Accessibility links

Қазақстанды Қытаймен жалғайтын газ құбырының бірінші тармағы іске қосылды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақты) пен Қытай төрағасы Ху Цзиньтао Орталық Азия газ құбыры жобасының құрамдас бөлігі «Қазақстан – Қытай» жобасының тұсау кесер рәсімінде. Астана, 12 желтоқсан 2009 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақты) пен Қытай төрағасы Ху Цзиньтао Орталық Азия газ құбыры жобасының құрамдас бөлігі «Қазақстан – Қытай» жобасының тұсау кесер рәсімінде. Астана, 12 желтоқсан 2009 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай төрағасы Ху Цзиньтао Орталық Азия газ құбыры жобасының құрамдас бөлігі «Қазақстан – Қытай» жобасының тұсаукесер рәсіміне қатысты. Бүгін қазақ-қытай қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталды деп мәлімдеді екі ел басшылары.


КӨНЕ ЖІБЕК ЖОЛЫМЕН

Сенбі күні Астанаға Қытай төрағасы Ху Цзиньтао Орталық Азиялық жоба – «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» газ құбырының қазақстандық учаскесін ашуға өзі келді. Салтанатты шараға қатысқан екі елдің мемлекет басшылары бұл екі елдің экономикалық қарым-қатынасындағы ірі жобалардың тек басы ғана мәлімдеді.

Астана үшін бұл жоба қазақ газын шетелге шығаратын бірінші экспорттық газ құбыры болып саналады. Бұл трансұлтты жоба Орталық Азия табиғи газын Түркіменстаннан Өзбекстанға, одан Қазақстанға, қазақ жері арқылы Қытайға шығаратын болады. Қазақстандағы уческесі екі параллельді құбыр желісінен тұрады.

Бірінші құбырдың газ өткізу қабылеті – жылына 40 млрд. текше метр болса, ол бірден Өзбекстан шекарасынан Қытай шекарасына дейін жол тартады. Екіншісінің газ өткізу мүмкіндігі жылына 10 млрд. текше метрді құрайды. Бұл Бейнеу – Бозой – Қызылорда – Шымкент арқылы жүреді.

Қазақстан аумағындағы газ құбырының жалпы ұзындығы – 1304,5 шақырым. Ол өзбек-қазақ шекарасынан бастау алып, одан Қазақстанның шығыс өңірі арқылы Қорғас бекетіне дейін барады.

Қазақстан билігі енді аталған газ құбыры арқылы елдің Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарын табиғи газбен қамтамасыз ете аламыз деп уәде беріп отыр.

«Қазақстан – Қытай» газ құбыры арқылы 2010 жылы Қытайға жылына 13 млрд. текше метрге дейін қазақ газы тасымалданатын болады. Бұл көрсеткішті Қазақстан билігі 2013 жылы 30 млрд. текше метрге дейін өсіруді жоспарламақ.

Жобаның жалпы құны – 7,5 млрд. долларға шыққан. Қаржыны Қытайдың даму банкі займ ретінде берген. Қарызды қайтаруды Қытайдың CNPC компаниясы мойнына алып отыр екен.

«Қазақстан – Қытай» газ құбырының құрылысы 2008 жылдың маусым айында басталған болатын.

ҚЫТАЙ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ МҰНАЙЫ МЕН ГАЗЫНА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Жалпы ресми дерекке сүйсенсек, Қазақстанның Каспий шельфіндегі табиғи газдың қоры 3,3 триллион текше метрді құрайды.

Қазақстан және Қытай елінің басшылары желтоқсанның 14-де газ құбырының Түркіменстандағы бөлігінің тұсауын кесу үшін Ашхабатқа аттанатын болады.

Ал екі мемлекет басшыларының Ақордада кездесуі барысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің мұнай саласындағы қарым-қатынасының болашағы зор деп баға берді. Президенттің айтуынша, өткен жылы Қытайға 6 млн. тонна қазақ мұнайы тасымалданған.

Мемлекет басшысы сонымен бірге қытайлықтардың Атырауда мұнай өңдеу зауытының және Ақтаудағы пластмасс зауытының құрылысын салуға атсалысып жатқандығын жоғары бағалады.

Президенттің сөздеріне сүйенсек, Ақтаудағы Битум зауыты болашақта Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралын салу үшін аса пайдалы.

Ал өз кезегінде Қытай халық республикасының президенті Қазақстан мен Қытай арасындағы бес байланысқа ерекше тоқталып өтті.

– Бірінші, екі ел арасындағы тығыз қарым- қатынас деңгейін сақтап қалу, өзара түсіністікті нығайту. Екінші, энергетикалық қарым-қатынасты біріккен жобаларды жүзеге асыру арқылы тереңдете түсу. Үшінші, шикізаттық емес сектордағы қарым-қатынасты кеңейту. Төртінші, қаржы саласындағы өзара ынтымақтатықты тереңдете түсу. Қытайдың Қазақстанға берген 10 млрд. доллар несиесін оңтайлы жұмсай отырып, өзара қарым-қатынасқа жағдай жасау. Бесінші, гуманитарлық саладағы қарым-қатынасты нығайту үшін қытай жағы ғылым мен техника мәдениет, туризм саласын дамытуға қолдау білдіреді. Осы бағытта Қытайдың жоғары оқу орындарында үкімет грантымен оқитын студенттер санын жүзден екі жүзге дейін көтереді, – деді Қытай төрағасы.

Қытай жағы Қазақстанның шикізаттық емес саласын дамытуына 3,5 млн. АҚШ долларын бөлуге дайын екен. Бұл жөнінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.

Мұнан өзге Қытай мемлекеттік банкі шикізаттық емес саладағы түрлі жобаларды жүзеге асыру үшін 3 млрд. доллар бөлу жөнінде қосымша келісім шартқа келу мүмкіндігі бар екен.

«ҚЫТАЙҒА ЖЕР БЕРУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛҒАН ЖОҚ»

Келесі жылдан бастап, Қазақстан мен Қытай үкіметі арасындағы келісім шартқа сәйкес, қазақ бидайы Қытайға экспортталатын болады. Әзірге Қазақстан 3 млн. тонна астық тасымалдайды. Қазақстан президенті Назарбаев мұны да ерекше атап өтті.

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев Азаттық радиосы тілшісіне Қытай төрағасының бұл сапары барысында азық-түлік дақылдарын өсіру үшін қазақ жерін Қытайға жалға беру мәселесі қаралмағанын айтты.

– Бұл мәселе мүлдем күн тәртібінде болған жоқ. Қаралған жоқ, – деді министр.

Еске сала кетейік, таяуда Астанада өткен шетелдік инвесторлардың кеңесінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың соя мен рапс өсіру үшін 1 млн. гектар қазақ жерін сұрап отырғанын мәлімдеген еді.

Бүгінде екі мемлекет арасындағы сауда айналымы Қазақстан президентінің айтуынша, 15 млрд. долларды құрайды. Қазір Қытайдың жоғары оқу орындарында Қазақстанның үш мыңға жуық студенті білім алады.
XS
SM
MD
LG