Accessibility links

Әріптестеріне үндемеуге кеңес берген Ерлан Қарин жемқорлыққа қарсы күрестің тәсілін ұсынды


Президенттік «Нұр Отан» партиясының Астанадағы орталық кеңсесі.
Президенттік «Нұр Отан» партиясының Астанадағы орталық кеңсесі.

Президенттік «Нұр Отан» партиясының хатшысы, бұрынғы саясаттанушы Ерлан Қарин жемқорлыққа қарсы төсбелгілер мен айыптыларды өмірлік абақтыға жабудың орнына мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынады.

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ТӨСБЕЛГІ АЛЫНЫП ТАСТАЛДЫ

Президенттік «Нұр Отан» партиясы қоғамдық кеңесінің жанындағы сараптамалық комиссияның жуырда жасаған ұсынысына Қазақстан қоғамы өте ұстамдылық танытты.

Комиссия мемлекеттік қызмет агенттігіне «Мен жемқорлыққа қарсымын» деген төсбелгі даярлап, қызметтік киім үлгісінің ажырамас бөлшегі ретінде Қазақстанның әрбір мемлекеттік қызметкерінің міндетті түрде тағып жүруін белгілеу туралы ұсыныс жасаған. Шамасы, президенттік партиядағылар сараптамалық комиссиясының мүшелері аңғалдықпен қандай бәленің құйрығын басып қойғанын әлі анық ұқпаған секілді.

Бәлкім, олар кімнің ауласына түскендерін жақсы түсінетін шығар, оны да жоққа шығаруға болмайды. Бұдан былай тағы бір жақсы іс жасау ниетімен жоғарғы жаққа қолайсыз бірдеңе жасап қоймай тұрғанда партиялық сарапшылардың белсенділігіне айтарлықтай тежеу қойылып жатса, белгілі себептермен оған ешкім таңдана қоймас.

«Нұр Отан» партиясы бір ай дерлік жемқорлыққа қарсы төсбелгі туралы жасалған ұсыныс жөнінде түсініктеме бермей отырып алды. Тек жуырда ғана партияның білдірген көзқарасын естідік. Тура күткеніміздей, мемлекеттік қызметкерлер провокациялы-ескертпе әрекетке қарсы шықты.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қарин өзінің партиялық жолдастарына баға беруде алқалық-дипломатиялық әдеп ұстауға тырысқан да жоқ.

Қарин сөзбе-сөз былай деді: «...ақыры ұсынатын нақты ештеңесі болмаса, кейде біздің әріптестеріміздің үндемей-ақ қойғаны жақсы…»

Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметкерлерді төсбелгі тағып жүруге міндеттеу идеясын шалағайлық деп бағалады. Сарапшылардың айрықша ірі мөлшерде мемлекет қаражатын талан-таражға салудың жазасын ауырлату жөніндегі ұсынысын да шалағайлыққа балады.

ЕРЛАН ҚАРИН ҚОЛЫН ҚАЙДА СЕРМЕДІ?

Сол жерде Ерлан Қарин Қазақстандағы наразы топтардың кейбір өкілдері мұны қып-қызыл арандату, тіпті, қорлаушылық деп қабылдауы мүмкін деген мәлімдеме жасап үлгерді. Ерлан Қарин жемқорлыққа қарсы күресті «қылмыстың жазасын ауырлату арқылы емес, мемлекеттік аппарат қызметінің ашықтығын арттыру арқылы жүргізу керек» деп атап өтті.

Оттан қашып, жалынға кірді деген осы болар. Шамасы, ойында ештеңе жоқ Ерлан Қарин қазақстандық саяси-экономикалық қалтарыстың қастерлі тұсына қол салып қойды ма деп қаласыз. Батыста бірте-бірте Қазақстандағы мемлекеттік аппараттың жоғарғы сатысындағы қызметкерлердің бейресми табысының ауқымы туралы пікірталастар пайда болуда.

Табыс демекші, мұнда бұлжымас бір заңдылық бар: бюрократтың деңгейі неғұрлым биік болған сайын, оның табысы да соғұрлым көп болады. Билік жүйесінің ұшар басына дейін осылай. Бұл заңдылықты, әуелі, қазақ оқушылары да жақсы біледі.

