Accessibility links

Диссидент Кәрішал Асанов – Заманбек Нұрқаділов пен Мақсұт Нәрікбаевтың ұстазы


Диссидент Кәрішал Асан-Ата. Алматы, наурыз, 2009 ж.
Диссидент Кәрішал Асан-Ата. Алматы, наурыз, 2009 ж.

Кәрішал Асанов – советтік Қазақстандағы бірлі-жарым диссиденттердің бірегейі. Қонаевтың тұсында оның аузын аштырмады, Колбин тұсында қуғынға ұшыратты. Оппозициямен достасқан емес, одан бойын аулақ ұстайды. Ол — өз жолы, өз шындығы бар адам.

Кәрішал Асанов бес рет парламентке, үш мәрте Қазақстан президенті лауазымына ұмтылып көрді; осы секілді талпыныстардың әрбірінде оны біресе қорқытты, бірде жібітіп көрді, енді бірде алдап-сулады. Ол Борис Ельцинмен, Андрей Сахаровпен, Александр Солженицынмен, Геннадий Колбинмен, Нұрсұлтан Назарбаевпен бетпе-бет әңгімелескен адам. Одақ көлеміндегі партия сардары Георгий Разумовский Кремлге шақырып алып, онымен оңаша сөйлескен.

Ол Қазақстан Ғылым академиясының екі президенті — Шахмардан Есенов және Асқар Конаевпен тығыз байланыста жұмыс істеген. Заманбек Нұрқаділов пен Мақсұт Нәрікбаевты оқытты, өз ұлы Болаттан тұңғыш қазақ гроссмейстерін тәрбиелеп шығарды.

Кәрішал Асанов бүгінде 74 жаста, денсаулығы бұрынғыдай болмаса да рухы сол қалпында: биік, еркін, өжет.

Сонымен, «Тәуелсіздік елесі» атты даулы кітаптың авторы — Кәрішал Асанов деген кім өзі? Өсекші бәлеқор ма, әлде жауға жалғыз тиетін қаһарман, шындық іздеуші ме?

Осы очеркті біз Кәрішал Асановтың өмір жолына арнаймыз.

КӘРІШАЛ ДЕГЕН ЕСІМІНІҢ ӨЗІ БЕКЕР ҚОЙЫЛМАСА КЕРЕК

Ол қайта-қайта сәбилері шетіней беріп, бала тұрмаған үйдің перзенті. Міне, сол себепті де 1935 жылы біздің қаһарман дүниеге келгенде әкесі бала тұрсын деген ниетпен есімін Кәрішал деп қойыпты. Әкесінің арманы – ең болмаса бір баланың қызығын көру еді. Сол арман орындалып, бала аман-есен ержетіп қана қоймай, танымал, біртуар тұлғаға айналды.

Кәрішалдың әкесі – Қабдолда – ол да әкеден жалғыз екен, сондықтан ұрпақтың үзілмеуін ойлаған оның уайымы түсінікті еді. Кәрішалдың әкесі Талдықорғанда өз ортасының сыйлы, танымал адамы болған.

1918 жылы далаға совет билігі келгенде Кәрішалдың жас әке-шешесі қарапайым еңбеккерлер еді: анасы - тігінші, әкесі - етікші. Қабдолда — білімі аз болса да, парасатты адам болатын.

Бірде Талдықорғанға революциялық билік өкілдері келіп, үлкен митинг өткізеді. Сол жиында жас етікші Қабдолда талқыға салынған тақырыпқа қатысты өз көзқарасын білдіреді. Сол жерде жігіттің дұрыс пайымдай білетін зерделілігін аңғарған жұрт оны уезд кеңесінің төрағасы етіп сайлайды. Ол кез — Талдықорғанға көптеген белгілі революционерлердің келіп-кетіп жатқан кезі. Олардың арасында облысты басқаратын Ораз Жандосов та бар еді. Қабдолда онымен сұхбаттас болып, уездегі ахуалды баяндап тұрды.

1930-шы жылдардың орта тұсында Кәрішалдың әкесі өзінің еркін мінезінің кесірінен партиядан шығарылады. Іле-шала тұтқындау қаупі төнгенде қатты сырқаттанған ол төсекке таңылады да, соның арқасында қуғын-сүргіннен аман қалады. Сырқатынан айығар-айықпастан Қабдолда әйел-бала-шағасын алып, қайын жұртына қоныс аударады; сол кеткеннен Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында бір-ақ оралады.

Бірақ оны ауру айналдырып қоймады, әйелі де жиі ауыратын болды. Сол шақта жалғыз ұлдың ер жетіп, аяқтан тұрғанын көретініне Қабдолда күмәндана бастады.

