Accessibility links

Жетімдердің шетелге асырауға берілуін сынайтындар жетімдер неге көп болатындығы туралы жақ ашпайды


Ресейдегі балалар үйінің бірінің тәрбиеленушісі. 5 мамыр 1997 жыл.
Ресейдегі балалар үйінің бірінің тәрбиеленушісі. 5 мамыр 1997 жыл.

Американдық әйел Ресейдегі балалар үйінен асырап алған баласынан бас тартқан соң, АҚШ азаматтарына Ресей балаларын асырап алуға тыйым салынатын болды. Қазақ баспасөзінде шетелдіктердің балаларды асырап алуының теріс қырлары көбірек әңгіме болуда.


ДҮРБЕЛЕҢ ТУҒЫЗҒАН ЖАҒДАЙ

Американың Теннеси штатында тұратын Торри Энн Хансен атты әйелдің Ресейден асырап алған баласын кері қайтарып жіберуі дипломатиялық жанжалға ғана себепкер болып қойған жоқ, осыдан соң ресейлік балаларды асырап алған немесе асырап алмақшы болып отырған американдықтардың төбелерінен жай түскендей болды. «Нью-Йорк Таймс» газетінің жазуынша, Ресейден бала асырап алғысы келетіндердің көпшілігі күтпеген бұл жағдайдың оларға кесірі тиіп кетер-ау деп қауіптеніп отыр.

«Рэнди Уиллис бала асырап алу жөніндегі агенттікке өтініш жасаған еді. Өткен аптада ғана әзер дегенде аталған агенттіктен оған телефон шалған. Ренди мен жұбайы екеуіне Ресейдің шығыс бөлігінен он айлық қыз баланы асырап алуға болатындығын хабарлаған», – деп жазады «Нью-Йорк Таймс» газетінде 13 сәуірде жарияланған мақаласында Сара Кершав.

Коннектикут штатының Саутингтон қаласында тұратын Рэнди Уиллис пен оның әйелі Магдалена Клечковски Уиллис Ресейге екі аптаға барып қайтуды жоспарлап отырған. Бала асырап алу жөніндегі агенттік, тіпті, электронды пошта арқылы жас нәрестенің фотосуретін де жіберген. Уиллис пен әйелі екеуі перзент көрмеген еді. Олар сәбилі болуға үміттері үзілген соң ғана бала асырап алуға шешім қабылдаған. Уиллистер болашақ жас сәби үшін арнайы бөлмені де даярлап қойған болатын.

Газеттің жазуынша, арада екі сағат өтпей олардың қуаныштары су сепкендей басылады. Өйткені, Уиллистің әйелі Ресейден асырап алынған баланың Мәскеуге қайтарылғанын, осыған байланысты Ресей жағы жетім балаларды Құрама Штаттар азаматтарының асырап алуын тоқтатқалы жатқанын Интернеттен оқып біледі.

«Айналасы бірнеше сағаттың ішінде біздің қуанышымыз су сепкендей басылды. Құдайым-ай, не болар екен? – дейді сақтандыру компаниясында жұмыс істейтін 36 жасар Рэнди Уиллис. – Бұл хабар бізді өлтіретін болды».

Артем Савельев есімді ресейлік жеті жасар баланы осыдан бір жыл бұрын АҚШ азаматшасы, 26 жасар медбике Тори Энн Хансен асырап алып, оған Джастин деп ат қойған. Биылғы жылдың 7-сәуірінде асырап алған шешесі баланың жалғыз өзін Ресейге бара жатқан ұшаққа салып жіберген.

КРЕМЛЬДІҢ ЖЕДЕЛ ЖАУАБЫ

Мәскеуге қайтарып жіберген кішкентай Артемнің қалтасындағы қағазда баланың психологиялық ауытқушылығының барлығы, оның бұрын зәбір көрген болуы мүмкін екендігі жайлы жазылған. Бұл оқиғаға қатысты Ресей тарапы ерін бауырына алып тулады.

15-сәуірдің өзінде-ақ Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұдан былай АҚШ-тың барлық азаматтарына Ресейден бала асырап алуға тыйым салынады деп хабарлады. Министрдің баспасөз-хатшысы Андрей Нестеренко екі ел бала асырап алу рәсімдері бойынша келісімге келгенінше жетім балаларды асырап алуға тыйым салынады деп нақтылап кетті.

