Accessibility links

 
Нұрсұлтан Назарбаевқа дейін қазақтардың өз мемлекеті болды ма?

Нұрсұлтан Назарбаевқа дейін қазақтардың өз мемлекеті болды ма?


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

"Қазақстанның қазіргі территориясында қазақтардың өз мемлекеті болған жоқ" деген, Ақорда үнемі насихаттап отыратын ұлттық тарихтың ресми нұсқасын көпшілік құптай бермейді. Және Нұрсұлтан Назарбаевты жұрттың бәрі бірдей Қазақстанның бірінші президенті деп мойындамайды.


НАЗАРБАЕВ ПЕН СОЛЖЕНИЦЫННЫҢ ПОЗИЦИЯЛАРЫ ҰҚСАС ПА?


Егер ресми Ақорданың идеологиясы тұрғысынан қарасақ, онда қазақ мемлекетінің тұңғыш басшысы президент Нұрсұлтан Назарбаев болмақ. Бұған дәлел ретінде мыналарды айтуға болады: Астанада Тұңғыш президенттің мұражайы ашылды, Бірінші президенттің қоры бар. Тіпті «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев» деген орден де белгіленген.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бір жолы «Қазақстанның ешқашан мемлекеттік шекарасы болған емес және қазіргі шекарада қазақтардың өз мемлекеті ешқашан болған емес» деп мәлімдеді. Бірақ ол Назарбаевқа дейінгі қазақ мемлекеті қашан, қандай территорияда болғандығы туралы нақтылап айтқан жоқ.

Алайда, тәуелсіз мемлекет басшысының бұл сөзі Александр Солженицынның атышулы «Біз Ресейді қалай көркейтеміз?» атты мақаласын еске салады. Бұл атышулы мақала елдің тәуелсіздік алар қарсаңында, 1990 жылдың қыркүйек айында жарық көріп, қазақ қоғамында наразылық тудырған болатын.

Александр Солженицын сол мақаласында Қазақстанның солтүстігіндегі төрт облысын Ресейге қосу керек деген ұсыныс жасаған. Өйткені, Солженицынның пікірінше, «бұл территорияларда қазақтардың өз мемлекеттілігі ешқашан болған жоқ».

«Біз Ресейді қалай көркейтеміз?» атты мақала авторының «қазақтар қойының тұяғы тиген жерді өзінікі деп есептей береді» деген сөзіне Қазақстанда қарсы шыққандар "бұл нағыз ұлтты кемсітетін, ұятсыз пікір" деген баға берді.

Соған қарамастан, СССР тарқаған соң, қазақтарға қатысты осындай мазмұндағы сөзді қазіргі Ресейдің ең атышулы саясаткері, Ресей либералдық-демократиялық партиясының жетекшісі, Мемлекеттік думаның вице-спикері Владимир Жириновский да бірнеше мәрте қайталады.

Енді міне, кезінде қазақ қоғамындағылардың наразылығын туғызған, артынша Жириновский іліп әкеткен Солженицынның сол мәлімдемесі, жиырма жыл өткен соң, жалпыға бірдей мойындалған тәуелсіз Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аузынан сөзбе-сөз қайталанып тұр.

«ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ТҰҢҒЫШ БАСШЫСЫ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ БОЛҒАН»

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев деген Ақорданың идеологиялық саясатын жұрттың бәрі бірдей қолдай бермейді.

Солардың бірі – белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Жоғарғы кеңесінің бұрынғы депутаты Жасарал Қуанышәлин. Ол Қазақстанның бірінші президенті басқа адам деген пікіріне нық сенімді. Азаттық радиосына берген сұхбатында Жасарал Қуанышәлин былай деп мәлімдеді:

«Шындап келгенде, ол кездері Қазақстанда (1917-1920 жылдары) елді басқарған ұлттық билік болған. Қалай және қанша уақыт биледі, бұл екінші мәселе. «Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің болғаны тарихи факті. Оның жалпыға мойындалған басшысы Әлихан Бөкейханов (Бөкейхан) болатын.