Бақытты күндерге анасы жете алмады. Кәрішал анасынан 14 жасында айырылды. Әйелінің өлімінен кейін Қабдолда тіпті нашарлады. Екі жыл өтіп, мектепті аяқтағанда Кәрішал Алматыға барып, институтқа түсуді көздегенімен, дімкәс әкесін тастап кете алмады. Өзінен басқа әкесіне қарайтын ешкім болмады. Оның үстіне жол жүретін ақша да жоқ еді. Сол кезде 16 жастағы Кәрішал ауыл мектебіне орыс тілінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Айына 1500 сом алып тұрды, ол кезде бұл үлкен ақша саналатын.

Кәрішал Асанов сол кезеңді мақтанышпен еске алады: «Менің еңбекақым колхоз төрағасыныкінен да көп еді. Ол уақытта мұғалімнің жұмысы жоғары бағаланатын. Әлі есімде, үйге алғашқы еңбекақымды алып келгенде (көз алдымда сайрап тұр, кеше ғана секілді) мен үшін де, әкем үшін де бұл ұлы қуаныш болды. Төсек тартып жатқан әкем сол күні орнынан тұрып, үйде, аулада біраз жүрді. Шаттыққа толы екі көзі жайнап шыға келді. Ұлының ендігі жерде құрып кетпейтініне сенімі оянды. Көрсетпей көзінің жасын сүрткенін талай байқадым. Бірақ, оның сол сәттегі күйін кейін, есейгенде бір-ақ түсіндім».

Кәрішалдың әкесі 1951 жылы қараша айында дүние салды. Соңғы сәттерде әкесі ұлын шақырып алып: «сенің азамат болғаныңды көрдім, алда ұзақ та мағыналы ғұмыр кешетініңе сенемін, сондықтан менің жаным тыныш» дегенді айтып көз жұмды.

16-ДА ТАС ЖЕТІМ

«Әкемнің соңғы сөзі мен үшін батамен бірдей болды. Сөйтіп, 16 жасымда не аға-інісі, не әпке-қарындасы жоқ тас жетімге айналдым. Сол мезеттен бері мен өмір жолын жалғыз жүріп келемін. Бәріне жалғыз өзім жауаптымын. Мектепте бір жыл жұмыс істеп, келесі жылы Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетіне оқуға түсу үшін Алматыға кеттім. Бірақ, оқуға түсе алмадым. Бір балл жетпей қалды. Барлық пәннен «жақсы» және «үздік» бағаға тапсырдым, тек неміс тілінен үш алып қалдым».

Кәрішал неміс тілі емтиханына келгенде жаза басты. Басқа пәндерден даярлығы жақсы болғанмен неміс тілінен өзін сенімсіз сезінген Кәрішалдың бұл күйін көрген таныс жігіт — оқуға тапсырып жатқан алтын медаль иесі оған көмек ұсынады. Ондағысы неміс тілінен емтиханға Кәрішалдың орнына кіріп беру. Көп ойланып жатпай-ақ Кәрішал келіседі. Бірақ оның арты қынжылыспен аяқталды. Әлгі замандас үштікке тапсырды…

«Одан да өзім тапсыруым керек еді», – деп өкінішпен еске алады біздің қаһарман.

Дегенмен де осы бағалармен дәл сол жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне оқуға түседі де, оны 1957 жылы аяқтайды. Бірақ Кәрішал төрт жылдық оқуды бес жылда бітіреді. Өйткені, ол төртінші курста оқудан шығарылады. Әрине, кейін оқуға қайта қабылданды, бір жылды жоғалтқаны болмаса.

АҢҒАЛДЫҚТЫҢ БІРІНШІ КЕСІРІ


Кәрішалдың соңғы курста оқудан шығарылуына 1956 жылғы Венгриядағы оқиға себеп болды. Венгрияда Варшава шартына қатысушы елдердің танктері Будапештке кіріп, коммунистік режимге наразылық білдірген венгр халқын таптаған болатын.

«Философия сабағында профессор Нұрымбек Жангелдинге сұрақ қойдым: неге венгр халқы өзінің ішкі мәселесін өзі шеше алмайды, неге ол жаққа танк жіберіледі? Неге Ульянов танк училищесін аяқтаған менің кластасым Құдайберген Бердіқұлов Будапешт көшесіндегі шайқаста қаза табуға тиіс?

Профессор мән-жайды байыппен түсіндірудің орнына ашу шақырып: «саяси сауатсызсың» деп айғайға басты. Үстелді ұрып тұрып: «егер совет өкіметі болмағанда осында отырған сен жарықтықтар малдың соңында жүрер едіңдер» деп ызбарланды. Осындай жай ғана бір сұрақ қойғаным үшін қолма-қол институттан шығарылдым. Мен еш жерге шағымдана алмадым, өйткені, шағымыма ешкім құлақ аспас еді», – деп еске алады жарты ғасыр бұрынғы оқиғаны Кәрішал Асанов.

