Accessibility links

Моңғолия Шыңғысханның Совет Одағы жасаған бейнесін түзеуге әрекеттенуде


Шыңғысхан ескерткішінен көрініс. Монғолия, 23 қыркүйек 2009 жыл.
Шыңғысхан ескерткішінен көрініс. Монғолия, 23 қыркүйек 2009 жыл.

Моңғолияның тәуелсіздігін жариялағанына да 20 жыл болды. Содан бері моңғолдар бұған дейін тыйым салынып келген өзінің бірегей мұраларын қалпына келтіру мақсатында біршама қадамдар жасады.


ҰЛТТЫҚ ҚАҺАРМАН


Моңғолияда буддизм қайтадан жаңғыртылып, елдегі театрларда төл туындылар қойылуда. Бірақ ең алдымен моңғолдар жаһанға аты мәшһүр қандастары Шыңғысханның есімін қайта жаңғыртты. Ұзақ жылдар бойы халықтың жадынан күштеп өшіруге тырысқан Шыңғысхан моңғолдар үшін адамзат тарихында алдына жан салмаған әскери қолбасшы һәм мемлекет қайраткері болып қалады.

Ұлан-Батырдан бір сағаттық жолдағы үлкен үстіртте Шыңғысханның ат үстіндегі 40 метрлік ескерткіші орнатылған. Ол әлемдегі ең зор деген салт атты ескерткіштердің өзінен екі еседен астам үлкен. Оның ескерткішінің биіктігі сондай, келушілер оның беліне жету үшін
Шыңғысханның ат үстіндегі 40 метрлік ескерткіші. Монғолия, 23 қыркүйек 2009 жыл.
алдымен лифтімен, содан соң тағы текпішекпен көтеріледі.

Оның атының басын айналдыра туристер үшін жан-жағын қарауға арналған алаңша орнатылған. Бұл жерде жап-жас гид ХІІІ ғасырда өмір сүрген билеушінің ұлылылғын дәріптейді. Келушілер осы жерде тұрып созылып жатқан ұлан-ғайыр далаға көз тастай алады. Аңыз бойынша, Шыңғысхан жарты әлемді жаулап алуына көмектескен алтын қамшыны дәл осы жерден тауып алған деседі.

Бұл алып ескерткіш, құрамында сувенир дүкендері мен мейрамханалары бар үлкен кешеннің бір бөлігі ғана. Жақында бұл кешенге тағы 200 киіз үйден тұратын қалашық қосылады. Көшпенділердің бүкіл ұрпақтарының баспанасы болған киіз үйді Шыңғысхан да жақсы көрген. Ұзақ жылдар советтік биліктің уысында болған Моңғолияда ұлттық және тарихи қасиетті орындарды қайта қалпына келтіру жұмыстарының құрамдас бөлігі ретінде осы туристік кешен ашылды.

Тіпті, әлемнің генетикалық құрамдас бөлігін өзгертуге де әрекет жасалуда. Моңғол империясының қанатын кеңге жайғаны соншалық, тіпті кейбір ғалымдар Шыңғысханның кіндігінен тараған тікелей ұрпақтарының өзі 32 миллион адамға жетті деген болжам айтады.

Қытай мен Орталық Азиядан бастап Ресейге дейінгі, тіпті одан арыдағы көптеген елдер мен мәдениеттер Шыңғысханды өз адамы деп есептейді.

ӘЛЕМНІҢ БІРІНШІ АЗАМАТЫ

Археолог Хугулбу Лхагвасурен - Шыңғысхан атындағы Ұлан-Батыр университетінің негізін қалаушы. Бұл оқу орны археология, туризм және Шыңғысхан мұраларын зерттеуші мамандар даярлайды. Университет қабырғасында ондаған хандардың портреттері және Жапон теңізінен Дунайға дейін созылып жатқан Моңғол империясының картасы ілулі тұр.

