Accessibility links

ҰКК басшылығына Алматы облысының тумасы Әділ Шаяхметов тағайындалды


Әділ Шаяхметов, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы. Астана, 9 желтоқсан 2009 жыл.
Әділ Шаяхметов, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы. Астана, 9 желтоқсан 2009 жыл.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне Әділ Шаяхметовті тағайындауға келісім берген депутаттар оны кәсіби білікті маман ретінде сипаттайды. ҰҚК-нің бұрынғы басшыларының бірі Рахат Әлиев болса президент Назарбаев мұндай қызметке қоярда адамның шыққан тегіне мән береді дейді.


СЕНАТ 10 МИНУТТЫҢ ІШІНДЕ КЕЛІСІМ БЕРДІ

Сәрсенбі күні Парламент сенатының депутаттары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалығына президент ұсынған 53 жастағы генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовтің кандидатурасын бірауыздан қолдап дауыс берді.

Әдетте, мұндай қызметтердің басшылығына жаңадан тағайындалатын адамдарды сенатқа мемлекет басшысының өзі таныстыратын. Айталық, биылғы жылғы сәуір айында Ішкі істер министрі мен Бас прокурорды жаңадан тағайындағанда да Назарбаев депутаттарға өзі келген-тұғын.

Ал бұл жолы сенатқа ҰҚК төрағалығына ұсынылған адамды таныстыруға Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі емес, президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин келді. Бірақ бұл бұрыннан келе жатқан дәстүрді бұза қойған жоқ, сенат депутаттары ың-шыңсыз, көпке созбастан, бас-аяғы 10 минуттың ішінде жаңа төрағаны тағайындауға келісім берді.

Дүйсенбі күні Амангелді Шабдарбаев қызметінен алынған соң, Әділ Шаяхметовке ҰҚК төрағасының міндетін уақытша атқару жүктелген еді. Ол 2007 жылдың қыркүйек айынан бері ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінде болған.

КӨПШІЛІККЕ БЕЙМӘЛІМ ШАЯХМЕТОВ

1956 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген Әділ Шаяхметов 1978 жылы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын тау-кен инженер-электригі мамандығы бойынша тәмамдап, 1982 жылы Минск қаласындағы ССРО КГБ-сының жоғарғы курсынан өткен.

Желтоқсанның 9-ы күні сенат қабырғасында журналистерге берген сұхбатында Әділ Шаяхметов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен қашқақтамайтын ыңғай байқатты.

Қазақстанда заң-құқық органдарының жоғары лауазымды тұлғалары өздерін баспасөз өкілдерінен оқшау ұстап, журналистердің қолына
ҰҚК-не қатысты кейбір жағдайлар бұқаралық ақпарат құралдарында бұрмаланып беріледі.
жиі түсе бермейтін. Ал Әділ Шаяхметов болса, арнайы қызметтің беделін көтеру үшін бұдан былай бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатпақ ниетте екенін мәлімдеді.

– ҰҚК-не қатысты кейбір жағдайлар бұқаралық ақпарат құралдарында бұрмаланып беріледі. Бірақ мен барлық БАҚ-тың жұмысына толық қанағаттанамын. Сіздер өте шынайы бересіздер. Мен сіздермен бірге жұмыс істейтін боламын. Қордаланған мәселені бірге шешетін боламыз, – деді Әділ Шаяхметов.

Соңғы кезде күш құрылымдары арасындағы жанжалға байланысты «ҰҚК-нің беделі тым түсіп кеткен жоқ па?» деген журналистердің сұрағына ол былай деп жауап берді:

– Бәрін қолға аламын. Заңға сәйкес жұмыс істелінеді. Қазір алып бара жатқан жаман жағдай жоқ. Бәрі орнында. Мен өзім 32 жыл бойы осы органда жұмыс істеп келемін. Сапаны көтеремін. Кадрлық жағынан үлкен өзгерістер болмайды. Тек ішінара өзгерістер орын алады.

Сонымен бірге, генерал Шаяхметов негізінен арнайы қызметтің терроризмге қарсы құрылымдарында жұмыс істегендіктен, енді қарсы барлау жұмыстарына баса мән беретіндігін айтты.