Ол кездері ел басшысының президент деп аталмағаны түсінікті. Бірақ, бұл істің мәнін өзгертпейді. Оны әртүрлі атауға болады. Бірақ, қазақтар өз мемлекеттілігін қайтадан қалпына келтірген соң ол Алашорда үкіметінің басшысы болды.

Сондықтан да, қазіргі терминологиямен айтқанда, Қазақстанның бірінші президенті Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейханов. Ол тек мемлекет басшысы болып қана қойған жоқ. Ол ұлт көсемі болды. Бұл болса, президенттіктен де жоғары. Және ол бұған лайық болды. Ұлт тәуелсіздігі үшін ымырасыз күресімен лайық болды.

Ол патшаның отарлық билігі үстемдік етіп тұрған кезде, патша түрмесі мен айдауында болып, өз халқына қалтықсыз қызмет етіп, саяси күрестің ауыр сынынан өтіп барып қазақ мемлекетінің басында тұрды. Оның үстіне, Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының басшылығына сайланғаннан көп бұрын бүкіл қазақ халқы оны Ұлт көсемі, Алаш ұлы деп таныды.

Міне сондықтан да, Әлихан Бөкейханов ұлт көсемі ретінде де, алғашқы президент ретінде де қазіргі Қазақстанның бірінші басшысы деп сөзсіз мойындалуы тиіс. Бұл жерде ешқандай басқаша сөз немесе қарсылық болмауы керек. Бұл – аксиома!»

«НАЗАРБАЕВ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІН ӨЗ ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ АЙНАЛДЫРЫП АЛДЫ»

Жасарал Қуанышәлин "президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақ ұлты мен мемлекетінің мүддесін сатқан" деген көзқараста. Оның пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік үшін күреспеген, керісінше, жеке амбициясы үшін елдің тәуелсіздік алуына соңғы сәтіне дейін кедергі жасап келген. Жасарал Қуанышәлин былай дейді:

«Оның Қазақстанның президенті деп аталуға ешқандай құқы жоқ. Өйткені, ол Қазақстанның тәуелсіздік алуына барынша кедергі жасаған адам. Өкінішке қарай, ел тағдыры шешілетін сол кезеңде Қазақ ССР-інің басшылығында республика компартиясының бірінші хатшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев атты адам отыр еді.

Бұл өзі сирек кездесетін карьерист. Ол өзінің жеке амбициясы үшін кімді болса да, тіпті ұлтты да сатып кететін. Ол осыны жасады да.

Михаил Горбачевтің оған уәде еткеніндей, СССР-дің қазақтан шыққан тұңғыш премьер-министрі болу үшін, СССР-ді сақтап қалу үшін ол Горбачевпен бірге ақырына дейін күресті. Бұл істе ол тіпті Горбачевтің алдына түсіп «шауып отырды». Бұны қазіргі саясаткерлер мен саясаттанушылар мойындайды.

Назарбаев сол кезде осы мақсат үшін ең соңғы сәтке дейін, Қазақстан іріп-шіріген СССР-дің жұртында жалғыз қалғанша ел тәуелсіздігін жариялауды созып келді. Тіпті, метрополия - Ресейдің өзі СССР-дан шығып кетті. Бұл адамзат тарихында болмаған парадокс, сандырақ.

Метрополияның өзі тәуелсіздік жариялап, шығып кетеді. Кімнен тәуелсіз? Бұл кезде СССР құрамында тек Ресей мен Қазақстан ғана қалған. Сонда Ресей Қазақстаннан тәуелсіздігін алған болады ма? Тек осыдан кейін ғана, СССР-дың жұртында сопайып жалғыз қалған соң Назарбаев тәуелсіздікті жариялауға мәжбүр болды.

Енді міне, Ақорданың ресми идеологиясы Қазақстан мен оның халқы өз тәуелсіздігі үшін Назарбаевқа қарыздар деп жар салады. Бұл тек сандырақ қана емес, бұл қорлаушылық.

Шындап келгенде, Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздігін ұрлап алды. Ол бұл тәуелсіздікті Қазақстан халқынан өзінің тәуелсіздігіне айналдырып алды. Және өзі билік құрып тұрған осы уақыттар аралығында ол тағы да ұлт мүддесін сатумен айналысты. Бұл, ел қойнауын өз отбасы мен жақын маңындағылар үшін талан-таражға салып, бүкіл халықты қорлайтын (мен бұл сөзді атап айтамын) «прихватизация» саясатын айтпағанда.