Демократиялық партиядан сайланған сенатор Кристен Геллибранд бастаған АҚШ-тың парламентшілер тобы, американдық отбасыларға
Қостанайдағы «Дельфин» балалар үйінің ғимараты. Тамыз, 2009 жыл.
Ресейден бала асырап алуға рұқсат етуін сұрап, Ресей президенті Дмитрий Медведевке өтініш білдірді.

АҚШ мемлекеттік департаментінің деректеріне сәйкес, Ресей Америка азаматтары бала асырап алып отырған Қытай мен Эфиопиядан кейінгі үшінші мемлекет көрінеді. Өткен жылы американдық ата-аналар 1586 ресейлік баланы асырап алса, Қытайдан 3001, Эфиопиядан 2277 жетім баланы асырап алған.

Бала асырап алғысы келетін американдықтар осы дау-дамайға себепкер болған әйелдің әрекетіне қатты ашулы. Олар мемлекеттік департамент пен АҚШ-тың Ресейдегі елшілігіне хат жазған, араларында Рэнди Уиллис те бар.

Олардың көпшілігі Интернет арқылы блогтар мен чаттарда болған пікірталастарға қатысқан. Олардың біреулері елеулі психологиялық кемшілігіне байланысты Артемді өгей анасының Ресейге қайтарып жібергендігіне түсіністікпен қараса, екінші біреулері «оны қылқындырып өлтіретін тағы біреу бар ма екен?» деп ашу-ызасын білдірген.

Нью-Йорктегі Эван Дональдсон атындағы бала асырап алу ісі жөніндегі Институттың атқарушы директоры Адам Пэртмен «Нью-Йорк таймс» газетіне берген сұқбатында былай деген: «Балаларды асырап алу жөніндегі агенттіктердің орнында болсам мен бала асырап алғысы келген болашақ ата-аналарға: «Асықпаңыздар. Не боларын біз де білмейміз, бірақ кейбір бөгелістерге даяр болуларыңыз керек. Абай болыңыздар, алайда ұнжырғаларыңыз түспесін», – деген болар едім».

Осыған қарамастан Окмонт қаласында орналасқан және Ресейде тіркеуден өткен Көмек көрсету жөніндегі халықаралық топтың атқарушы директоры Лариса Мэйсон қалай болғанда да АҚШ-тағы адамдар өте алаңдаулы дейді.

ГОЛЛИВУД ЖҰЛДЫЗЫНЫҢ ОТБАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ЖЕТІМІ

Американдықтардың асырап алған балаларына үнемі дұрыс қарай бермейтіндігі жөніндегі жанжалға байланысты бұрынғы қазақ жетім баласының есімі де аталып қалды. Мысалы «Нью-Йорк пост» газеті сәуір айының соңында голливуд актері Майкл Дугластың отбасы мүшелеріне қатысты мақаланы жариялады.

Бұл мақаланың жазылуына жақында ғана болған жағдай себепкер болыпты. Голливуд актерінің бұрынғы әйелі Диандрадан туған ұлы Кэмерон Дуглас есірткі сатқаны үшін бес жылға түрмеге қамалған. Осы оқиғадан соң Диандра Дугластың өзі де американдық журналистердің назарына ілігіп қалды. «Нью-Йорк пост» газетінің жазуынша, судья бала тәрбиелеу ісіндегі лайықсыз әрекеті үшін Диандраның өзін де түрмеге қамауы мүмкін еді деп жазады.

«Оскар» сыйлығының иегері Майкл Дугластың бұрынғы әйелі, қыдырымпаз Диандра Дуглас әлгі есірткі сатумен айналысқаны үшін сот шешімімен үйқамаққа алынған ұлының қасында отырудың орнына Майорк пен Испанияда демалғанды жөн көрді», – деп мәлімдеді Дугластар отбасының достары мен туыстары «Нью-Йорк пост» газетіне.

Кэмерон Дугластың ісі қаралған сотқа Дугластар отбасын бұрыннан білетін адамдар жиналды. Олар Диандраны баласын тәрбиелеудің орнына ойын-сауық пен мәнсапты артық көретін ана сиқы жоқ адам деп сипаттады. Газеттің жазуынша, Кэмеронның тәрбиесімен көбіне-көп күтушілер, күзетшілер мен отбасының достары айналысқан.

