Accessibility links

ҰҚК Есіргеповты Алматыдан заңсыз алып кету әрекеті болғанын жоққа шығарады


ҰҚК-нің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Қайыржан Қамзаев. Алматы, 2 желтоқсан, 2008 жыл
ҰҚК-нің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Қайыржан Қамзаев. Алматы, 2 желтоқсан, 2008 жыл

Сейсенбі күні сағат 17-де Рамазан Есіргеповке қатысты шұғыл баспасөз мәслихатын өткізген ҰҚК-нің Алматы қаласы бойынша департаментінің өкілдері оның шетел елшілігіне тығылып, саяси баспана сұрауын «спектакль» деп бағалап, журналистің Сұлтан Махмадовпен байланысы бар деп мәлімдеді.

Желтоқсанның 2-сі күні Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубына жиналған БАҚ өкілдері алдында ҰҚК-нің Алматы қаласы бойынша департаментінің екі қызметкері «Алма-Ата инфо» газетінің меншік иесі әрі бас редакторы Рамазан Есіргеповтың басындағы жағдай жөнінде түсінік берді.

Қайыржан Қамзаев, ерекше маңызды істер бойынша тергеуші:

«ҰҚК Жамбыл облыстық департаменті сол облыстағы «Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарсы салық төлеуден жалтарып, мемлекетке 800 млн теңгеден (6,5 млн доллардан) астам шығын келтіру оқиғасы бойынша және «пара берген» деген күдікпен сол кәсіпорынның басшысы С.Б.Махмадовқа қарсы қылмыстық істер қозғап тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Махмадов болса Жамбылдық әріптестерімізден тергеу жұмыстарына қатысты құпия құжаттарды ұрлауды ұйымдастырған. Ол құжаттардың бір бөлігі «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деген тақырыппен «Алма-Ата инфо» газетінің 21 қараша 2008 ж. №31 (155) санында, сондай-ақ www.almatainfo.narod.ru cайтында жарияланды. Бұл ҚР БАҚ туралы заңын бұзу болып табылады.

Құпия мәліметтерді жариялағаны үшін С.Б.Махмадовқа және «БМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қауіпсіздік қызметінің бастығы Е.Сандыбаевқа қарсы Қылмыстық кодекстің 172-ші бабы бойынша (мемлекеттік құпияны заңсыз алып, жария ету) тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Сандыбаев 28 қараша күні өзін ұстауға келген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдеріне қарулы қарсылық танытты. Тінту кезінде «Тараз» ЖШС кәсіпорнынан 25 дана Макаров тапаншасы табылып, тәркіленді.

Қолды болған құпия мәліметтерді «Алма-Ата инфо» газетіне жариялау үшін Махмадовтың бергенін оның кеңсесінде табылған айғақтар - мақала жобасына Махмадовтың өз қолымен енгізген түзетулер дәлелдеді.

Осы анықталған жайттарға байланысты, Тараз қаласы прокурорының берген санкциясы негізінде ҰҚК Жамбыл облыстық департаменті тергеушісінің тапсыруы бойынша 29 қараша күні, куәгерлердің қатысуымен, «Алма-Ата инфо» газетінің меншік иесі әрі бас редакторы Рамазан Есіргеповтың және осы редакцияның журналисі М.Ходжамуратовтың тұрғылықты мекен-жайы мен жұмыс орындарына тінту жүргізіліп, соның нәтижесінде жарияланған құпия материалдар табылды.

Р.Есіргеповтың 1 желтоқсанда ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментінің Тергеу департаментінде берген түсініктемесінен әлгі жарияланған материалдардың құпия сипаттағы құжаттар екендігінен оның хабардар болғаны анықталды. Бірақ Есіргепов адвокаттың қатысуынсыз қандай да бір ресми жауап беруден бас тартты. Біз оған өз адвокатын шақыруды немесе өз тарапымыздан тегін адвокат қызметін ұсынғанымызбен, ол түрлі сылтаулар айтып, ұсыныстарды қабылдамады.

Сонымен бірге, ҰҚК Жамбыл облыстық департаментінен қылмыстық істі тергеу шарасына куәгер ретінде жауап алу үшін Р.Есіргеповты Тараз қаласына жеткізу туралы арнайы тапсырма алдық. Таразға баруға келісім берген Р.Есіргепов үйіне барып, дәрі-дәрмектер алуға өтініш білдірді. Алайда, ҰҚК ғимаратынан шығысымен ол тергеу қызметкерлерін алдап соғып, жасырынып үлгерді.

Сөйтіп, қазір АҚШ-тың Алматыдағы елшілігіне тығылған ол тергеушілер оған қарсы заңсыз амалдар қолданып, Таразға күштеп апармақ, болғаны жайында айтып, саяси баспана сұрап отыр. Есіргепов мырзаның бұл айтқандарының барлығы шындыққа жанаспайды, біз өз іс-әрекетімізді қолданыстағы заң шеңберінде жүргіздік. Қылмыстық істе ол куәгер ретінде қарастырылатындықтан, Есіргеповты тұтқында ұстау туралы шешім болған емес. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде ол адам өз білетіні жайында тергеу орындарының сауалдарына жауап беруге міндетті деп санаймыз».

Қызметтік құпия саналатын құжаттар С.Махмадовтың қолына қалай түскен деген сауалға ҰҚК Алматы департаментінің тергеу басқармасының тергеушісі Ақылбек Ерболатов: «ол жөнінде қазірде Жамбыл облыстық департаменті жүргізіп жатқан қызметтік тексеруден соң белгілі болады» деп жауап берді.

Қайыржан Қамзаев «Алма-Ата инфо» басылымының редакциясы орналасқан Есіргеповтың үйін тінту кезінде газетте жарық көрген материалдан басқа әлі жарияланып үлгермеген құжаттардың да табылғанын айтты. Ол Есіргеповтың АҚШ елшілігіне тығылып, саяси баспана сұрауын «спектакль» деп атады.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG