Accessibility links

Amanat "Әділетпен" бірігу туралы шешім қабылдады

Amanat съезді. Астана, 12 маусым 2026 жыл.
Amanat съезді. Астана, 12 маусым 2026 жыл.

Басқарушы биліктің Amanat партиясы жуырда тіркелген жаңа "Әділетпен" бірігеді. 12 маусымда партияның съезінде осындай шешім қабылданды.

Жиын кезінде мұндай қадам “Қазақстан дамуының стратегиялық міндеттемелерін сәтті жүзеге асыру үшін жинақталған тәжірибе, кадрлық және қоғамдық әлеуетті біріктіруге мүмкіндік беретіні” айтылды.

Партияның төрағасы Ерлан Қошановтың түсіндіруінше, кейінгі жылдардағы өзгерістерге қарамастан халықтың санасында әлі күнге дейін “партияның өткеніне қатысты ассоциациялар” бар. Қазір Amanat дамудың жаңа кезеңіне шықты, елге бірлік пен ынтымақ қажет деді.

Оның айтуынша, Amanat "заман логикасы, мемлекет мүдделеріне және қоғам талаптарына" сәйкес келетін қадам жасауы керек. Ол партия "өз тарихының жаңа бетін ашуы керек" деді.

"Қазір елге жікшілдік емес, бірігудің жаңа тораптары керек. Және осындай жауапты сәтте біз бірігіп, ресурсымызды жаңа "Әділет" партиясына қосуымыз керек" деді Amanat төрағасы.

Партия съезінен кейінгі журналистерге арналған брифингте ол құрылтайға Amanat-тың қазіргі депутаттары да кіруі мүмкін екенін айтты. "Бәрін халық шешеді" деді ол.

Тамызда құрылтай сайлауы өтетіні айтылып жатқан шақта өткен аптада партияның саяси кеңесінің жиынынан кейін 25 жылдан астам тарихы бар “Аманаттың” (бұрынғы “Отан”, “Нұр Отан”) жаңадан құрылған “Әділетпен” бірігуі мүмкін екені айтылған еді.

Бұған дейін сарапшылар түрліше реакция білдірген. Мысалы, саясаттанушы Мәди Омаров “Аманат” пен “Әділеттің” бірігуі ықтималдығын асығыстық деп атаған еді.

Қазақстанда жақында жаңадан құрылған "Әділет" партиясы мемлекеттік тіркеуден өткенін 1 маусымда хабарлаған. Оған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілігін басқарған Айбек Дәдебай төраға болған.

Партия өзін президентті жақтайтын және "әділ Қазақстан" үшін күресетін партия ретінде көрсетеді. Жаңа ұйым "президенттің стратегиялық бағытын институционалдық қолдаушы" болғысы келетінін айтады. Партияның саяси кеңесінде "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, белгілі кәсіпкер Сергей Лаврентьев, балалар омбудсмені Динара Закиева, "Қазақстан" ұлттық арнасының журналисі Ирина Тен, саясаттанушы Марат Шибутов, президент Тоқаевтың жиені Дана Медеуова бар.

Қазір Қазақстанда ресми тіркелген сегіз партия – Amanat, "Ақжол", "Ауыл", Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы, Қазақстан халқы партиясы (коммунистер), "Ауыл", "Байтақ" және "Әділет" бар. 2023 жылғы парламент сайлауында тізімдегі алғашқы алты партия мәжіліске өткен.

Айдар
XS
SM
MD
LG