54 жасар Диандра Дугластың Кэмероннан бөлек тағы үш баласы бар екендігін айта кету керек. Алты жасар егіз баланы суррогатты ана дүниеге әкелген, ал бес жасар Имара атты қызды ол Қазақстаннан асырап алған. Диандра Дуглас дүниеге қыз келетін болар деп үміттенсе керек. Бірақ, суррогатты анадан екі ұл дүниеге келетіндігін білгенде ол Қазақстаннан бір қыз асырап алуды жөн санаған.

Дугластар отбасының достары Кэмеронның басындағы жағдай Диандраның кіші балаларына қатысты да қайталануы мүмкін деп қауіптенеді. «Нью-Йорк пост» газетінің жазуынша, Диандра Қазақстаннан Имара атты қызды Нью-Йоркке алып келген соң кішкентай сәбиді достарының біріне қалдырып, өзі демалысқа кетіп қалған. «Менің ойымша балалар оның мазасын алатын сияқты», – деді Диандраның үй күзетшілерінің бірі.

Диандраны жақсы білетін бірнеше досының айтқанына сілтеме жасай отырып «Нью-Йорк пост» газетінің жазуынша, Диандра Дуглас асырап алған қызы Имараның шығыстықтарға тән қызуқандылығын айтып достарына шағымданған. Ол, сонымен бірге, Қазақстаннан келген көгілдір көзді қыздың шашы соншалықты ақшыл емес деп, қыздың шашын бояп тастаған.

Қазақстандық «Экспресс К» газетінің жазуынша, «Johnson & Johnson» империясының мұрагері Кейси Джонсон да өкіл шешесі Диандра Дугластан үлгі алып, Қазақстаннан бір қыз асырап алған екен.

Диабетпен ауыратын 30 жасар Кейси Джонсон биылғы жылдың басында кенеттен қайтыс болды. Газеттің жазуынша, тірі кезінде Кейси Джонсон әртүрлі шатағымен атышулы болған. Оның есірткімен әуейіленетіндігі, ұрлық жасайтындығы және MTV телеарнасының жүргізушісі Тила Текиламен құпия байланысының барлығы белгілі болып қалған.

«Экспресс К» газеті тағы мынадай деректер келтіреді. Қазақстан сыртқы істер мекемесінің мәлімдеуінше, 2007 жылы Кейси қамқоршылық органдарына бала асырап алу жөнінде өтініш тапсырған кезінде оның мінез-құлқы қазақстандық билік өкілдері тарапынан ешқандай күдік тудырмаған. Оған себеп болған бір жай, Кейси қамқоршылық органдарына қажетті тиісті анықтамалардың барлығын тапсырған. Кейін
Мақсат Айтбаев пен оны асырап алған Мартин. «Стар тэлигрэм» газетіндегі сурет.
анықталғанындай, олардың барлығы жалған болып шыққан.

Азаттық радиосы АҚШ-та өзін-өзі өлтірген 21 жасар Мақсат Айтбаев есімді жетім қазақ баласының тағдыры жайында бұған дейін жазған болатын. 2009 жылдың жаз айында техастық «Стар тэлигрэм» газетінің жазғанындай, Мақсат алыстағы Ақтөбе облысының Алға қаласында басталған торығудан арыла алмаған.

Оның өгей анасы Ребекка Мартиннің айтуынша, Мақсат америкалық жаңа өмірге үйрене алмаған. 2008 жылы Америкаға кетер алдында Мақсат Айтбаев өзін кішкентай кезінде балалар үйіне тастап кетіп, қайтып оралмаған анасын іздеуге талпынған. Азаттық радиосы да Мақсаттың ата-анасын, туыстарын іздеуге әрекет жасады, бірақ одан нәтиже болмады. Олар Атырау облысында тұрған, мүмкін әлі сонда тұратын болар.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СЫНИ ПІКІРЛЕР

«Нью-Йорк таймс» газетінің жазуынша, бала асырап алғысы келетін американдық ата-аналардың Ресейді таңдауының себебі, ондағы балалар үйлерінен бала асырап алу рәсімі жылдам болады екен. Мысалы, Қытайдан бала асырап алуға жылдар кетуі мүмкін. Сол сияқты, Қазақстаннан бала асырап алу да салыстырмалы түрде алғанда оңайлау.

