Accessibility links

Бельгия парламентінің депутаттары пәренже, нихаб киюге тыйым салатын заң қабылдады


22 жастағы Сельма нихабты өз еркімен киіп жүргенін айтады. Брюссель, 26 сәуір 2010 жыл.
22 жастағы Сельма нихабты өз еркімен киіп жүргенін айтады. Брюссель, 26 сәуір 2010 жыл.

Бельгия парламентінің төменгі палатасы қоғамдық орындарда мұсылман әйелінің бас киімдері – пәренже, нихаб киюге тыйым салатын заңға дауыс берді. Бұған дейін Еуропада мұндай мазмұндағы тыйым болған емес.


КӨПШІЛІК ДАУЫС

Бейсенбі, сәуірдің 29-ы күні Бельгия парламентінің төменгі палатасының 136 депутаты елдегі көпшілік орындарда мұсылман әйелдерінің бет-жүзді жасыратын бас киіммен жүруіне тыйым салатын заңды қолдап дауыс берді, екі депутат қалыс қалған.

Тыйым күшіне ену үшін құжатты сенат бекітуі тиіс. Заң көпшілік орындарда адамның түрін тұмшалап тұратын киімдерді, атап айтқанда, бетті толық жабатын пәренже және көзді ғана ашық қалдыратын нихаб киюге тыйым салуды қарастырады.

Заңды орындамағандар жауапқа тартылады: 15-25 евро аралығында айыппұл салынады немесе 7 күнге дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.

Бұған қоса құжат жергілікті билікке заң ережелерін орындаудан қашып жүргендерге 250 евро айыппұл салуға құзірет береді.

«ТҮРМЕ БЕЛГІСІ»

Бельгия либералдық партиясының өкілі Дэниел Бакюлэйн құжат ережелерінде алалаушылық жоқ деп есептейді.

«Пәренже діни киім емес, бұл әуелі саяси белгі», – дейді ол.

Елдегі либералдар заңды қауіпсіздік үшін қабылдауды ұсынып отыр. Партия өкілдерінің пікірінше, пәренже әйелдер үшін «тірі түрме» болып саналады.

Алайда бұндай пікірмен Сельма есімді 22 жастағы мұсылман әйелі келіспейді. Ол осыдан бір ай бұрын ғана нихаб кие бастапты.

«Мұны біздің жеке басымызға, ар-ожданымызға шабуыл деп қарастыруға болмайды. Мен білетін нихаб киюші әйелдердің көбі мұны жеке қалауымен болды деп біледі. Олар нихаб кигісі келетіндер. Мұны басқа адамдар түсінбесе, онда біздің басқа амалымыз жоқ», – дейді Сельма.

Бакюлэйннің айтуынша, Бельгияда бірнеше жүз адам бетін тұмшалап киінеді және бұл елде үрдіске айналып барады.

Мұндай тыйымның қабылдануына қарсы шығушылар Бельгия тұрғындарының үш пайызы ғана мұсылмандар екендігін, солардың аз бөлігі пәренже, нихаб киетіндігін айтып отыр.

Брюссельдегі Азаттық Университетінің ғалымы Кэролайн Сажессер осындай пікірді ұстанады. Оның айтуынша, қазіргі күні қоғамда исламға қатысты алаңдаушылықтың көбеюі салдарынан мұндай тыйымға қарсы шығатын саясаткер табылмай отыр.

«Менің ойымша, соңғы 10 жылдағы оқиғаларды, мәселен Ауғанстандағы жағдайды көре отырып, көпшілік орындарда жабық киім кию еркіндігін қолдайтын адам табыла қоймайды», – дейді ол.
XS
SM
MD
LG