Accessibility links

Алматыда үлескерлердің талабы бойынша тағы бір даулы сот басталды


«Казкоммерцинжиниринг» басшыларына қарсы сот отырысына қатысқысы келген үлескерлер залға симай кетті. Алматы, 27 ақпан, 2009 жыл
«Казкоммерцинжиниринг» басшыларына қарсы сот отырысына қатысқысы келген үлескерлер залға симай кетті. Алматы, 27 ақпан, 2009 жыл

Ақпанның 27-сінде Алматының Бостандық ауданының №2 сотында «Казкоммерцинжиниринг» құрылыс компанияның басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтті. Үлескерлер қылмыстық іске қатысы бар деп күдіктелгендердің арасында бұрынғы премьер-министр Сергей Терещенконы да атаған, бірақ сот барысында оның аты аталмады.

Аталмыш іс бойынша бірінші сот отырысы таңертеңгі сағат 11-де басталып, 4-ке таман аяқталды. Онда материалдық тұрғыда зардап шеккен үлескерлердің шығынының орнын компания мен оның басшыларының мүлкі арқылы толтыру туралы, сондай-ақ, оған қосымша күдіктілерді жауапқа тарту туралы үлескерлердің талап арызы қаралды.

Бұл өтінішке судья Л.Бектемірова «қылмыстық істе мұндай азаматтық істер қарастырылмайтынын» ескертіп, «қылмыстық істе аты аталған азаматтарды азаматтық жауапкершілікке тарту туралы өтініш алдағы сот процесі барысында қаралатынын» айтты.

Қазіргі таңда қамауда отырған компанияның басшысы А.Оразбаев сотта өзінің кінәсін жартылай мойнына алғанымен, көпшілік алдында жауап беруден бас тартты. Ал компанияның бас бухгалтері А.Сенғазиева болса, өзінің тек компания басшысының бұйрығын орындағанын айтып ақталды.

Дегенмен судьяның бүге-шігесіне дейін қойған сұрақтарынан кейін ол өзіне тағылған айыптың біразын мойындады. Айналымында миллиардтаған қаржы жүрген компанияның бас бухгалтерінің есеп-қисап мәселесінен аулақ екені белгілі болғанда, жұрт таңқалысты. Бұдан кейін сұралған үш үлескер компания басшысын кінәлап, онымен кезінде бірге жұмыстас болған азаматтарды да жауапқа тарту керектігін тағы бір мәрте ескертті.

«Сот процестерінің нәтижелі болғанын қалаймыз» деген үлескерлер арасында құрылған қоғамдық ұйымның төрағасы Өмірбек Кеңесбаев халықтың қаржысының қайтарылуын бірінші кезекке қоятындықтарын жеткізді. Оның айтуынша, ол үшін істі қайта тергеуге беру керек.

– Аталған қылмыстық іске қосымша жауапкер ретінде біз «Интеграция-Достық» ЖШС-гін тартқымыз келеді. Себебі, «Елисейские поля» тұрғын үй кешенін салуды жоспарлап, салушы компаниямен бірігіп жұмыс жасаған да сол. Бірақ, олар кейіннен жобадан жалтарып, үлескерлердің 5 млрд теңгесін алып кетті. Бір қарағанда, жарғылық капиталдағы өздерінің үлестерін сатқан сияқты болып көрінгенімен, олардың бұл мәмілесі заңсыз. Терещенко да, Әкімбеков те әу бастан-ақ Оразбаевтың заңсыз әрекеті туралы білген. Олар жобада жарты жыл бойы жұмыс істеп, енді «білген жоқпыз» деп отыр, – деді Ө.Кеңесбаев.

Дегенмен олардың қолдарында құрылтайшылары Терещенко мен Әкімбеков болып табылатын «Интеграция Достық» пен «Казкоммерцинжиниринг» компанияларының «Елім-ай» кешенін салу үшін бірлесіп жұмыс істегені туралы құжат қана бар көрінеді. Бұған дейін ақпарат құралдарына берген түсініктемесінде Сергей Терещенко аталмыш компанияның жартысына жеткізбей тастап кеткен құрылыс нысандарын бітіруге инвесторларды тартуға өзі ықпал еткені турасында айтқан еді. Дегенмен, ол инвестордың да жайы мәлім болды дейді Өмірбек Кеңесбаев.

– Кімнің атынан шыққаны белгісіз, «инвестор» «Sitan Enterprise Limited» компаниясы қазірде жоқ. 2008 жылдың жазынан бері келіссөздер жүріп келеді. Бірақ олар сол күйінше қалып отыр. Келіссөздер ылғи да тұйыққа тіреледі, жаңа кезең басталғанда талаптары да көбейе түседі. Оның талаптары орындалмай жатқан жоқ, орындалып жатыр. Бұл инвестор заң жүзінде де, іс жүзінде де жоқ. Олай дейтінім, бұл заңды тұлғаның қолдарында құрылысты бітіруге өздеріне құқық берілгені туралы арнайы құжаттары жоқ, – дейді Өмірбек Кеңесбаев.

Есімін атаудан бас тартқан бір үлескер компанияға сеніп банкке қарыздар боп қалғанына шағымданады:
"Елім-ай", "Елисейские поля" тұрғын-үй кешендерінің алданып қалған үлескерлерінің адвокаты Тайыр Назханов. Алматы, 27 ақпан, 2009 жыл.


– Мен сүрілетін үйім үшін төленген ақшаға банктен несие алып қосып, аталмыш компанияға құйған едім. Енді мен іс жүзінде алмаған үй үшін банкке ай сайын несие төлеуге мәжбүрмін. Егер ақшамыз қайтарылмаса, далада қалатын түріміз бар. Қазір анау ипотекаға үй алып, төлей алмай жатқандардың жағдайы бізден гөрі тәуірлеу. Оларда ең болмағанда бастарында үй бар екен, ал мына үлескерлердің басым бөлігінде түк те жоқ. Құр қазылып қойылған шұңқыр бар.

Үлескерлердің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда олардан жинап алынған 16,5 млрд теңге қаржының 7,5 млрд теңгесіне «Казкоммерцинжиниринг» компаниясы С.Терещенкодан жер телімін сатып алса, 3 млрд теңге құрылтайшысы Н. Шаукеров және В. Беридзе болып табылатын «TAMIZ INVEST GROUP» мердігер компаниясының есеп-шотында жатқан көрінді. Ал тағы 1,5 млрд теңге «Казкоммерцбанктің» есепшотында екен.

Аталмыш іс бойынша, келесі сот отырысы наурыздың 2-сі күні өтеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG