Accessibility links

Тәжіктерді бүлікші полковник Худойбердиевтің елесі тағы мазалай бастады


Бұрынғы тәжік офицері Махмуд Худойбердиев
Бұрынғы тәжік офицері Махмуд Худойбердиев

Тәжік билігі ресми Ташкентті өз аумағында қуғындағы полковник Махмуд Худойбердиевті жасырып отыр деп айыптады. Бақылаушылар Ташкенттің Худойбердиевті оппозицияға қарсы пайдаланып отырғанын айтады. Өзбек билігі бұны жоққа шығарады.


АЛМАТЫНЫҢ КУРСАНТЫ

Орталық Азиядағы, әсіресе Өзбекстан мен Тәжікстандағы тұрақтылық үшін қуғындағы полковник Махмуд Худойбердиевтен келетін нақты қауіп бар ма, әлде бұл құр әншейін аңыз ба? Бұл туралы сарапшылардың пікіріне көшпес бұрын, оқырманды осынау аты аңызға айналған адаммен жақынырақ таныстырып кеткеніміз келеді.

Тәжікстаннан шыққан бүлікші полковник Махмуд Худойбердиевтің өткен ғасырдың 80-інші жылдары маршал Конев атындағы Алматының әскери училищесін бітіргені мәлім. Сосын Худойбердиев Ауғанстандағы совет әскерінің қатарында барлау ротасының командирі және батальон барлауының бастығы болып қызмет еткен.

Ауғанстаннан әскер шығарылғаннан кейін Махмуд Худойбердиев Қапқазға аттандырылды. 1989 жылы ол Алматыдағы жоғарғы жалпыәскери училищеде оқытушы болып қызмет жасады.

Әскери қимылдар басталған 1992-1997 жылдар аралығындағы Тәжікстандағы азаматтық соғыс кезінде полковник Махмуд Худойбердиев тәжіктердің Қорған-Төбе қаласындағы 201- ресейлік мотоатқыштар дивизиясының құрамында арнаулы топты басқарды. Сол уақытта дивизия оның қарамағына бірнеше танкті берді.

РАХМОНҒА ҚАРСЫ БҮЛІК

Худойбердиев Тәжікстан президент гвардиясының шұғыл қимылдауға арналған жеке мотоатқыштар бригадасының командирі, «Тәжікстандағы жаппай бейбітшілік үшін» қоғамдық-саяси қозғалысының жетекшісі болды.

Тәжікстандағы азаматтық соғыс уақытында президент Рахмонға адал әскербасылардың бірі болды. Сөйткен полковник Махмуд Худойбердиев президент Эмомали Рахмонға қарсы бүлік шығарып, көрші Өзбекстанға қашуға мәжбүр болды. 1998 жылы Худойбердиев президент Ислам Каримовтың қолдауымен тәжік президенті Эмомали Рахмонға қарсы бүлік ұйымдастыруға әрекеттенді.

Сол кездері полковник Худойбердиев Өзбекстаннан солтүстік Тәжікстанға танкпен кірді, бірақ, шайқаста жеңіліс тауып, кері қарай Өзбекстанға қашты. Ресми Ташкент бұл іске өзінің қатысы барын жоққа шығарады, бірақ, тәжік шенеуніктері өзбекке сенбей отыр.

Үстіміздегі жылдың 9 желтоқсанында тәжіктің Турсунзаде қаласының мэрі Баракатулло Ахадовты өлтіруге әрекет жасалды. Сол кезде тәжіктің күштік құрылымдары Тұрсынзаде қаласы мәрінің аутокөлігін жарып жіберуге әрекеттенген полковник Махмуд Худойбердиевтің тобындағы әлдебір 55 жасар Хайдар Бобомуратовты ұстағандарын хабарлаған.

Тәжікстан ІІМ баспасөз қызметінің қызметкері Мухаммаджан Назриевтің айтуынша, күдікті Турсунзаде қаласының мэрін өлтіруге қатысты бұйрықты полковник Махмұд Худайбердивтің тобындағы адамнан алғанын мойындаған.

- Тәжікстанның күштік құрылымдарының қызметкерлері Бобомуратовтан 770 грамм жарылғыш зат пен екі мобилді телефонды тәркіледі. Бұл заттарды ол Өзбекстаннан Тәжікстанға заңсыз алып өткен. Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деді Мухаммаджан Назриев.