Ол тіпті, жерді жекеменшікке беріп, оны сату арқылы баюдың көзіне айналдырды. Біраз жерді Қытайға берді. Ал, Әлихан Бөкейханов болса күші тең емес Ресей империясына қарсы ұлтарақтай жер үшін күресті. Қазақ жерінің орыс переселендеріне, княздары мен графтарына берілуіне бар күш-жігерімен қарсыласты.


«НАЗАРБАЕВТЫ СӨЗІ ҮШІН СОТҚА БЕРГЕНІМ ҮШІН ӨЗІМДІ СОТТАДЫ»

Қазіргі шекара бойынша Қазақ мемлекетінің болғанын жоққа шығарған Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен соң президентті сотқа тартуды ашық талап еткен бірден бір адам – Жасарал Қуанышәлин. Бұл жайында Жасарал Қуанышәлин Азаттыққа былай деді:

«Назарбаев өзінің қазаққа қарсы идеяларын ашық түрде айтты. Ол теледидардағы тікелей эфирден Қазақстанның қазіргі шекарасы бойынша ешқашан мемлекеттік шекарасы болған жоқ, қазақтардың ешқашан өз мемлекеті болған емес деп мәлімдеді. Бұл - ойға келмейтін сатқындық. Өйткені, мұндайды ұлттың нағыз жауы ғана айтуы мүмкін.

Назарбаев бүкіл қазақ ұлтының бетіне түкіргенде неге үндемей қалдыңдар деп кейінгілер кінә қоймасын деген оймен, мен, мемлекетті сатқаны, Қазақстанның бүкіл тарихын жоққа шығарғаны үшін Назарбаевты сотқа тартып, жазалау туралы Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа талап арыз жаздым. Қазақстанда Назарбаевқа қарсы заңды үкім шығаруға қауқарлы соттың жоқ екенін алдын ала білсем де мен саналы түрде осылай істедім.

Бірақ, бұдан соң, әлемдік юриспруденцияның бүкіл тарихында болмаған оқиға орын алды. Мен Назарбаевты сотқа бергенім үшін, сот менің өзімді соттады. Бас прокурордың тапсырмасымен Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Назарбаевтың ар-намысын қорлады-мыс деген желеумен маған қарсы қылмыстық іс қозғады. Мені сотқа тартты. Алматы қаласы Медеу ауданының соты үкім шығарды.

Бұл мені екі жылға колонияға тығу туралы үкім болатын. Мінеки, президент Нұрсұлтан Назарбаев деп аталатынның сатқындық әрекеті арқылы осындай адам естімеген оқиға болған».


«БІРІНШІ ПРЕЗИДЕНТ – МҰСТАФА ШОҚАЙ»

Азаттық радиосының тағы бір сұхбаттасы - жазушы, тарихшы Кәрішал Асанов Қазақстанның бірінші президенті туралы биліктің ресми идеологиясымен үзілді-кесілді келіспейді. Ол өзі Қазақстанның бірінші президенті деп есептейтін басқа бір тарихи тұлға - Мұстафа Шоқайдың атын атады. Кәрішал Асанов былай дейді:

«Мен мұндай пікірмен үзілді-кесілді келіспеймін. Мен бұл жайында Тәшенов туралы жазған «Шынжырдағы жолбарыс туралы әңгіме» деген кітабымда жан-жақты жазғанмын. Мен бұл кітабымда тек Назарбаевты ғана емес, сонымен бірге Владимир Путинді де әшкерелегенмін.

Бірінші мемлекет басшысы болған адам, бірінші президент - Мұстафа Шоқай. Ақпан төңкерісінен кейін бүкіл Орта Азияда сол ғана қазақтардың Қоқан автономиясының басшысы болып сайланды. Иә, алғашында автономияның басшысы болып Мұхамеджан Тынышбаев сайланды. Бірақ, бір айдан соң ол өзінің өкілеттігін Мұстафа Шоқайға берді. Сондықтан, ол Қазақстанның бірінші президенті деп саналады».

