Accessibility links

Орталық Азияда су проблемасы шешілмей отыр


28 шілде күні Өзбекстанның трансшекаралық «Достық» каналынан Қазақстанға келетін судың мөлшері қысқарып, келіссөзде көрсетілгендей секундына 85 текше метрдің орнына 65 текше метрге дейін түсіп кетті.

Осының алдында ғана вице-премьер Өмірзақ Шүкеев, Өзбекстанның премьер-министрінің орынбасары Рустам Азимовқа хат жазып, «егер канал арқылы Қазақстанға келетін су тиісті мөлшерінде болмайтын болса, Қырғызстаннан электр қуатын сатып алуды тоқтатамыз» деп ескертті.
Осы хаттан соң, өзбек жағы тиісті шараларды қолға алып, судың мөлшерін едәуір ұлғайтқан болатын. Дегенмен, «Достық» каналы арқылы келетін суды пайдаланып отырған қазақстандық диқандардың қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Бұл әсіресе мақта егумен айналысып отырған шаруа қожалықтарын қатты алаңдатып отыр.

Көктемдегі жауын-шашын мөлшерінің аз болуы бір бүйірден қысса, қайта-қайта азая беретін «Достықтың» суы екінші бүйірінен қысып, соның салдарынан егін алқаптарының біржола қурап кету қауіпі Оңтүстік Қазақстанның диқандарын екіұдай күйге түсіріп қойды.
Әзірше бұл мәселенің қалай шешілетіндігі туралы ресми органдар ауыз ашқан жоқ. Тек Өзбекстанның Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Шавкат Хамраев сол елдің ақпарат құралдарына берген сұхбатында:
- «Тоқтағұл» су қоймасы жоба бойынша суару қабілетін арттыруы тиіс, бірақ, ол керісінше екі есеге қысқарды. Сөйтіп, көрші мемлекеттердің ауыл шаруашылығына үлкен зиян келтірді. Соңғы бес жылда Қырғызстанның энергетика жүйесі коммерциялық мақсатта 5 миллиард кВт электр қуатын өндірді. Сол арқылы қоймадан 6 миллиард текше метр суды қосымша шығындады. Су қоймасындағы су деңгейін төмендету арқылы олар өздерін де, көрші елдерді де су тапшылығына ұрындырды. «Тоқтағұл» ГЭС-ін пайдалана отырып, Қырғызстан ішкі проблемаларын Өзбекстан мен Қазақстанның су пайдаланушылары есебінен шешіп алуды көздейді.
Таяуда Қазақстан тарапынан «Достық» каналындағы су мөлшеріне байланысты мәселе көтерілген кезде, Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Анатолий Рябцев Шымкент қаласында жасаған мәлімдемесінде, «өзіміз ақша төлеген суды кедергісіз алудың орнына, біреулердің алдында жалынуымыз керек пе? Мен мұны біздің бетімізге түкіргенмен бірдей деп бағалаймын. Осы жағдай орын алған соң, біз Тәжікстан мен Өзбекстандағы әріптестерімізге дүйсенбіге дейін уақыт береміз. Немесе, Қырғызстаннан электр қуатын алуды тоқтатамыз» деп наразылық айтқан болатын.
Қырғызстанның «Тоқтағұл» су қоймасынан бастау алып, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттері арқылы Қазақстанға келетін судың мөлшерінің тиісті деңгейінен қысқаруы Оңтүстік Қазақстан облысының диқандарына зиян тигізуде. Шымкент облысына қарасты Жетісай ауданы, Мақтаарал ауылының тұрғыны Сайлау Мырзаев бұл мәселені былайша баяндап берді:
- Өткенде судың мөлшері біршама көбейген болатын. Бірақ, онда да бұл суды қарапайым адамдар өздерінің егістіктеріне толық пайдалана алмады. Біздің ауданда мақта шаруашылығымен айналысып жүрген бірнеше монополист бар. Солардан артылған суды керегімізге асырдық. Мақтамыз күйіп кетсе де, «сендердің бұларың дұрыс емес» деп оларға айта алмаймыз. Себебі, біздің ауылда өз бетінше мақта егетіндердің барлығы мақта магнаттарынан көктемде жерге себетін тұқым, жанар-жағармай алады. Ал қарызды мақта күйінде қайтарамыз.
Биыл жағдайдың қандай болатыны бір Құдайға ғана белгілі. Біріншіден, мақтаның біраз бөлігін құрт жеп қойды, екіншіден, су тапшы болып тұр. Әр гектардан алатын өнімім үш тоннандан аспайтын болса, онда ерте көктемнен басталған бейнетім босқа кетті деп есептеуге болады. Канал арқылы қанша текше метр су келіп жатқанын білмеймін. Бірақ, жылдағыдан бірнеше есе аз сияқты. Шілде шыққалы бері егістікті екі-ақ рет суғардым. Бұл өте аз.
Мамандардың айтуынша, «Тоқтағұл» су қоймасына құятын судың мөлшері 2007 жылмен салыстырғанда 1,1 миллиард текше метрге азайған. Сонымен қатар, Орталық Азия мемлекеттері су тапшылығын ғана емес, энергетикалық дағдарысты да басынан кешіріп отыр. Биыл қыста Тәжікстандағы энергияның жетіспеушілігі осының дәлелі. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы «Тоқтағұлға» келіп құйған судың мөлшері 5,25 миллиард текше метрді құраған. Ал энергияға деген сұранысты қамтамасыз ету үшін, 7,41 миллиард текше метр су керек. Ал оның орнына қоймадағы 2,16 миллиард текше метр су өндірілді.
Сарапшылар Орталық Азиядағы су мәселесінің шешілмеуін, басшылардың бір-бірімен келісе алмай жатқанымен байланыстырады.
Су Орталық Азиядағы нөмірі бірінші проблемаға айналып отыр. Үш мемлекеттің өкілі 8 шілде күні Ташкент қаласында кездесіп, осы мәселеге байланысты бірқатар міндеттерді орындауға келіскенімен, «Достық» каналы арқылы келетін судың мөлшері бірде азайып, бірде көбейіп, тұрақтанбай-ақ қойды.
28 тамыз күні Душанбе қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің кезекті саммиті өтеді деп жоспарлануда. Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары көтеретін мәселелердің қатарында Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан сияқты мемлекеттерге жетпей жатқан «Тоқтағұл» суы да күн тәртібіне енгізілмек көрінеді. Кейбір сарапшылардың айтуынша, Орталық Азия мемлекеттері су проблемасын өздерінің арасында шеше алмағандықтан, ұйымның басты ойыншылары болып саналатын Ресей мен Қытайдың ықпалы арқылы осы мәселені бір жақты етіп шешуге тырысып көрмек.
Ұлттық зерттеу институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында, Орталық Азиядағы су мәселесінің ушығуының астарында саясат жатқанын айтып берді:

XS
SM
MD
LG