– Өкінішке қарай, шетелдің арнаулы қызметтері бізде жұмыс істеп жатыр. Өкілеттіктері бар. Сонымен қатар терроризм, экстремизм – бұлар қазіргі уақытта өте күрделі мәселе. Бірақ Қазақстанда террорлық актілер болған жоқ. Мұнан өзге маңызды міндеттеріміздің бірі – есірткіге, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес. Бұдан да маңыздысы – ҰҚК азаматтарды, мемлекетті, қоғамды қорғауға жұмыс істейді, – деді ол.

Әділ Шаяхметов ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың қызметтен кетуін күш құрылымдары арасындағы текетіреспен байланыстырмайтындығын айтты.

– Шабдарбаев өз қызметін адал және мінсіз атқарды, комитеттің деңгейін биікке көтере білді, үлкен ұйымдастырушылық жұмыс жүргізді, – деді Ә.Шаяхметов.

СӘТ ТОҚПАҚБАЕВ ПЕН РАХАТ ӘЛИЕВ ӨЗГЕШЕ ПІКІРДЕ

Алайда, Әділ Шаяхметовті осыған дейінгі басшыларға қарағанда білікті маман деп бағалаған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, қазірде Парламент мәжілісінің депутаты Сәт Тоқпақбаев арнайы қызмет басшылығындағы ауыс-түйісті күш құрылымдары арасындағы өзара текетіреспен тікелей байланыстырады.

– Соңғы кезде күш құрылымдары арасында не болып жатқанын жақсы біліп тұрсыздар ғой. Бұл жайында БАҚ аз жазған жоқ. Мәселен, Қаржы полициясының жоғары лауазымды қызметкері Айдын Жантелеевке қатысты істі айтуға болады. Осының алдында да ҰҚК-нің өкілдері Ішкі істер министрлігінің үш бірдей жоғары лауазымды шенеунігін тұтқындады деген ақпарат шықты. Негізінен, ҰКК-нің басты жұмысы – елдің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, қазір ҰКК қандай да бір шараны жүзеге асырса, артынша үлкен жанжал еріп жүретін болды, – дейді Сәт Тоқпақбаев.

Бұған дейін депутат Сәт Тоқпақбаевтың өзі арнайы қызметтің жұмысын сынға алып, өзінің телефондарының заңсыз тыңдалатыны жайында мәжіліс мінберінен бірнеше рет депутаттық сауал жасаған болатын. Ол арнайы қызметтің бұрынғы басшысы Амангелді Шабдарбаев ҰҚК-нің беделін түсіріп жіберді деген сарапшылардың пікіріне толық қосылатындығын жеткізді.

Ал осыған дейін Қазақстан ҰҚК басшылығында жұмыс істеген тағы бір адам, қазірде шетелде бассауғалап жүрген, президент
Егер сіз, Алматы облысының тумасы болмасаңыз, онда сізге бұл минус...
Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев К+ спутникті телеарнасына берген сұхбатында бұл ҰҚК-дегі кадрлық саясатқа қатысты өз пікірін білдірді.

– ҰҚК жүйесінің басшылығында тек президентке жақын адамдар отырады. Егер сіз Алматы облысының тумасы болмасаңыз, онда сізге бұл минус... Барлық кәсіби қызметкерлер көмекші, орынбасар деңгейінде ғана қалып қояды. Олар, былайша айтқанда, ат сияқты жұмыс істеп жүре береді, – дейді Рахат Әлиев.

ҰКК басшылығы арнайы қызмет айналасындағы бірнеше жанжалды оқиғадан кейін ауыстырылды.

Өткен аптада елдің Бас прокуратурасы Қаржы полициясы Алматы департаменті төрағасының орынбасары Айдын Жантелеевті тұтқындау барысында ҰКК-нің қызметкерлері заңсыздықтарға жол берді деп мәлімдеген болатын. Соған дейін ҰКК тарапынан есірткі сақтаған деген айып тағылған Жантелеевке қатысты істі прокуратура тоқтатты.

Екінші бір шулы оқиға, youtube.com интернет порталында «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің жауап беріп отырған сәті түсірілген бейнежазбаның жариялануымен байланысты болды. Бұған қатысты өткен аптада оның зайыбы Жәмила Жәкішева бейнесұхбат жазылған дискіні өзіне ҰКК-нің сол кездегі төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың бергенін мәлімдеп еді.

Артынша, дүйсенбі күні, Қазақстан президенті ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың қызметтен кету туралы өтінішін қабылдап, оны өзінің кеңесшісі етіп тағайындағаны хабарланды.
XS
SM
MD
LG