Басқа да сұралған бірқатар адамдар тарих пен оның тұлғаларына баға бергенде абайлаңқырап сөйледі. Мәселен, тарих ғылымының докторы, профессор Хангелді Әбжанов қазіргі мемлекет басшысын Қазақстанның бірінші президенті деп санайды. Ал, Әлихан Бөкейхановты ұлт көсемі деп есептейді. Азаттық радиосына берген сұхбатында профессор Хангелді Әбжанов былай деді:

«Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлем, халықаралық ұйымдар мен барлық елдер тәуелсіз мемлекет деп таныған Қазақстанның басшысы. Ал, Әлихан Бөкейхановқа келсек, мен оны ұлт көсемі деп білемін.

Бірақ, тарихи шындық үшін айту керек. Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының құрылуы большевиктер үшін қазақтарға автономиядан төмен мемлекеттік статус беруге мүмкіндік қалдырмады. Сәл кейінірек Қазақ автономиясын одақтық республика – Қазақ ССР-і деп жариялауға мәжбүрледі».

«Алаш» қозғалысының тарихын зерттеушілердің бірі, филология ғылымының докторы, Лев Гумилев атындағы Евразия университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы Әлихан Бөкейхановты қазақтың ұлттық көсемі және Қазақстан тарихындағы бірінші баламалы сайлауда басым дауыспен сайланған Қазақстанның бірінші басшысы деп санайды.

Бұл сайлау 1917 жылдың 5-13 желтоқсаны аралығында Орынборда болған екінші Бүкілқазақтық құрылтайдың (сьездің) аясында өтті. Онда, Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының құрылуы - қазақ мемлекетінің қалпына келтірілгені деп жарияланды.

Дихан Қамзабекұлының пікірінше, Бүкілқазақтық құрылтайдың делегаттары Қазақ өлкесінің барлық аймақтарынан келген еді. Олар құрылтайда сайлаушы рөлінде болды. Өзінің мәртебесі бойынша Алашорда автономиясы қазіргі кездегі парламенттік республикаға сәйкес келеді. Өйткені, Алашорда ұлттық-территориялық автономиясы ұлттық кеңесінің төрағасы Бүкілқазақтық құрылтайда халық өкілдері тарапынан сайланды.


«ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ БОЛҒАНЫ ДАУ ТУҒЫЗБАСА КЕРЕК»

Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қордың жетекшісі, саясаттанушы Айдос Сарымов қандай да бір саяси қайраткерлердің тарихи рөлі мен орнын тек тарихшылар мен саясаткерлер және тек болашақ белгілеуі керек деп есептейді. Бірақ, Азаттық радиосына берген сұхбатында, ол да Қазақстанның қазіргі тарихының ресми түсіндірмесімен келіспейтінін білдірді:

«Әр кәлләда – бір қиял» дейді мұндайда. Президент Назарбаев қазіргі күйіндегі бұл мемлекеттің негізін салушы өзім деп есептейді. Міне не үшін ол өзін Кемал Ататүрікпен, Джордж Вашингтонмен және тағы біреулермен салыстырады. Және бұл мемлекеттің негізін салушы ретінде тарихта оның өзі қалуы керек деп есептейді.

Ал Назарбаев шынында қазіргі қазақ мемлекетінің негізін салушы ма? Қазақстанның тәуелсіздік алуындағы оның рөлі қандай? Тәуелсіздік пен мемлекеттің нығаюы үшін Назарбаев не істеп жатыр? Бұл сұрақтардың барлығына жауап беру болашақ тарихшылар мен саясаткерлердің міндеті деп ойлаймын».

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесін саясаткер Айдос Сарымов «мемлекеттік сатқындық» деп те немесе «Отанын сату» деп те есептемейді. Бірақ, оның көзқарасынша, бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың ең сәтсіз айтылған сөздерінің бірі. Саясаткер былай дейді:

«Бұл шекарада, тіпті бұл шекарадан анағұрлым алысқа дейін біздің ата-бабаларымыз бұл жерлерді қорғап қалғаны, шаруашылыққа пайдаланғаны шындық. Осы жерлер үшін үздіксіз күрес кейде жүз жылға созылған кездері де болды. Және бұлардың барлығы түрлі тарихи деректерде көрсетілген.

