9 қараша күні Алматы қаласы Наурызбай ауданы аумағында орналасқан "Перзент" деп аталатын жеке қайырымдылық балалар үйінде өрт шыққан. Төтенше жағдайлар қызметі өрт шыққан мекемеде болған 35 бала мен қызметкерлер түгел эвакуацияланып, аумағы мың шаршы метр болатын өрт сөндірілгенін хабарлады.
Өрттен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Қала әкімдігінің мәліметінше, балалар үйінің тәрбиелеушілері мен қызметкерлері уақытша сауықтыру санаторийіне жайғастырылып, тамақ берілген, киім-кешек, азық-түлік және жеке гигиена заттары жеткізілген.
"Балалар қауіпсіз орындарға орналастырылды, оларға қажетті көмек пен қолдау көрсетіліп жатыр", - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Өрт болған жерге Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, қоғамдық кеңес өкілдері, Наурызбай ауданының қамқоршылық қызметі, отбасыны қолдау орталығы мен балаларды қолдау орталығының өкілдері барған.
Өрттің шығуына не себеп болғаны әзірге белгісіз.
"Перзент" – жеке қайырымдылық қор қамқорлығындағы балалар тәрбиеленетін мекеме. Оның директоры Әмина қажы Әжібаева жексенбі күні болған өрт кезінде мекемедегі балалар мен қызметкерлерге көмекке келгендерге алғыс айтты.