Алматыда 21 тамызда өтетін аукцион саудасына бір тонна киік (ақбөкен) мүйізі қойылды, бастапқы бағасы – 1,227 млрд теңге, яғни бір келісі 2600 АҚШ долларына тең. Бұл туралы хабарландыру e-Qazyna порталында жарияланды деп жазды Vlast.kz басылымы.
Мүйіз бағасы Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 22 шілдедегі бұйрығы бойынша бекітілген. Осы құжатта киік мүйіздерін сату "Жасыл даму" акционерлік қоғамына жүктелген. Орташа ұзындығы шамамен 25 сантиметр болатын бір тонна мүйіз қазір Алматының Түрксіб ауданында сақтаулы тұр дейді басылым.
Былтыр қарашада Қазақстан киік мүйізін CITES (жойылып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы туралы келісім) аясында үш жыл мерзімге 30 тоннадан аспайтын шекті мөлшерде халықаралық саудаға шығаруға рұқсат алған. Ол биыл 5 наурызда күшіне енді.
Бұл шешім киік популяциясын реттеу және жануарлар дүниесінен алынған өнімдерді заңды түрде сату үшін қабылданған. Қазақстан билігі халықаралық саудаға шығарылатын киік мүйізінің көлемін белгіленген шектен асырмауды көздеп отыр.
Мамыр айының аяғында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев былтыр киік санын реттеу бойынша жоспар толық орындалмағанын мәлімдеген. Сондықтан министрлік шараларды "жетілдіруді" жоспарлап отырғанын айтқан шенеунік.
Әлемдегі ақбөкен популяциясының 98 пайыздан астамы Қазақстан аумағын мекендейді. Киік жойылып кету қаупі төнген жануар ретінде шамамен ширек ғасыр бойы қатаң қорғауда болды. Осы кезеңде аң аулауға толық тыйым салынды.
2023 жылы үкімет елде киік саны тым көбейіп кеткенін айтып, оны атуға рұқсат берді. Билік киік егіс алқаптарын жайпап жатыр деген фермерлерден шағым көп түскенін айтқан.
Былтыр үкімет елде киік саны 3,9 млн басқа жеткенін мәлімдеп, оларды шамамен 750 мың басқа азайту квотасын белгілеген. Ресми мәлімет бойынша, 1 шілде мен 30 қараша аралығында Қазақстан 196 мың бас киіктен "арылған".
Билік киік атуға рұқсат берер алдында жабайы жануарды "Қызыл кітаптан" алып тастаған. Бұл шешімнің алдында Қазақстан жергілікті және халықаралық ұйымдармен браконьерлікпен күресті күшейтіп, қорғалатын жерлердің аумағын кеңейткен еді.
Үкіметтің киік ату және аулау шешімі қоғамда қарсылық туғызып, экологтар мен ғалымдар оған қарсы шыққан. Ауыл-аймақтағы халық дала "қанға боялып", "киік атылған жерінде қалып жатқанын" айтқан.
- Ғылым киік мүйізінен жасалған дәрі-дәрмектің тиімділігін дәлелдемесе де, әсіресе қытай мен тибет медицинасында оған деген сұраныс ерекше.