Мен бұлайша (Жасарал Қуанышәлин сияқты) тым шалт айтқым келмейді. Бірақ, мұндай сәтсіз айтылған сөздер (президент Нұрсұлтан Назарбаевтың) біздің оппоненттерімізге, мәселен, Ресей ұлтшылдарына, кейбір аргументтерді беретіні рас. Бұл шындық.

Біздің биліктегілер қазақтардың 500 жылдық тарихын да, тіпті қандай болса да, тарихтың қазақ-совет кезеңін жоққа шығарады. Осы арқылы билік өзіне қандай да бір мессиалық мәртебені бекітіп, қоғамды қазақ мемлекеті жаңадан бой көтерді деп сендіргісі келеді деп есептеймін. Ал, бұл болса өте үлкен тарихи және саяси қате.

Ал, қазақ мемлекетінің тарихына келсек, әрине, оның сапасы жайында немесе қазақ мемлекеттілігі мемлекеттің не екенін анықтайтын жалпыәлемдік критерийлер мен стандарттарға қаншалықты сай келгені жайында айтысуға болар. Бірақ, қазақ мемлекеттілігінің болғаны - факт. Ол өз кезеңінде өте зәру мәселе болған. Енді соның барлығын жоққа шығарып, қазақ мемлекеттілігі соңғы жиырма жылда ғана қалыптасты дегенге сендіру ешқандай ақылға сыймайтын іс».

Айдос Сарымовтың пікірінше, бұрынғы СССР-дың бірқатар елдері, бұл тарих ұзақ болмаса да, өзінің тарихын (осы тәуелсіздікке дейін болған) жоққа шығармастан ақылды іс жасаған. Айдос Сарымов бүгінгі Украинаны мысалға келтіреді:

«Украина қазір төл тарихын қайтадан ой елегінен өткізіп жатқанын біз білеміз. Совет өкіметі келгенге дейінгі тәуелсіздіктің аз ғана бөлігін олар өз тәуелсіздіктерінің басы деп есептейді.

Украиндықтар бұл тұрғыдан келгенде барынша даналық, ақылдылық танытып отыр. Меніңше бұл ұлт тарихына қатысты барынша шынайы, даналық көзқарас.

Біршама уақыт өткен соң біздің билік те өз тарихының басына қайта келуге мәжбүр болады деп ойлаймын. Естеріңізде болса, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде ел басшылары әрбір сөздерінде Қазақ хандығының негізін салушылар Жәнібек пен Керейге, Абылай ханға, Алашорда көсемдеріне, т.б. соқпай өтпейтін.

Таяуда ғана Астанада «Қазақ елі» атты ескерткіштің орнатылуы, тағы басқа бірқатар фактілер, бұл елдегі мемлекетқұраушы элемент пен мемлекеттіліктің басты тұлғасы қазақтар мен қазақ тарихы екендігін биліктің түсінетінін байқатады.

Тіпті, жақында ғана өткен халық санағының қорытындысы бойынша елдегі тұрғын халықтың 67 пайызының қазақтар болуы, біздің сапалы түрде көпшілікке айналғанымызды байқатады.

Сондықтан, мемлекеттілік, бейбітшілік және елдің гүлденуі үшін өздерінің толықтай жауапты болатынын қазақтар түсінулері керек. Бізде, өкінішке қарай, алдымен тіл туралы, содан соң әлеуметтік әділдік туралы т.б. мәселелерді жеке-жеке шешіп отыруға уақыт жоқ. Егер біз мемлекет тәуелсіздігін сақтап қалғымыз келсе, біз бәрібір бұл мәселелерді көтеріп отырамыз. Ең дұрысы, оларды дәл қазір, жедел, кешенді түрде шешу керек».

(Журналист Сұлтан Хан Аққұлұлы мақаласында өз пікірі мен көзқарасын ортаға салып отыр. Ол Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).
XS
SM
MD
LG