Американдық Торри Энн Хансен атты әйелге қатысты жақында ғана болған жанжалдан соң көптеген ақпарат құралдарында шетелдіктердің бала асырап алуына байланысты тақырып тағы да талқылана бастады. Қазақ баспасөзінде шетелдіктердің бала асырап алуының теріс қырлары жайында көбірек жазыла бастады.

Бұл жағдайды қарапайым қоғам қайраткерлері де, тіпті қазақ парламентінің депутаттары да сынға алды. Айтылып жатқан сыни пікірлердің негізгі өзегі мынадай: өз жетімдерімізді сыртқа жібермеуіміз керек, әйтпесе қазақтың жетім ұл-қыздары өздерінің ұлттық қасиетінен айрылып, өзге дінге, өзге ділге өтіп кетеді. Бірақ осындай пікір айтушылар, Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда «бейбіт, тұрақты» Қазақстанда тірі жетімдердің неге көбейіп бара жатқандығы жайында ләм-мим демейді.

Орталық Азияның өзге де елдері сияқты қазақ қоғамы да құндылықтар дағдарысын бастан өткеріп, адамгершілік бағдардан айрылып бара жатыр. Тіпті қоғамда «әлеуметтік жетімдер» деген термин де пайда болды. Яғни олар – ата-анасы тірі бола тұра балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан тірі жетімдер. Қазақтың зейнетке шыққан қариялары да қарттар үйіне жіберіле бастады. Бірақ Қазақстандағы жергілікті баспасөзде осы аталған құбылыстардың терең себептеріне қатысты жауап табу қиындау.

ҚЫРЫҚ АЛТЫ МЫҢ ЖЕТІМ

Қазақстандық жетім балаларды шетелдіктердің асырап алуына байланысты Азаттық радиосының тілшісімен әңгімелескен «Шығармашылық бастамашыл әйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрайымы Әсия Хайрулина бірқатар цифрларды келтірді. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда 46 мыңнан астам жетім балалар тіркеуге алынған. Олардың 18 мыңдайы балалар үйлерінде тәрбиеленуде.

23 мыңдай жетім бала қамқоршылардың қолында дейді Әсия Хайрулина. Оның айтуынша, Қазақстандағы жетім балалардың 80 пайыздайы – тірі жетімдер. Оның пікірінше, баспасөздегі жетім балаларды шетелдіктердің асырап алуына байланысты мақалалар қоғамдық пікірге жік түсіруге бағытталған.

– Бұл балаларды асырап алып жатқан елдердің көпшілігінде балаларды қорғаудың мықты жүйесі құрылған. Ол жақта барлығын бақылап отыратын арнайы комитеттер мен агенттіктер бар. Ол жақтың соттары да қатаң, оларды сатып ала алмайсың. Сондықтан кемшілік жіберген ата-аналарға қатаң жаза қолданылады. Егер ол жақта жас бала көшеде өзінен-өзі қаңғып жүрсе, бітті. Баланың ата-анасын соттайды, әкімшілік айып салады. Ал бізде толықтай жауапсыздық етек жайған. Сіз көшеге шығып, жан-жағыңызға қараңызшы, – дейді Әсия Хайрулина.

Оның келтірген деректері бойынша, 2008 жылы қазақстандықтар үш мыңдай жетім баланы асырап алса, дәл осы уақытта шетелдіктер 800-дей қазақстандық жетім баланы асырап алған. Егер елдегі барлық жетім балаларды есепке алсақ, Қазақстан үшін бұл өте аз деп есептейді ол.

ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫ ДА ЖЕТІМДЕРДЕН БАС ТАРТЫП ЖАТАДЫ

Әсия Хайрулинаның айтуынша, қазақстандық балаларды асырап алғысы келген шетелдіктермен салыстырғанда Қазақстан азаматтары үшін жетім балаларды асырап алу жағдайы анағұрлым жеңілдетілген көрінеді.

– Бір жолы қазіргі парламенттегі құрметті бір депутаттың «біздің Солтүстік Қазақстанда жұмыс қолы жетпей жатқанда жетім балаларды шетелге жіберіп жатқанымыз қалай?» деп айтқанын естідім. Сонда біз балаларды жұмыс күші ретінде ғана дүниеге әкеліп жатырмыз ба? Былайша қарасаң, балалар үйінде бәрі бар. Тамақ та, киім де бар, оқуға да жағдай жасалған. Бірақ бала үшін ең бастысы, отбасы, әкесі мен шешесі жоқ. Баланы кім асырап алады, біздің азаматтар ма, әлде шетелдіктер ме? Онда тұрған айырма жоқ. Ең бастысы, асырап алған ата-анасы осы жетім балаларға мейіріммен қарап, қамқор бола білсе болғаны, – дейді Әсия Хайрулина.

