Accessibility links

Қазақстан телеарналарын көре алмайтын қазақ ауылдарында балалардың тілі өзбекше шығып жатыр


Ауыл тұрғындарының телеқабылдағышпен тек Өзбекстан телеарнасының хабарларын көруге мүмкіндіктері бар. ОҚО, Қазығұрт ауданы, Жіңішке ауылы. 2 қазан 2009 жыл.
Ауыл тұрғындарының телеқабылдағышпен тек Өзбекстан телеарнасының хабарларын көруге мүмкіндіктері бар. ОҚО, Қазығұрт ауданы, Жіңішке ауылы. 2 қазан 2009 жыл.

Қазығұрт ауданындағы Жіңішке ауылының тұрғындары төрдегі тележәшіктің құмырсқадай жыбырлаған экранына қадалып, дыбысына құлақтарын тосады. Есесіне мұнда көршілес Өзбекстанның телеарналары мен радиолары сайрап тұр.

Оңтүстік Қазақстандағы Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Жетісай, Мақтарал, Түркістан және Бәйдібек аудандарындағы бірқатар ауыл тұрғындары қазақстандық телеарналарды көре алмайды. Аймақтағы 900 елдімекеннің оннан астамы ауылға электр жарығы жеткізілмегендіктен теледидар дегенді мүлдем білмейді. Ал Өзбекстанмен шекаралас ауылдардың халқы сол елдің телехабарларын ғана тамашалауға мәжбүр.

ЖІҢІШКЕНІҢ ХАЛҚЫ СУРЕТІ ЖОҚ «ХАБАР» ТЕЛЕАРНАСЫН ҚАРАП ОТЫР


Дүйсебековтер отбасы елде болып жатқан жаңалықтардан мүлдем хабарсыз. Ауылдағы жалғыз ақпарат көзі – «Хабар» телеарнасы. Онда та, тұрғындар көгілдір экраннан бұл телеарнаның бейнесюжетін көре алмайды, тек дыбысын ғана естуге мәжбүр. Отағасының айтуынша, ауыл ақсақалдары арыз жазып, қақпаған есігі қалмағанымен, одан әлі еш нәтиже жоқ.

Құралбай Дүйсебеков, Жіңішке ауылының тұрғыны, ОҚО, Қазығұрт ауданы. 2 қазан 2009 жыл.
– Міне көріп отырсыздар. Теледидардың беті быжырлап, суреті жоқ, тек «Хабардың» үнін ғана естиміз. Онда да бізде шамалы шығады ғой. Басқа жұртта тіпті бұл да жоқ. Ал Өзбекстанның оншақты телеканалы бар. Олардың хабарлары бізде керемет көрсетеді. 60 жылдан бергі көрген күніміз осы. Олар да көбіне қытай мен кәрістің атыс-шабысқа толы киноларын көрсетеді. Бұдан біздің балалар қандай тәрбие алады дейсіз? Өзіміз болсақ қаладан ат шаптырым ғана жерде тұрып жатырмыз, – дейді Жіңішке ауылының тұрғыны Құралбай Дүйсебеков.

Жасы алпысты алқымдаған ақсақал осынау маңызды мәселе осы күнге дейін шешімін таппай келе жатқанын айтып қынжылады. Ауылды мекендейтін 150-ден астам отбасы жаппай арыз жазып, облыстың билік басшыларына жолдапты. Қария бұл жайттың тек қағаз бетінде қалуы, өңірдегі атқамінерлердің осы
Жіңішке ауылы, Қазығұрт ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 2 қазан 2009 жыл.
мәселеге атүсті қарауынан деп біледі.

– Тәуелсіздігімізді алдық деп қуанғанымызды қайтейік?! Біз бір ұмыт қалған материк секілді болдық. Өзбекше хабар көрген балаларымыздың да тілі сол тілде шықты. Оған кім кінәлі екен? Өткенде ауылдың тұсында ұшақ құлап, 10 әскери мерт болыпты. Біз сол туралы бір апта өткен соң, ауызашарға барып, өзге жұрттан бір-ақ естідік. Осыдан кейін қалай ішің күймейді? Билік бізді тіпті ұмыт қалдырған-ау шамасы. Бізді түк білмесе, тыныш ұйықтайды дейтін шығар, – дейді мысқылмен Құралбай ақсақал.

«ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ АТЫ КІМ ЕДІ?»

Құралбай қарттың осы ауылдың шетінде тұратын немере інісі Тұрапбай Дүйсебековтің де билікке деген өкпесі қара қазандай. Ол бұл жағдай, ең алдымен қаншама қазақты өзге тілде тәрбиелеп жатқан билік басындағылар үшін сын деп есептейді. Ауыл азаматы «қазіргі облыс әкімінің кім екенін білесіз бе?» деген сұраққа жауап таппай дал болды.

Тұрапбай Дүйсебеков, Жіңішке ауылының тұрғыны, ОҚО, Қазығұрт ауданы. 2 қазан 2009 жыл.
– Таңертең «Хабардың» дыбысын сәл естиміз. Сонымен бітті. Сағат 11-лерде өзбек арнасы орнын басып алады. Олардың мықтылығын айтсаңшы?! Ауылда жағдайы жеткендер спутник орнатып алған. Олар орыстың тәрбиесімен жүр. Міне қызық! Осылайша, еліктеумен күн өтіп жатыр. Ал сайлау кезінде ғана қарасын көрсететін депутат дегендерден осындағы халыққа қайран жоқ, – дейді Тұрапбай Дүйсебеков.

Өзбекстанмен шекаралас жатқан Жіңішке ауылындағы проблема жалғыз бұл емес көрінеді.

– Ауыл халқы таза суды пәлен шақырым жерден тасып ішеді. Су жоқ. Жолдың сиқы мынау. Шаң-тозаңы бетіне көтеріліп жатыр. Телефон дегенді тіпті айтпай-ақ қояйын. Байланыс көзінің қарасы көрінбейді. Газ
Әзиза Дүйсебекова, Жіңішке ауылының тұрғыны, ОҚО, Қазығұрт ауданы. 2 қазан 2009 жыл.
болса да жоқ. Пәленбай ақшаны ысырап қылып, темірлерді таңып қойды да ғайып болды. Біз осы бұл елде біреуге керекпіз бе? Әлде босқа қазақтың санын қағаз бетінде ғана көбейтіп жүрміз бе? – дейді Әзиза Дүйсебекова.

АҚСАҚАЛДАРДЫ ҰРПАҒЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ АЛАҢДАТАДЫ

Ауыл ақсақалдарының да айтар уәжі бір. Қазығұрт ауданы Жіңішке ауылының тұрғындары ақпаратқа сусап отырған халықтың сұранысын айтып, соңғы 15 жылдан бері әртүрлі деңгейдегі билік орындарына шағымданумен келеді екен. Бірақ, одан шыққан нәтиже шамалы көрінеді. Бұл аймақта телеарна да, радио да қазір тек өзбек тілінде сөйлейді.

Махмұтхан Әріпбайұлы, Жіңішке ауылының тұрғыны, ОҚО, Қазығұрт ауданы. 2 қазан 2009 жыл.
– Шағымданғаннан пайда жоқ екенін білдік. Қазір тіпті биліктің құрғақ уәдесіне сенбейтін болдық. Анда-санда «Хабар» мен аудан орталығында «Қазақстан» телеарнасы белгі беріп қояды. Басқалары бар екенін ғана білеміз. Бірақ көрген емеспіз. Біз тек «Алға, Нұр Отан!» деп ұрандатамыз, – дейді Махмұтхан Әріпбайұлы.

Оның сөзіне өзге қариялар да қосылды.

– Совет одағы кезінде ең болмаса орысша хабарларды көріп өскен едік. Қазір тіпті оған да зар болып қалдық. Бізді қойшы, жасарымызды жасадық, асарымызды асадық. Бұл болашақ жастарға деген барып тұрған қиянат. Радионы қосса да, тек қана өзбекше хабарлар сайрайды. Теледидарды қосса да қазақтың қарасы көрінбейді. Қазақша хабар көруге зармыз. Бұған ел ағалары қазір назар аудармауда. Бірақ қай нәрсенің болса да, болашағына үңілу керек. Бесігімізді түземесек, қайтып ел болып, көгереміз? – дейді ауыл ақсақалы Жахан Тастанұлы.

ҚУАТЫ КҮШТІ ӨЗБЕК ТАРАТҚЫШТАРЫ

Қазақстан аумағында радиотелехабарларды таратумен айналысатын «Қазтелерадио» акционерлік қоғамының Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалының айтуынша, бекітілген мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, тұрғын халықты елдегі екі мемлекеттік телеарнамен қамтамасыз ету ғана қолға алынған. Олар – «Хабар» және «Қазақстан» ұлттық телеарнасы.

Алайда соның өзінде аталған арналардың хабарын барлық елдімекендерге толық жеткізуге техникалық тұрғыдан мүмкіндік болмай отыр екен. Ал Бәйдібек ауданындағы Үкітас, Түркістандағы Егізқара ауылдары секілді оннан астам шалғайдағы елдімекендерде жарықтың
Жіңішке ауылының халқы телеарна толқынын қабылдағышты қанша биіктеткенімен нәтиже шамалы. ОҚО, Қазығұрт ауданы, Жіңішке ауылы. 2 қазан 2009 жыл.
мүлдем жоқтығынан телемұнара деген атымен жоқ.

– Облыс бойынша 90 пайыздан астам тұрғындар міндетті екі мемлекеттік телеарнаны көреді. Ал коммерциялық телеарналар оған қосылуға ниет білдірмей отыр. Оның себебі, ең алдымен, тиімсіздігінен болар. Оның үстіне бұл – қымбат. Олар тендерге қатысып, толқынға қол жеткізу керек. Қымбат бағалы қондырғы орнатулары керек. Жалға алу жағы тағы бар. Қызмет көрсету үшін де ақы төлеу керек. Осының бәрі себеп. Біздің жұрт теледидардағы барлық хабар тап-таза әрі тегін көрсетсе екен дейді. Қазір заман басқа. Ақысыз дүние жоқ, – дейді «Қазтелерадио» акционерлік қоғамының ОҚО филиалының аға инженері Фуркат Рашидов.

Маманның айтуынша, қазіргі Қазақстан тележүйесінің әбден тозығы жеткен. Оны жаңартып, дамыту жағы тоқтап тұр. Облыс аумағында Совет одағы кезінде 40 таратқыш болса, қазір оның саны әупірімдеп жүріп екі есеге ғана артқан.

Жіңішке ауылының ақсақалдары. ОҚО, Қазығұрт ауданы. 2 қазан 2009 жыл.
Халықты сапалы дүниемен қамтамасыз етудің бірден бір жолы – жаңа үлгідегі сандық телеарнаға көшу. Алайда бұл болашақтың еншісінде. Ол үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет. Бүгінде Шымкент қаласында, жергілікті телеарналарды қоса есептегенде, барлығы 14 телеарна қызмет көрсетеді. Екеуі мемлекеттік те, қалғандары жеке меншіктің иелігінде.

– Бұл тұста көрші Өзбекстан әлдеқайда озық. Олардың біздің толқынды оңай ығыстыруы да сондықтан. Елімізде әлі аналогты тележүйе ғана бар. Таратқыштың қуаты 100 Вт қана. Олардікі 25 кВт. Есептей беріңіз күшін. Көрсетілімді жақсарту үшін жұрт сапалы антенна қоюы керек. Біз үшін телемұнарларды жаңарту да тиімсіз. Егер ертеңгі күні сандық телевидениеге көшіп жатсақ, оларды қоқысқа тастауға тура келеді. Жіңішке ауылындағыдай жағдай Өзбекстанмен шекаралас өзге ауылдарда да кездеседі. Таулы аумақтар тағы бар. Қалған халыққа екі мемлекеттік телеарна жеткізілген, – дейді «Қазтелерадио» акционерлік қоғамының ОҚО филиалының аға инженері Фуркат Рашидов.

Жаңа заманға лайықты сандық телеарнаға көшу үшін жалпы жүйені жаңартумен қатар әрбір отбасы теледидарын да жаңалауы керек екен. Немесе ескі теледидарға бағасы шамамен 100 АҚШ доллары тұратын қосымша қондырғы орнату керек.

Ал әзірге Оңтүстік Қазақстан облысының кейбір елдімекендерінде тұрғындар үйінің төріндегі теледидардан көрші Өзбекстанның хабарларын тамашалаумен отыр.
XS
SM
MD
LG