Әрине, сол заманда студент Кәрішалдың қойған сұрағы бүгіндері бізге қарапайым, бейкүнә сұрақ боп көрінер. Ал, 1956 жылы, Сталиннің өмірден озғанына бар-жоғы үш жыл өткен уақытта, хрущевтік жылымықтың алғашқы белгілері пайда болса да, сөз бостандығы әлі қиын жағдайда еді. Ал, дұрысы — сөз бостандығы мүлдем жоқ болатын. Қайта, студент жас, құдай қағып, оңай құтылған.

«Сол профессор Нұрымбек Жангелдин бір ай өтпей жатып Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып сайланды, – деп әңгімелейді Кәрішал Асанов. – Сонда мен студентпен пікір жарыстыра алмайтын осындай саяз адамды қалайша анадай биікке көтеруге болады деп таңғалдым. Әрине, есейе келе, республика жетекшілерін жіті тани бастағанда таңғалуды қойдық қой».

Бұл Кәрішал Асановтың білім алу сатысындағы билік күшімен бірінші соқтығысуы емес еді. Ол алғаш рет билік ызғарын бұдан ертерек, бірінші курста-ақ сезінген болатын. Бірақ оны жастық тез ұмыттырып жіберді.

Оқудың басталғанына екі апта өткенде акт залында бірінші курстарға арналған дәріс өтті. Дәрісті жуырда ғана Алматыға ауыстырылған Ленинградтың профессоры оқыды. Дәріс Бүкілодақтық коммунистік партияның (большевиктердің) 19-шы сьезінде жасаған Маленковтың баяндамасына арналды. Профессор дәрісін аяқтап, кімде қандай сұрақ барын білгісі келеді. Бәрі үнсіз. Сол сәтте Кәрішал қол көтеріп, сұрақ қояды: «Профессор жолдас, неге баяндаманы Сталин жолдастың өзі жасамады, ол КОКП ОК-нің бас хатшысы емес пе?». Осы мезетте қоңырау шыр етті де, профессор жауап беріп үлгермеді.

«Дүйсенбі күні сабаққа келсем, топ жетекшісі маған Ленинградтан келген профессордың қайтыс болғанын айтты да бетіме үңілді. Ал, кейбір курстастарым құлағыма сыбырлай бастады: «Кәрішал, оны сен өлтірдің. Сенің қойған оңтайсыз сұрағыңа қобалжыған шалдың жүрегі ұстап қалыпты». Шынымды айтсам, менің зәрем қалмады. Ол сұрапыл заман еді ғой, Сталиннің тірі кезі, кім болса ол болсын, адамды зәредей қателігі үшін соттап жіберетін уақыт. Қорыққанымнан бірнеше күн ешкіммен сөйлеспедім, куратордан аулақ жүрдім. Біреу-міреу сөзімді жоғарыға жеткізіп қояр ма екен деп қорықтым», – деп өзінің албырт жас кезінде алғаш сезінген қорқынышын түсіндіреді қазір қарт диссидент.

Төртінші курста оқудан шығарылған Кәрішал Алматы облысы, Кеген ауылында мұғалім болып жұмысқа орналасады. Содан институтқа қайта қабылданғанға дейін бірнеше ай мектепте қызмет етеді.

Сол мектепте оның сабағын тыңдайтын қабілетті де қағілез бір бала оқитын, ол кейіннен Алматы қаласының әкімі болып, танымал тұлғаға айналған Заманбек Нұрқаділов еді. Бірақ, Кәрішал Асанов оның лауазымнан босатылғанға дейін өз шәкірті екенін білген жоқ.

ЗАМАНБЕК НҰРҚАДІЛОВТІҢ КҮРДЕЛІ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

«Заманбек лауазымынан босатылғанда үйіме телефон соғып, кездесуге шақырды. Бұл 1996 жыл еді. Ол маған мәшинесімен келіп, саябаққа алып кетті, сол жерде ұзақ әңгімелестік. Сөзді мен оның ұстазы екенімнен бастады. Сол сәтте маған “ұстазым деп ұмытпағаның жақсы-ау, әрине, бірақ мұны билікте отырғанда емес, қуғынға ұшырағанда есіңе алғаның жаман да” деген ой келді. Бірақ, бұл ойымды оған айтқан жоқпын», – деп бастады Заманбек Нұрқаділовтің күрделі қарым-қатынасын еске алған Кәрішал Асанов.

