Accessibility links

"Режимнің ұзақ өзгермегені ұқсайды"


Алжирдегі жаппай толқудың бір көрінісі. Алжир қаласы, 5 наурыз 2019 жыл.
Алжирдегі жаппай толқудың бір көрінісі. Алжир қаласы, 5 наурыз 2019 жыл.

Қазақстандық саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, үкіметке қарсы наразылыққа шыққан Алжир мен қазіргі Қазақстанның саяси құрылымында ұқсастық көп. Араб елдерінің саяси жүйесін зерттеуші және Қазақстандағы транзиттік кезең туралы кітаптың бірлескен авторы Азаттыққа берген сұхбатында екі бөлек құрлықта орналасқан, тарихы басқа елдерге ортақ сипат туралы әңгімеледі.

Алжир халқы жаппай наразылыққа шығып, елді 1999 жылдан бері басқарып отырған 82 жастағы президент Әбделазиз Бутефликаның биліктен кетуін талап етті. Билік алты жыл бұрын инсульт алған, қазір көпшілік алдына шықпайтын мемлекет басшысының (ақпарат бойынша, ол қазір швейцариялық емханада комада жатыр) тағы да сайлауға түсетінін мәлімдегенде ондаған мың алжирлік көшеге шықты.

Ақпанда басталған наразылық елдің аймақтарына жайылып барады. Наурыздың 5-і күні мыңдаған студент: "Әй, Бутефлика, бесінші рет сайланбайсың!" деп ұрандап, үнсіз қалмайтындарын мәлімдеді. Наурыздың 6-сы күні билік астананың орталығына су атқыштар мен полиция көліктерін әкелді.

Бутефликаның өзі сәуірде болатын сайлауда жеңіске жетсем, «ұлттық конференция өткіземін» деп мәлімдеді, солайша жаңа сайлау уақытын белгілемек, өзі оған қатыспайды. Президентке адал саясаткерлер "тұрақтылық" үшін тыныштық сақтауға шақырды.

Ұзақ уақыт Бутефликаны қолдап келген, Алжир тәуелсіздігі үшін соғысқан ардагерлерден құралған ұйым кенеттен наразылар жағына шықты. "Алжир қоғамының міндеті – көшеге шығу" деп мәлімдеді ұйым өкілдері. Мұндай ауқымды толқу Алжирде "Араб көктемінен" кейін болған емес.

2000 жылдары Қазақстанның Таяу Шығыстағы (БАӘ, Израиль, Ливия) дипломатиялық өкілдіктерінде жұмыс істеген, Қазақстанның саяси келешегі туралы еңбектерге («Коктейль Молотова. Анатомия казахстанской молодежи» және «Сумеречная зона. Ловушки переходного периода») тең автор болған Расул Жұмалы Азаттыққа берген сұхбатында наразылық себебін талқылап, Алжир мен Қазақстандағы жағдайды салыстырды.

Азаттық: Билікте 20 жыл отырған президенттің қайтадан сайлауға түсу туралы ниеті неліктен Алжир халқының ашу-ызасын тудырды?

​Расул Жұмалы: Алжирдегі жағдай үздіксіз ушығып, өршіп келеді. Кем дегенде соңғы 40 жылда сондай үрдісті байқаймыз. Халықаралық БАҚ көзқарасы тұрғысынан алғанда соншалықты маңызды саналмайтын Алжирдегі жағдай әлемдік қауымдастық назарына іліне бермейді. Бұл елдегі жағдайға, біріншіден, әлемде мұнай бағасы арзандаған соң алжирліктердің әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлауы ықпал етті. Елдің экономикалық көрсеткіші, әлеуметтік жағдайы нашарлады, әсіресе, жастарға қиын тиді.

Екіншіден, осымен бесінші рет сайлауға түскелі отырған Әбделазиз Бутефликадан халық шаршады. Ол дімкәс, алжирліктердің көбі оның жағдайды бақылай алатынына, іске жарамды екеніне күмәнданады. Соған қарамастан Бутефлика өз уақытында беделді әрі ымырашыл тұлға болды.

Расул Жұмалы, саясаттанушы
Расул Жұмалы, саясаттанушы

Үшінші фактор – елді жайлап алған сыбайлас жемқорлық. Ол бұрын да байқалатын, ал қазір президент жағдайды бақылаудан қалып, билік ұры-қары жайлаған элитаның қолына көшкенде жағдай ушығып кетті. Алжир соншалықты кедей ел емес, бірақ жемқорлық шектен шықты. Алжирдегі адам басына шаққандағы табыс Африка бойынша ең жоғары: қателеспесем, 13-14 мың доллар болса керек.

