Accessibility links

Михалковтың фильмі жайлы пікірлер Ресейде көпірме отаншылдықтың күні өтіп бара жатқанын аңғартады


«Утомленные солнцем 2» фильмінен көрініс. Басты рөлде ойнаған актер әрі фильмнің режиссеры Никита Михалков.
«Утомленные солнцем 2» фильмінен көрініс. Басты рөлде ойнаған актер әрі фильмнің режиссеры Никита Михалков.

Никита Михалковтың «Утомленные солнцем 2» фильмі Ресейдегі бастапқы көрсетілімінде-ақ сәтсіздікке ұшырады. Киносыншылар шовинизм мен озбыр ел билеушілерді аңсаудан көрерменнің көңілі суый бастағанын айтып отыр.


АВТОРИТАРИЗМ ҚАЗІР КӨПШІЛІККЕ ҚЫЗЫҚТЫ ЕМЕС

Биыл экранда алғаш рет көрсетілген Никита Михалковтың «Утомленные солнцем 2» қойылымы кассалық кірісі жөнінен Ресей киноөнеркәсібінің ең қымбат тұратын сәтсіздігіне айналды деп жазады «Гардиан» газеті.

Кремльдің әлпештеген актері әрі кинорежиссёр Никита Михалков екінші дүниежүзілік соғыс туралы өзі түсірген «Утомленные солнцем 2» фильмі қоюшылардың үмітін ақтамай, сәтсіздікке ұшырағанына абыржып жүр. Оған енді мамыр айында өтетін Канны кинофестивалінде бұл фильм туралы жылы лебіздер айтылып қала ма деп үміттенуден басқа шара қалмады деп жазады басылым.

Бұл жаңа фильм Иосиф Сталиннің қанқұйлы билігі заманын суреттейтін әрі «Оскар» жүлдесін ұтып алған «Утомленные солнцем» фильмінің жалғасы болып табылады. Соңғы қойылымда Михалков қуғын-сүргін құрбанына айналған Қызыл Армия генералы Сергей Котовтың рөлін ойнайды.

Кино нацистердің Ресей аумағына басып кіруі төңірегінде сыр шертеді. Бұл жолы Сергей Котов неміс бомбалаушы авиациясы шабуылының арқасында ГУЛАГ жүйесіне енетін түрмеден бостандыққа шығады. Бұдан кейін ол өз Отанын фашистерден қорғауға
60 жасқа толған режиссер Никита Михалковты (оң жақта) сол кездегі Ресей президенті Владимир Путин құттықтап тұр. Мәскеу, 21 қазан 2005 жыл.
аттанады.

Алайда, Ресейдің киносыншылары бұл фильмге «өте нашар» деген баға берді. Олар кино жайлы «тым бояма және өтірігі көп» деп отыр. Өзінің блогында киносыншы Юрий Гладильщиков фильмдегі мен нағыз майданда болған іс-әрекеттің арасы жер мен көктей алыс деп айтқан майдан ардагерлерінің сөзін келтірген деп жазады газет.

«Көрерменнің бұл фильмді жақтырмауының көптеген себептері бар», - деп жазады Юрий Гладильщиков. Ол фильмнің ұрыс алаңындағы адамгершілікке жатпайтын натурализмін, оның православиені әсіре түрде әспеттеп кететінін әрі Котовтың қызының рөлінде ойнаған Михалковтың қызы Надяның омырауын жалаңаштаған қалпында түскен эпизодтың орынсыз болғанын тілге тиек еткен.

ЗҰЛЫМДЫҚ ИМПЕРИЯСЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ МҮМКІН ЕМЕС

Киносыншылар мемлекет тарабынан фильмге жасалған ебедейсіз жарнамалау науқанын да қатты сынға алды. Фильм әдейі 9 мамыр қарсаңында экранға шығарылып отыр, осы күні Ресей өзінің нацистік Германияны жеңгенінің 65 жылдығын тойлайды деп түсіндіреді «Гардиан».

Фильмнің премьерасы Кремльде өткен. Ресей премьер-министрі Владимир Путин бұл премьера кезінде көрермен арасында болмады. Алайда, Никита Михалковтың Путиннің асты-үстіне түсіп бәйек болатын жәдігөйлігі мен әсіре ұлтшылдығы жұртшылыққа мәлім.