Президенттің айналасында жасалатын астыртын мәмілелердің білгірі және көзімен көріп, өзі де қатысқан куәгері, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевпен сөйлесуге мұқтаж емеспіз. Себебі, оның кітабында бәрі сайрап тұр. Ол өзінің «Өкіл қайын ата» деген кітабында «менде миллиардтаған табыс жолдарын бұрынғы қайын атамның жеке өзі басқаратынына дәлел болатын айғақтар бар» дейді.

ЭКОНОМИКАДА – САЯСАТКЕРЛЕР, БИЛІКТЕ – ОЛИГАРХТАР

Енді өзге бір, қазақстандық президентке қарсыласуда шамалы еркіндеу адамға, бір кезде ел үкіметін басқарған, бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің пікіріне назар аударайық. Азаттық радиосына жуырда ғана сұхбат беру барысында оның жасаған талдамасы Әлиевтікінен кем түспеді. Себебі белгілі, ол кезінде Қазақстанның барлық макроэкономикалық процестерімен тікелей айналысқан адам.

Ол: «Саясаттың барлық жетекші тұлғаларының бір аяғы – экономикада, барлық олигархтардың бір аяғы – билікте. Тіпті, орта деңгейдегі шенеуніктердің өзі үлкен тәуекелге барып бизнес жасап жүрген кәсіпкерлерден бай», – деген еді.

Осы тұста, төсбелгі енгізуді және жемқор мемлекеттік қызметкерлердің жазасын ауырлатуды ұсынған сараптамалық кеңеске «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қариннің қабақ шытуы әбден қисынды. Партиялық хатшы мұндай қылыққа біреудің, біреудің болғанда да, жоғарғы жақтың зекуімен барып отырған боп шықса, оған ешкім таңғалмас еді.

Және де бір ғана ашықтықпен жемқорлықты тоқтату тұрмақ, жуасыту да мүмкін емес. Ашықтық қандай деңгейде болса да, айласын тауып, бірдеңені жымқырып қалуға болады. Бұған қажетті тетіктер авторитарлы мемлекетте әрдайымда табылады.

Мұның мысалы ретінде көптеген тәсілдердің ішінде бір ғана елдің қауіпсіздігін сақтауға керек деген желеумен мемлекеттік құпияға жатқызу тәсілін алайық, бұл тәсіл олай да былай жиі пайдаланылуда.

ҚАЖЫГЕЛДИН ОТАНДАСТАРЫН ЖАСЫМАУҒА ШАҚЫРАДЫ

Ашықтық оны қорғайтын, міндетті түрде болуға тиіс екі қорғаушы фактор: атап айтқанда, сот жүйесінің тәуелсіздігі және тура солай баспасөздің де тәуелсіздігі бар жерде ғана нәтиже береді. Осы талаптарға сай келсе, Қазақстан екі-үш айда-ақ мүлдем басқа елге айналып кетер еді.

Жемқорлық мәмілелерде Қазақстанның жоғалтқан капиталдарына қатысты Әкежан Қажыгелдиннің ойы былай болды.

«Мен отандастарды жасымауға шақырамын, деді де, ол сөзін былай деп жалғастырды: Қазақстан жаһандық әлемнің бір бөлігі, сондықтан активтердің қайда, қаншаға кеткенін анықтау қиын емес. Бұл істе батыс үкіметтері мен халықаралық институттар бізге көмектесетін болады».

Бұл заманауи утопия сияқты емес пе? Біреу жайдан-жай сондай үлкен капиталдан айырыла салады деп елестетудің өзі мүмкін емес. Сол себепті, әлгі біреу, нақтырақ айтқанда әлгі біреулер елестету былай тұрсын, оны болдырмас үшін бәрін істеп бағуда.

Бұл істе олардың негізгі қаруы да, сенімді кепілі де – билікте қалу және оны нығайта беру. Сонда ғана олар әлдекімнің басты байлықты тартып алу әрекетін МЕМЛЕКЕТ деген басты құралдың бүкіл күш-қуатымен құрықтайды.

(Журналист Александр Народецкий бұл мақалада өз көзқарасы мен ой-пікірін білдірген. Оның пікірі Азаттық радиосы редакциясының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.)
XS
SM
MD
LG