Биыл Тәжікстан үкіметі бейбітшілік келісіміне қол қойылған Ұлттық бірлік күнін атап өтеуге арналған ешқандай қоғамдық іс-шара өткізбеді.
Бес жылға созылып, 1997 жылы аяқталған азамат соғысы 150 мыңнан астам адамның өмірін қиды және тәжік халқының оннан бір бөлігі бассауғалап шетелге қашуға мәжбүр болды.
Бейбітшілік келісімге үкіметтегі жоғарғы лауазымды орындардың 30 пайызы біріккен тәжік оппозициясы өкілдеріне берілетіні жайлы саяси ереже енгізілген болатын.
Бірақ кейін Тәжікстан елде азаматтық бейбітшілікті қалпына келтіру процесі кезінде ресми түрде тіркелген "Ислам жаңғыру партиясына" тыйым салды.
2015 жылы Тәжікстан Жоғарғы соты бұл партияны "терроршыл" ұйым деп жариялап, оның бірнеше жоғары лауазымды мүшесін лаңкестік іс-әрекетке қатысы бар деген айыппен түрмеге жапты.
Шындығына келгенде, Тәжікстан экономикасы азамат соғысынан кейін бұрынғы қалпына қайта көтеріле алмады, ел халқының басым бөлігі кедейлік тауқыметін тартып өмір сүріп жатыр.
Елдің ЖІӨ көлемінің жартысына жуығы – шетелде, әсіресе Ресейде жұмыс істейтін мигранттардың табысы.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Орталық Азиядағы кедей елді 1992 жылдан бері басқарып отыр. Қарсы пікір білдіргендерді басып-жаншып, елде үкімет органдарын сыбайлас жемқорлық жайлап алғаны үшін Рахмон режиміне үнемі ауыр сын айтылып келеді.
Азаттық Тәжікстанда саяси шиеленістің қалай өршігені, қарулы қақтығыс құрбандары мен бейбітшілікке деген ұмтылысты бейнелейтін фотогалерея ұсынады.
Тәжікстанды қанға бөктірген азамат соғысын тоқтатқан бейбіт келісім
27 маусымда БҰҰ-ның араағайындығымен Тәжікстанда бейбітшілік келісіміне қол қойылғанына 24 жыл толды. Ол келісім Тәжікстанның зайырлы үкіметі мен исламшыл күштер басқарған оппозициялық коалиция арасындағы бес жылға созылған азамат соғысын тоқтатуға жол ашқан еді.

1
Тәжік астанасы Душанбеде 1990 жылы түсірілген суретте Путовский көшесінде билікке наразылар мен үкімет әскері бір-біріне қарама-қарсы тұр. Бұл кез елдің саяси сахнасына алғаш рет исламистердің шығуымен есте қалған айтулы датаға айналды. Ал қантөгіске ұласқан тәртіпсіздіктер 28 адамның ажалына себеп болды. Билік төтенше жағдай жариялап, комендант сағаты тәртібін енгізді.

2
1991 жылғы шілдеде Тәжікстан парламентінің жанында өткен жаппай митингіден кейін саяси шиеленіс ушыға түсті. Шерушілер үкіметтің отставкаға кетуін және Тәжікстан коммунистік партиясының меншігін мемлекет қарамағына алуды талап етті.

3
Совет одағының ыдырау процесімен бірге тәжік ұлтшылдығы да үдей түсті, ал коммунистік билік символдары тапталып жатты. 1991 жылғы 28 қыркүйекте түсірілген суретте тәжік қария Душанбенің орталығындағы совет көсемі Владимир Лениннің құлаған ескерткішіне қарап тұр.

4
Душанбеде 1992 жылы мамырда зорлық-зомбылық оқиғалары белең алып кеткенде үкіметті жақтаушылар билікке қарсы шыққандарды басып-жаншып, жазалады.

5
Ресей әскери базасының танкілері 1992 жылдың жазында Бохтар қаласында (ол кездегі аты – Қорған-Төбе) көшеде тұр.

6
1992 жылы Ходжентте Тәжікстан Жоғарғы кеңесінің 16-сессиясы өтті. Онда Эмомали Рахмон (сол жақта) парламент төрағасы және мемлекет басшысы болып сайланды.

7
Президент гвардиясы сарбаздары жаралыларды Душанбе маңындағы Қорған-Төбедегі баспанаға апара жатыр, 11 тамыз, 1997 жыл. Тәжікстанда бес жылдық қақтығыс барысында 150 мыңнан астам адам қаза тапты.

8
Ауғанстандағы тәжік босқындар. Бес жылға созылған азамат соғысы кезінде халықтың оннан бір бөлігі Тәжікстаннан қашып, шетелге бассауғалап кетті.

9
Ауғанстанның солтүстігінде 1993 жылы тәжік босқындарға арнап салынған Сахи лагері.

10
1997 жылғы қазан айында Ауғанстандағы Мазари-Шарифтен еліне оралып жатқан тәжік босқындар.

11
Мәскеу Тәжікстан үкіметіне көмекке әскер жіберді. Суретте: Ресей бітімгершілік күштері қолбасшысының орынбасары генерал Павел Липский, 16 тамыз 1997 жыл.

12
Кабодиеннің түбіндегі үкімет әскері, 1997 жылғы тамыз айында түсірілген сурет.

13
БҰҰ және Ауғанстан президенті Бурхонуддин Раббанидің қолдауымен Кабулде Тәжікстан үкіметі мен тәжік оппозициясы басшылығы кездесті.

14
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) және ислам оппозициясының жетекшісі Саид Абдулло Нури (оң жақта) Ресей премьер-министрі Виктор Черномырдиннің қатысуымен бейбітшілік келісімге қол қойып отыр, 23 желтоқсан, 1996 жыл. Ортада отырған – БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Герд Меррем.

15
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (оң жақта) және оппозиция жетекшісі Саид Абдулло Нури (сол жақта) жалпы бейбітшілік келісіміне қол қойды, Мәскеу, 27 маусым 1997 жыл. Қол қою шарасына Ресей президенті Борис Ельцин (оң жақтан екінші) де қатысты.

16
Бейбіт келісім бекітілген соң мыңдаған тәжік босқын отанына оралуға мүмкіндік алды. 1997 жылғы қазан айында түсірілген сурет.

17
Азамат соғысы кезінде көрші Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласына қашқан тәжік босқындар 1997 жылғы қазан айында Тәжікстанға оралды.