Кейбір бақылаушылар шетелдіктер асырап алған жетім балалар мәселесі, ол балалардың бұдан кейінгі тағдырына байланысты жағдай
Балалар ескі үйдің қирандысында ойнап отыр. Қандыағаш, Ақтөбе облысы, 26 қыркүйек 2009 жыл.
қазақ қоғамын біраздан бері алаңдатып отыр деп есептейді. Алайда, Әсия Хайрулина Қазақстан азаматтары асырап алған жетім баланың өмірінің жақсы қалыптасарына да ешкім кепілдік бермейді деп есептейді.

Оның айтуынша, жетім балаларды асырап алып, алайда кейін олардан бас тартқан қазақстандық отбасылардың ұзын саны төрт жүзден асады.

– «Маған сорасы аққан, ауру, дені дұрыс емес бала беріпсіңдер» деп жанжал шығаратындар да болады. Бізде мұндай оқиғалар толып жатыр. Қазір бізде мынадай бір оқиға болып жатыр. Бір қазақ келіншек жеті жасар баланы асырап алған, алайда ондай өмірге еш даярлығы жоқ, оған ешкім ештеңе түсіндірмеген, бала бағу жайында тәжірибесі де жоқ. Ол өте жақсы адам, баланы да адал ниетпен асырап алғысы келген. Бірақ баланы бағу қолынан келмей жатыр. Баланың бұрынғы өмірі ауыр болған екен. Осының барлығы оның мінез-құлқына әсер еткен. Бұл жерде асықпай, ақырындап еңбектену керек. Әлгі баланы отбасынан балалар үйіне алып кеткен соң ол ешкіммен сөйлеспей қойған. Енді оны екінші рет әкетіп отыр. Осыдан соң оның халі қандай болады деп ойлайсыз? – деді Әсия Хайрулина.

БАЛАЛАР ОН ЖАСҚА ТОЛАР КҮНДІ КҮТЕДІ

Ал «Балалардың құқын қорғау жөніндегі» қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар жұмысшы тобының үйлестірушісі Роза Ақылбекова Қазақстан өзінің жетім балаларын шетелдіктердің асырап алуына рұқсат бере отырып өзінің гендік қорын жоғалтуда деген кейбір сарапшылардың пікірімен келіседі. Бірақ, солай бола тұра, балалардың өмір сүруі мен дамуы үшін өз елдерінде белгілі бір жағдайлар жасау керек деп есептейді ол.

– Баланың қарны тоқ болса, әңгіме бітті деген сөз емес. Бала – кішкентай ғана тұлға. Алғашқы кезеңде біздің осы тұлғаға қалай қарым-қатынас жасайтындығымыз өте маңызды. Егер бұл балалардың болашақта баспанасы, білім алу мүмкіндігі болмайтын болса, онда мен бұл балаларды ең болмаса шетелдіктердің асырап алуы үшін барымды салар едім. Ал енді бұл балаларды асырап алғандардың жауаптылығын қадағалау – екінші мәселе. Мемлекет тарапынан оларды бақылау болуы керек, – дейді Роза Ақылбекова.

Сонымен бірге, қазақстандық жетім балаларды шетелдіктердің асырап алуына байланысты жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында сыни пікірлер көп болғанымен, балалардың өздері оларды дәл сол шетелдік азаматтардың асырап алғанын қалайды дейді ол.

– Мен бұл жайында біреуден естігенімді немесе бір жерден оқығанымды айтып отырғаным жоқ. Біріншіден, мен жетім балалардың өздерімен, екіншіден, балалар үйлерінің директорларымен, меңгерушілерімен сөйлестім. Олар балалардың он жасқа тезірек толар күнді күтетіндігін айтты. Өйткені, он жасқа толған соң ғана олар өздерін шетелдіктердің асырап алуы жөнінде өтініш жаза алады, – дейді Роза Ақылбекова.
XS
SM
MD
LG