Турсунзаде қаласы Өзбекстанмен шекаралас жерде орналасқан және Тәжікстандағы ірі өнеркәсіптік қалалардың бірі болып табылады.

ТАШКЕНТ ПОЛКОВНИКТІ ЖАСЫРЫП ОТЫР МА?

Тәжік сарапшысы Амрулло Собир сөзіне қарағанда өзбек билігі үшін ахуалды тұрақсыздандыру пайдалы, сол үшін көрші елдің ресми адамдары әдейі қуғындағы полковник Махмуд Худойбердиевтің көмегіне арқа сүйеп отыр.

- Тәжікстанда болып жатқан келеңсіз жайттардың бәріне көрші Өзбекстанның қатысы бар. Турсунзаде қаласы мэрінің көлігін жарып жіберуге әрекеттену де Махмуд Худойбердиевпен байланысты. Рогун ГЭС-ын салу шешімін де ресми Ташкент жақтырмайды. Өзбек билігі Махмуд Худойбердиевті өз жауларын, атап айтқанда оппозициялық күштерді құрту үшін де пайдаланып жатыр, - дейді сарапшы Амрулло Собир.

2006 жылдың қаңтарында Тәжікстанның әскери училищесінің бастығына қастандық ұйымдастырылды. Осыған байланысты Тәжікстанның Жоғарғы соты Махмуд Худойбердиев тобының екі адамын ұзақ жыл түрмеге қамауға үкім шығарды. Содан бері қуғындағы полковник Худойбердиевтің тобына қатысы бар сегіз адам ұсталды.

2001 жылдың басында кейбір БАҚ –тарда Махмуд Худойбердиевтің жол апатынан опат болғаны туралы ақпарат жарияланды. Басқа бір долбар бойынша Худойбердиев өзінің орынбасары Сергей Зворыгинмен жанжалдасып қалып, оққа ұшқан, Зворыгин де күзетшілердің қолынан қаза тапқан.

Тәжікстан билігі ресми Ташкентті өз аумағында әлі де Махмуд Худойбердиевті жасырып отыр деп өзбек билігін айыптайды, бірақ өзбек жағы мұны жоққа шығарады.

ПОЛКОВНИКТІҢ ӘНДІЖАН ҚАСІРЕТІНДЕГІ ОРЫНЫ

2005 жылдың 13 мамырында өзбек әскері бейбіт шеруге шыққан Әндіжан тұрғындарын оқтың астына алды. Ресми мәлімет бойынша өзбек әскерінің бейбіт шеруді аяусыз жаныштауы 187 адамның өмірін қиды. Ал, бейресми мәлімет көздері әлгі қырғын кезінде өлтірілген бейбіт тұрғындардың саны мыңға жуық болғанын хабарлайды.

Биылғы жылдың 1 қыркүйегінде өз елінен қашып Еуропа елдерінен саяси баспана сұраған өзбек чекисі Икрам Якубов Азаттық радиосының Өзбек қызметіне сұхбат берді. Якубов өз сұхбатында Өзбекстан президенті Ислам Каримов денсаулығы нашарлап, не кенеттен қайтыс бола қалған жағдайда, билікке үлкен қызы Гульнор Каримованы әкелуді тәжік полковнигі Махмуд Худойбердиевке тапсырғанын айтып берді.

Икрам Якубовтың айтуынша, 1998 жылы ресми Ташкенттің қолдауымен Махмуд Худойбердиев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды биліктен кетіруге әрекеттенген.

Якубовтың айтуына қарағанда кейін полковник Махмуд Худойбердиев әндіжандық шеруді жаныштауға белсене кірісіп, президент Ислам Каримовтың көңілінен шыққан.

Якубовтың айтуынша, Әндіжанда болған қасіретті оқиғада Ислам Каримовтың бұйрығын орындағандар Махмуд Худойбердиев пен оның адамдары. Кейбір бақылаушылардың сөзіне қарағанда қазір полковник Худойбердиев және оның адамдары Каримов пен оның екі қызының жеке күзетін қамтамасыз етеді.
XS
SM
MD
LG