Бір жылдан соң Заманбек Нұрқаділов Алматы облысының әкімі болды. Бұдан біршама уақыт өткенде Кәрішал Асанов тағы да парламентке Талдықорғаннан сайлауға түсуге талпынады. Заманбек Нұрқаділов бұл жолы қолдау көрсетуден бас тартпас деген үмітпен қабылдауына келеді. Бірақ Заманбек оны қабылдамады.

Шенділердің ғажап қылықтарына үйренген Кәрішал Асанов ренжуін ренжігенімен, оған кек сақтамады. Бес жылдан кейін Заманбек Нұрқаділов төтенше жағдайлар жөніндегі министр лауазымынан босатылып, тағы да жұмыссыз қалғанда Кәрішал Асановқа телефон шалды.

Ол күнді Кәрішал Асанов былайша еске алады:

«2004 жылы төтенше жағдайлар жөніндегі министр лауазымынан босатылған шағы, сәуір айындағы көктемгі таңдардың бірінде маған телефон шалып, былай деді: «Кәреке, мен де қартайып барамын; мен де сізге ұқсап ерте оянатын болғанмын». Амандық-саулық сұрасқаннан кейін: «Кәреке, өтінем сізден, сотта менің өкілім болыңыз», – деп бұйымтайын айтты.

Бақсам, оның үстінен біреу сотқа арыз түсірген екен. Заманбек маған: «Мен сізге қызметіңіздің ақысын төлеймін», - деді. Мен оған: «Заманбек, сенен ештеңе сұрамаймын. Енді, мен, әрине, заңгер емеспін, бірақ, сенен ақы алмаймын, сені тегін-ақ қорғаймын», - деп жауап бердім.

Мән-жайды байқасам, Заманбек Нұрқаділовтің үстінен Алматының Медеу аудандық сотына қалада атышулы Борис Годунов деген арызданыпты. Талап-арыз сомасы – триллион теңге, ақылға сыймайтын сома, мұндай ақша бүкіл Қазақстан бюджетінде де жоқ. Арызына қарасам, ол Заманбек Нұрқаділовке «сүйікті президентім Нұрсұлтан Назарбаевты жемқор деп қорладың» деген өкпе артыпты.

Асанов қолданған тактиканың арқасында сот бір-ақ отырыста аяқталған. Сол туралы Кәрішал Асановтың өзі былай әңгімелейді:

«Сотта мен қорғаныс куәгері ретінде Борис Годуновқа сауал тастадым: «Неге «Қазақстан» газетімен соттаспайсың? Міне, сізге «Қазақстан» газеті, мұнда Заманбек Нұрқаділовтің мақаласы жарық көрген, мақалада Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдік банктерде 80 миллиард доллары бар делінген. Кәнеки, осыдан бастайықшы. Оның үстіне, бұл туралы Заманбек Алматыда ЕҚЫҰ мәжілісінде айтқан, ол материал «Немецкая волна» радиосы арқылы беріліп, «Қазақстан» газетінде жарияланды. Егер сот шындықты анықтаймын десе, онда әңгіме жоқ. Әйтпесе, кінәсіз адамды даттаудың не керегі бар?!

Судья істің қайда апарып соғатынын түсінгенде бірден мәселенің бетін бұрып, Борис Годуновтың талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. Міне, осылайша біз әлгі сотта жеңіп шыққанбыз».

1957 жылы институтты бітірген соң Кәрішал Асанов Талдықорған облысындағы Жетісу колхозына орта мектеп мұғалімі болып жолданды. Содан бір ай өтпей жатып, аудандық партия комитетінің бюросында оны оқу ісінің меңгерушісі қылып бекітеді де, бірден партияға кандидат етіп қабылдайды. Ол заман — жоғары білімді адамдардың тапшы кезі.

Сол мектепте 10-класта қазіргі пропрезиденттік «Әділет» партиясының жетекшісі Мақсұт Нәрікбаев оқыды. Ол да (Заманбек Нұрқаділов секілді) Асановқа шәкірті екенін көп жыл өткенде бір-ақ білдірді. Бірақ, бұл таныстық жақсылықпен аяқталған жоқ.

Келесі жылы Кәрішал Асанов облыстық комсомол комитетіне нұсқаушы қызметіне шақырылды. Білімді, болашақтан үміті зор 23 жасар балаң жігіттің алдынан үлкен қызмет баспалдақтарының көкжиегі көрінді. Бұдан былай тек жайбарақат өмір күтіп тұрғандай болды. Өзі де соған сенді. Алайда, Кәрішалдың сенімі мүлдем ақталмады…

Жалғасы бар.
XS
SM
MD
LG