Фильмде шебер түсірілген эпизодтар аз емес, дегенмен оның сюжеті екінші дүниежүзілік соғыс туралы Кремль мақұлдаған нұсқаның
Никита Михалковтың жаңа фильмінің жарнамасы. Мәскеу, 20 сәуір 2010 жыл.
аясынан аса алмаған: мұнда нацистерді талқан еткен қаһарман совет армиясының жеңісі әсіре әспеттеледі. Бұл жайт көрерменнің жиіркенішін туғызды, себебі фильм көрсетілген залдарда орынның басым көпшілігі қаңырап бос тұрды. Демалыс күндері өзінің бастапқы көрсетілімінен бергі өткен уақыт ішінде фильмнің кассалық түсімі бар болғаны 2,5 миллион доллар ғана. Ал «Утомленные солнцем 2» фильмін түсіру үшін рекордтық көлемдегі қаржы - 55 миллион доллар жұмсалған болатын деп атап көрсетеді «Гардиан».

«Фильмнің сәтсіздікке ұшырауы [артистер ойынынан емес] психологиялық себептен, - дейді киносыншы Олег Золотарев. - Михалковты қазір көбі режиссер емес, бюрократ, шенеунік деп біледі».

Олег Золотарев режиссердің беделіне таяудағы дау-шардың да дақ түсіргенін айтады. Сыншы бұл сөзінде Ресей кинематографтары қоғамының президенті қызметіне сайлау кезінде Никита Михалковтың күмәнді жолмен жеңгенін меңзеп отыр.

Онымен осы сайлауда бақталастырған бірнеше режиссер «дауыс беру нәтижесін қасақана бұрмалауға жол берілді» деп мәлімдеп, күресті ары қарай жалғастырудан бас тартқан болатын.

РЕСЕЙГЕ «ӨЗ ФЮРЕРІ» КЕРЕК ЕМЕС

Сонымен қатар, әуелгіде дес бермей әрі демократияның дамуына тұсау болған Кремль басшыларының ұлтшылдығына деген өрекпіген қызу қолдау ресейліктер арасында бірте-бірте бәсеңсіп, құмға сіңген судай азайып бара жатқаны байқалады.

Мәселен, елге танымал актер Алексей Девотченко Ресей басшыларының халықты бір шыбықпен айдап, өздерінің өзімбілемдігіне қарсы бір ауыз сөз айттырмайтын ахуалға түсірген көпірме патриотизмін жария түрде сынға алды.

«Азат Еуропа/Азаттық» радиосының сайты актер Алексей Девотченконың өз блогында жазған келесі сөзін келтіреді (ықшамдалып
Актер Алексей Девотченко театр сахнасында «Король Лир» спектаклінің дайындығы кезінде. Петербор, 15 наурыз 2006 жыл.
берілді):

«Ресейде қалыптасып отырған ұятты ахуалға қарсы тұруға қажет әрі бізді біріктіре алатын кейбір нәрселер бар. Өз тағдырын өнер және мәдениетпен байланыстырған адамдар не істей алады?

Әсіреотаншыл, үгіт-насихаттық, шовинистік, антисемиттік немесе сталиншілдікті әспеттейтін фильмдер мен теледидар жобаларына қатысудан бас тартыңыздар;

Жартылай ресми, үгіт-насихаттық фильмдер мен клиптерге арналған музыкалық өнімдерді жазу жобаларына қатысудан бас тартыңыздар;

Кремль, Санкт-Петербург мэриясы, «Единая Россия» партиясы және осы тәрізділер ұйымдастырған сахналандырылған мерекелік қойылымдарға қатысудан бас тартыңыздар;

Өтірікші әрі шындықты бұрмалап көрсететін «Первый Канал», «Россия», НТВ; «ТВ Центр» телеарналарының бағдарламасының кез келгеніне қатысудан бас тартыңыздар;

Барлық деңгейдегі үкіметтік шоуларға қатысудан бас тартыңыздар. Ал федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ), ішкі істер министрлігі, Лукойл, Газпром, т.б. тәрізді құбыжықтардың корпоративтік мерекелік шарасына қатысудан бас тарту бұдан да маңызды;

Губернаторлар мен мэрлерді олардың туған күнімен, айтулы мерекелерімен, олардың немере-шөбересінің, т.б. туған күнімен құттықтау рәсімдеріне қатысудан бас тартыңыздар;

Путин мен Медведевке жалпаңдаудан еңсесін көтере алмай жүрген баспасөз саласындағы бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беруден бас тартыңыздар».

Актер Алексей Девотченко өз мәлімдемесін келесі сөзімен аяқтапты: «Сіздің бостандығыңыз үшін. Бәріміздің бостандығымыз үшін».
XS
SM
MD
LG