Азаттық: 2011 жылы "Араб көктемі" кезінде де Алжирде наразылық болған. Басқа көрші елдердің басшыларынан айырмасы, Бутефлика ол кезде билікте қалып еді...

Расул Жұмалы: Бутефлика ол кезде әскери төтенше жағдайды алып тастады (19 жыл болған), біраз жұмсақтық танытты. Жеке беделі мен алжир қоғамының сенімі билікте қалуына көмектесті. Неліктен? Бутефлика – Алжирдің Франциядан тәуелсіздігін алу жолында күрескен қаһармандардың бірі.

Экскурс жасап көрсек: 1980 жылдардың соңында елде діни радикалдық қозғалыстар қатты көбейді, олардың ойынша, Алжир клерикалдық діни режимді ұстануы керек еді. 1990 жылдардың басында әсіредіншілдер Судан, Йемен мен өзге де араб елдері сияқты сесті саяси күшке айналды.

1991 жылы демократиялық парламенттік сайлауда "Ислам құтқару майданы" партиясы заңды жолмен жеңіске жетті. "Алжир қай бағытпен жүреді: зайырлы ма, әлде радикалдық па?" деген таңдау тұрды. Билік сайлау нәтижесінің күшін жойды, елде нағыз азаматтық соғыс басталды, кем дегенде 100 мың адам опат болды, соғыс 10 жылдан астам уақытқа созылды.

Алжир президенті Әбделәзиз Бутефлика арбада отыр. Алжир қаласы, 9 сәуір 2018 жыл.
Алжир президенті Әбделәзиз Бутефлика арбада отыр. Алжир қаласы, 9 сәуір 2018 жыл.

Соңында елде әскери жағдай жарияланды. Әскерилер билікті қолына алды. Осылайша әскери аристократияның қолшоқпары, ұлт-азаттық қозғалыс батыры Әбделазиз Бутефлика билікке келді. Ол Алжир қоғамы үшін ымырашыл тұлға ғана емес, елдің діни экстремизмге ұрынбайтынына кепіл болды.

Осы уақыт ішінде (кейбір кемшіліктеріне қарамастан) Бутефлика қоғам үшін баламасы жоқ тұлға саналды, түрлі саяси күштерді бірге ұстай алатын, Алжирдің діни режимдерге өтіп кетпеуіне ықпал ететін жалғыз адам сияқты көрінді. Не Бутефлика қалады, не мемлекет Сирия, Ливия, Суданның күйін кешеді десетін.

Сондықтан наразылық көңіл-күйге қарамастан Бутефлика алдыңғы төрт сайлауда басым дауыс жинады. Оған балама тұлға болмады. Оның үстіне әскери жағдай кезінде зайырлы оппозициялық қозғалыс сақталды. Жасырын әрекет еткен әсіредіншілдер күшін жоғалтқан жоқ. Билік шылбырын босатып алған Египетте, Ливияда осындай әсіредіншілдер үстемдік ете бастады.

Қартайған, сырқат меңдеген адамға қасындағылар: "Сіз болмасаңыз, бәрі құриды" деп сендіреді.

Қазіргі алжир қоғамы қиын жағдайда тұр. Мәселе бар, бірақ Бутефликаның жемқор билігі жағдайды өз мүддесі үшін пайдаланып отыр. "Кемшілік бар, мінсіз емеспіз, бірақ біз кетсек, әсіредіншілдер келеді" деп қорқытады.

Бутефликаның өз басы билікте қалуға құштар емес сияқты. Ол шаршағанын бірнеше рет айтты, бірнеше операцияны өткерді, инсульт алды, соған қарамастан маңындағылар оны жібермейді. Брежневтің соңғы жылдарындағы кезі еске түседі. Қартайған, сырқат меңдеген адамға қасындағылар: "Сіз болмасаңыз, бәрі құриды" деп сендіреді. Сондықтан да ауруханада жатқан Бутефлика бесінші рет сайланатын ойы бар екенін мәлімдеді.

Азаттық: 2008 жылы Алжирдің конститутциясына түзету енгізілді, Бутефликаның билікте екі мерзімнен артық қалуына рұқсат берді. Одан бір жыл бұрын Қазақстандағы негізгі заңды өзгертіп, бірінші (әзірше жалғыз) президенттің сайлану мерзіміне қатысты шектеуді алып тастады. Алжир туралы айтқанда оппозицияны тазарту, еркіндікті шектеу туралы айттыңыз. Алжир мен Қазақстанның қазіргі тарихтары ұқсас сияқты ма?

