мұнайының негізгі сатып алушыларының бірі саналатын Қытай қор жинап жатыр және санкцияларды айналып өтіп, Ресейдің шикі мұнайын жеңілдікпен алу үшін делдалдарды пайдалануы мүмкін.
  • Бұл Ресейді қаржылай қысымға алу мақсатын көздейді, бірақ нақты әсері санкциялар қаншалық қатаң орындалатынына, әсіресе Қытай мен Үндістан сияқты елдерге жанама санкциялар қалай қолданылатынына байланысты болмақ.

Қытайдың ірі мемлекеттік мұнай компаниялары АҚШ енгізген санкцияларға жауап ретінде Ресей мұнайын импорттауды тоқтатты. Алайда энергия саласындағы шектеулер жағдайында Пекиннің өз стратегиясы бар.

АҚШ-тың "Роснефть" пен "Лукойл" сияқты Ресейдің ірі мұнай алпауыттарына салған санкциялары әлемдік энергетика нарықтарында дүрбелең туғызды. Бұл қадам Қытайдың ең ірі мемлекеттік мұнай компанияларын ресейлік мұнай импортын уақытша тоқтатуға мәжбүр етті.

Дегенмен, шикізаттың ең ірі сатып алушыларының бірі саналатын Пекиннің өз жоспары бар дейді сарапшылар.

Соңғы бірнеше ай бойы Қытай жеткізілім үзіліп қалады деп қауіптеніп, мұнай қорын жинақтап келген. Сонымен қатар, Қытай мұнай компаниялары санкцияларды айналып өтудің жолдарын тауып, ресейлік мұнайды жеңілдікпен сатып алуды жалғастыруы мүмкін.

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің Кремльге қысымды күшейтіп, Украинада бейбітшілікке қол жеткізуге ұмтылып жатқан тұста Ресей мұнайын Қытайға жеткізудің тоқтауы Мәскеудің мұнайдан түсер табысына елеулі соққы болуы ықтимал.

22 қазанда Вашингтон жариялаған санкциялар ресейлік компанияларды америкалық банк жүйелерінен ажыратып, доллармен төлем алу мүмкіндігінен айырды. Ережені бұзғандарға қатаң шаралар қолданылады, соның ішінде олар жанама санкцияға ұшырауы мүмкін.

Алайда сарапшылардың айтуынша, АҚШ санкцияларының салдары көбіне олардың қаншалық қатаң орындалатынына және Вашингтонның "Роснефть" пен "Лукойлмен" бизнесін жалғастырып отырған елдерге жанама санкция енгізуге қаншалық дайын екеніне байланысты болмақ.

"АҚШ жаңа санкциялардың орындалуын нақты қамтамасыз ете ме, әлде тек жанама санкциялармен қорқыту деңгейінде қалды ма – бұл әзірге белгісіз" деп жазады АҚШ-тың халықаралық энергетика жөніндегі бұрынғы арнайы өкілі Дэвид Голдуин мен зерттеуші Андреа Клэбо Вашингтондағы Atlantic Council талдау орталығының материалында.

"Қытайдың мұнай өңдеу зауыттары болса АҚШ санкцияларын айналып өтуді жақсы меңгерген және егер оларға ресейлік шикізаттың арзан партиялары қажет болса, әдетте амалын табады" деп атап өтеді олар.

ҚЫТАЙ РЕСЕЙ МҰНАЙЫН ҚАНША МӨЛШЕРДЕ САТЫП АЛАДЫ?

Қытай Ресей мұнайының импортына көп тәуелді. Kpler талдау компаниясының дерегінше, былтыр "Роснефть" пен "Лукойлдың" үлесіне Қытайға экспортталған ресейлік мұнайдың шамамен төрттен бірі тиесілі болған.

2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Қытайдың шикі мұнай импортының 20 пайызына жуығы (тәулігіне шамамен 2 миллион баррель) Ресейден жеткізілген. Бұл Мәскеуді дизель отыны, бензин және пластик өндірісіне пайдаланылатын шикізатты жеткізушілердің алдыңғы қатарына шығарды.

2022 жылдың соңында Еуропа одағы Ресейден мұнай импорттауды азайтқаннан кейін Мәскеу экспорттайтын шикізаттың шамамен 47 пайызы Қытайға, ал 38 пайызы Үндістанға жөнелтілетін болды. Бұл мәліметті Energy and Clean Air зерттеу орталығы таратты.

Қытай Ресейден сатып алатын мұнайдың көп бөлігі теңіз арқылы жеткізіледі. Сарапшылардың айтуынша, "Роснефть" пен "Лукойл" өз өнімінің негізгі бөлігін Қытайға тікелей емес, делдалдар арқылы сатады.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Қытайдың ұлттық мұнай компаниялары — PetroChina, Sinopec, CNOOC және Zhenhua Oil теңіз арқылы жеткізілетін Ресей мұнайын сатып алудан бас тартпақ. Сондай-ақ тәуелсіз мұнай өңдеушілер де санкциялардың салдарын бағалау үшін сатып алуды уақытша тоқтатады деген болжам бар.

Жаңа санкциялар Ресей шикізатын тікелей сатып алушылардың азаюына әкеледі, компаниялар мұнайды сату және танкер жалға алу үшін қаптаған делдалға сүйенуге мәжбүр болады, бұл қосымша шығын келтіріп, қиындықтар әкеледі.

Алайда бұл кідіріс қанша уақытқа созылары да әзірге белгісіз.

Сондай-ақ санкциялардың Қытайға құбыр арқылы жеткізілетін мұнайға (тәулігіне шамамен 900 мың баррель) қалай әсер ететіні де түсініксіз. Бұл мұнай "Роснефть" пен Қытайдың мемлекеттік China National Petroleum Corporation компаниясы арасындағы ұзақмерзімді келісім аясында сатып алынады.

МҰНАЙ САНКЦИЯЛАРЫ ТУРАЛЫ ПЕКИН НЕ ДЕЙДІ?

Пекин АҚШ-тың әрекетіне қарсы шықты. 23 қазанда Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь: "Қытай халықаралық құқыққа негізделмеген және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мақұлдамаған біржақты санкцияларға үнемі қарсы" деп мәлімдеді.

Еуропа одағы ресейлік сұйытылған табиғи газды импорттауға кезең-кезеңімен тыйым салуды мақұлдап, санкция тізіміне Қытайдың Liaoyang Petrochemical және Shandong Yulong Petrochemical мұнай өңдеу зауыттарын қосты.

Сонымен қатар Пекин бұл шешімге байланысты Брюссельге ресми наразылық білдіргенін хабарлады.

"Қытай Еуроодақтың Қытай компанияларына бірнеше рет заңсыз және біржақты санкциялар салған әрекетін қатаң айыптайды және оларды мүлде қабылдамады, — деді Го Цзякунь. — Біз Украинадағы дағдарысты Қытай қалыптастырмағанын бірнеше рет айрықша атап өттік".

ҚЫТАЙ РЕСЕЙ МҰНАЙЫН САТЫП АЛУДЫ ЖАЛҒАСТЫРА АЛА МА?

АҚШ санкцияларының ауқымы өте кең, ал америкалық қаржы жүйесінен ажырау Қытайдың көптеген ірі банкі мен конгломераты үшін өте қауіпті болуы мүмкін.

"Трамп әкімшілігі үшін ең тиімді нұсқа — санкциялардың бірнеше айқын мысалын көрсету, сонымен қатар [Ресей президенті Владимир] Путин келіссөз үстеліне отырған жағдайда Ресей мұнайынан ұзақ уақытқа ажыратылмайтынына Қытай мен Үндістанның көзін жеткізу болар еді" деп жазады Голдуин мен Клэбо Atlantic Council талдау орталығының материалында.

Шектеу күшіне енгенге дейін Ресейдің дайындалуға бір ай уақыты бар. Мәскеудің де, қытайлық компаниялардың да ең қиын сценарийдің алдын алу үшін қолдана алатын бірнеше амалы бар.

Мәскеу бсанкцияларды айналып өтудің түрлі жолдарын бұрынан-ақ тапқан. Ол үшін түсініксіз сауда тетіктерін және "көлеңкелі флот" желісін пайдаланады. Бұл флот ескі кемелерден тұрады, олар белгісіз тулармен жүреді және Таяу Шығыс пен Азиядағы жалған компаниялар арқылы басқарылады.

2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген соң Пекин ірі банктерінің Ресеймен және ресейлік компаниялармен операцияларын шектеді. Бұған дейін Қытай Батыс қаржы жүйесімен және өзінің ұлттық экономикасымен аздап байланысы бар шағын банктерді пайдаланып, санкцияға ұшыраған жеткізушілермен (мысалы Иранмен) сауда жасаған.

Яғни Қытай жыл басынан бері мұнай қорын жинап келгенге ұқсайды.

Пекин өз қоры туралы нақты деректер жарияламайды, бірақ америкалық JPMorgan банкі талдаушыларының есептеуінше, Қытай күн сайын шамамен бір миллион баррель мұнайды болашақта пайдалану үшін резервке жинаған.

Олардың бағалауынша, қазір Қытайдың қоры 1,25 миллиард баррель шамасында және келесі жылы 1,5 миллиард баррельге жетуі мүмкін. Бұл санкциялардың салдарын бағалап жатқан тұста аз уақыт үзілістен аман шығуға мүмкіндік береді. Салыстырар болсақ, қазір АҚШ-тың стратегиялық мұнай қоры - 831 миллион баррельді құрайды.

XS
SM
MD
LG