Ректордың айтуынша, университеттің мақсаты моңғолдың ұлы көсемінің мұрасын толық қалпына келтіру және бұрынғы ССРО аймағы мен Батыста Шыңғысханның білімсіздігі мен қанішерлігі туралы жалған ақпаратты түзету.

Қолбасшының қаһарлы атағын сейілтуге америкалық антрополог, профессор Джек Уэзфордтың «Қазіргі әлемді құрудағы Шыңғысханнның орны» атты зерттеуі дем берді. Бұл кітапты ғалым Шыңғысхан атындағы Ұлан-Батыр университеті ректорының тікелей қатысуымен жазды.

Кітап ауторы моңғол қолбасшысының қол жеткізген елеулі табыстарының қатарына поштаны құруды, азаптау мен феодалдық жүйені жоюды, мультимәдениеттік интеллектуалдық байланыстарды қолдауды және әлем үшін оқ-дәріден бастап қағаз ақшаға дейінгі
Шыңғысханның бейнесі мен атын Ұлан-Батырдың дүкен сөрелерінде тұрған арақ құйылған құтының сыртынан да көресіз.
жаңалықтар ашуды жатқызады.

Джек Уэзфордтың айтуынша, Шыңғысхан әлемнің бірінші азаматы болған.

Бүгінгі Моңғолияда Шыңғысханның бейнесін кез-келген жерден көруге болады. Оның суретін кілемдерге салады. Оны толып жатқан арақ атауларында пайдаланады. Ол, майда ақшаларды қоспағанда, ел ақшасы тугриктің барлығында бейнеленген.

Ең кішкентай банкноттарда әкери көсем Дамдин Сухэ-Батырдың бейнесін қалдыруды жөн деп шешкен. Оны тағы моңғолдың Ленині деп те атайды. Сухэ-Батыр 1921 жылы Моңғолияның коммунистік революциясын басқарған адам.

Моңғолдардың Шыңғысхан есіміне коммерциялық сипат бергені соншалық, бір депутат «енді ұлы моңғолдың бейнесі басылған дәретхана қағазын шығаруға да кәсіпкерлерге ешкім бөгет бола алмайды» деп қынжылыс танытқан-ды.

БУДДИЗМДІ ҚАЙТА ЖАНДАНДЫРУ

Шыңғысханға қайта оралу үрдісін шамандыққа қарағанда буддизмнің қайта жандануымен байланыстырады.

Коммунистік билік 1930 жылдары жүздеген ғибадатханаларды қиратып, мыңдаған ламалардың көзін құртып жіберген еді. Бүгінде
Ұлан-Батырдағы буддистер ғибадатханаларының бірінде. 26 қыркүйек 2009 жыл.
Моңғолияда діни шектеулер жойылып, моңғолдар будда дәстүрлерін қайта жаңғыртуда.

Осыдан 20 жыл бұрын моңғолдың жас диссиденттері биліктің советтік жүйесіне қарсы шыққан кезде буддизмнің жаңғыруы мен Шыңғысханның мұрасын қалпына келтіру ісі бір мезгілде жүрді.

1990 жылы Моңғолияда өткен жаппай қарсылық ереуілдерінің нәтижесі мәскеушіл бірпартиялы биліктің құлауына алып келді. Осы бір қызулы оқиғалар куәгерлерінің айтуларынша, моңғолдардың өз түп-тамырларына қайтып оралуына дәл сол кезде мүмкіндік туған.

Бүгінде де қалпына келтірілген ғибадатханаларға жүздеген адамдар келеді. Олар Далай-ламаның және өзге де будда ұстаздарының бейнесінің алдында сиынып, ғибадатын жасап жатады.

Айтпақшы, Моңғолияның қазіргі президенті Цахиагийн Элбэгдорж демократиялық қарсылықтар кезінде жасырын таратылған памфлеттің ауторы болды. Ол: «Ұмытпаңдар. Ұмытсаңдар, моңғол ретінде жер бетінен жойыласыңдар», - деп жазған болатын.
XS
SM
MD
LG