Расул Жұмалы: Режимнің өзгермей тұрғаны жағынан келсек, ұқсастық айқын байқалады. Алжирдің көршілеріне қарағанда салыстырмалы түрде бай, ауқатты көрінетіні де ұқсайды. Ішкі мәселелер, жемқорлық, ұлттық игілікті тең бөлмеу, пайданың көбі жоғарыдағылардың қолына тиетіні, халыққа жетпейтіні, ауыл жастарының аянышты күйі (жұмыссыздық, әлеуметтік мәселелер, эмиграция бір кездері "Араб көктеміне" ықпал етті), яғни, жемқорлық пен халықтың қазіргі саясатқа наразылығы ұқсайды.

Үшіншіден, онда да, бізде де билік ықтимал қауіпті алға тартып, бопсалауға тырысады. Олар тұрақтылыққа екпін салады – "ең алдымен тыныштық болуы керек, тұрақтылық кетсе, билік ауысса, жағдай нашарлайды" дейді.

Алжирге келсек, олар діни экстремизммен қорқытады. Біздің тізім одан ауқымды, экстремизм, сыртқы ойыншылардың ықпалы (ең алдымен, Ресей мен Қытай) айтылады. Президенттің өзі бірнеше рет өзінен кейін жағдай қиындайтынын тұспалдады. Бұл тұрғыдан алғанда да ұқсастық бар. Билік мәселенің бар екенін мойындайды, бірақ басқа ойға берілмей, күте тұруға шақырады.

Билік пен қоғам арасындағы коммуникаторлар барынша әлсіз.

Бутефликаға келсек (өз бетімен мәлімдеме жасауға шамасы келмейді, оның сөзін баспасөз хатшысы немесе басқа ресми тұлғалар оқып береді), негізгі айтар ойы мынандай: "Иә, елде проблема бар, бірақ шыдамды болайық, әйтпесе Алжир Сирияның күйін кешеді". Мұндай аргументті Алжирдің премьер-министрі айтты. Біздің жоғары лауазымды шенеуніктер де осылай дейді, "Украина не Қырғызстанның күйін кешкілерің келе ме" деседі.

Азаттық: Алжирдегі жағдай қалай өрбуі мүмкін? Екінші "Араб көктеміне" ұласпай ма?

Расул Жұмалы: Әбден мүмкін. Билік бұрынғыдай мықты емес. Қоғам наразы. Байлар мен кедейлер, салыстырмалы түрде табысты қалалықтар мен ауыл тұрғындары, маргиналданған жастар мен ауқатты тап, "әсіредіншілдер" мен зайырлы бағытты қолдаушылар. Алжир қоғамында мұндай бөлініс көп.

Бербер азшылығы іштей сепаратизм жасауы мүмкін. Олардың ойынша, құқықтары тапталып жатыр, мемлекетті басқарудан шеттетілген, экономикалық игіліктен құр қалған, сондықтан арасында көтеріліс жасап қояды. Билік әлсіз, жағдайды бақылап тұруы қиын.

Көзім жеткені (Алжирде болғанмын) ол жақта зиялы қауымның, жастардың, қалалықтардың зайырлы көзқарасы діншілдерден басым түседі. Діни ұстаным ауылдық жерлерде, депрессиялы аудандарда, Сахарада басым. Олар жемқорлық салдарынан шешілмеген мәселелерді алға тартады, жұмыссыздық пен кедейлікті сылтау етеді.

Азаттық: Қазақстан билігі Алжирдегі жағдайға қарап, ой қорытуға тиіс пе?

Расул Жұмалы: Байқауымша, тиісті құрылымдар айғайлап айтпаса да, осындай жағдайларды қарап, бағамдап отыр. Украина, Қырғызстан, Грузия, Армения мен "Араб көктемін" айтамын. Олар тіпті өте мұқият бақылап отырған тәрізді. Бірақ оның нәтижесі байқалмайды.

Бұрынғыдай командалық басқару, "Бәрі жақсы, тұрақты" деген ұстаным басым түсіп тұр. Ол адасу деп ойлаймын. Жоғарыда ақпаратты талдайтын адамдар шалағайлық танытады, елдегі нақты шешім қабылдайтын тұлғаларға ақпаратты өлшеп жеткізеді.

Билік пен қоғам арасындағы коммуникаторлар барынша әлсіз. Коммуникатор дегеніміз – парламент, азаматтық қоғам институттары, тәуелсіз БАҚ. Қандай да бір мәселе туғанда (мысалы, көп балалы аналардың наразылығы) коммуникацияның ақау бергенін көреміз. Билік қандай реакция жасау керектігін білмейді. Ол өрт сөндіруші сияқты, біресе ана жердегі, біресе мына жердегі өртті сөндіреді, бірақ оның себебін атай алмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG