Accessibility links

Ақтөбе облыстық соты үш "лаңкеске" қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды


Ақтөбе облыстық сотының бақылау камерасы орнатылған залы. 26 наурыз, 2010 жыл.
Ақтөбе облыстық сотының бақылау камерасы орнатылған залы. 26 наурыз, 2010 жыл.

Лаңкестікке қатысты айыпталып, сотталған ақтөбелік үш жас жігіттің адвокаттарының берген апелляциясы кері қайтарылды. Процесс ашық болғанымен, судья суретке түсіруге рұқсат бермеді. Сотталғандардың адвокаттары айыпкерлердің азап көргенін айтады.


БҰНДА ДА САИД БУРЯТСКИЙ

Ақтөбе облыстық сотының судьясы Айсұлтан Балмұханов «лаңкестік» бабы бойынша 6 және 7 жылға сотталған Серік Ізтаевтың, Асхат Тұрқымбаевтың және Дәулет Есенбаевтың апелляциялық шағымын қарап, оны қанағаттандырған жоқ. Сотталушылардың өздері қатыспаса да, сот процесі ашық түрде болды. Олар қазір жергілікті тергеу абақтысында отыр.

Естеріңізге сала кетсек, Ақтөбе қалалық №2 сотының 8 ақпандағы шешімімен Серік Ізтаев, Асхат Тұрқымбаев және Дәулет Есенбаевтар Дағыстан аумағында лаңкестік шараларын даярлағаны үшін айыпты деп табылды. Бұл жігіттердің барлығы Ақтөбедегі «Нұрдәулет» мешітіне баратын болған. Сонымен бірге олар Саид Бурятскийдің іліміне де қызығушылық танытқан.

«Лаңкестер» 2009 жылдың 24 шілдесінде «Қараөзек» өткізу бекетінде қазақстан-ресей шекарасынан өтіп жатқан кезінде «әкімшілік құқық бұзғаны үшін» ұсталған. Серік Ізтаев, Асхат Тұрқымбаев және Дәулет Есенбаевтар ондағы мұсылмандардың қалай өмір сүріп жатқандығын өз көздерімен көріп қайту үшін Дағыстанның Хасавюрт қаласына бара жатқанбыз дейді. Алайда мемлекеттік айыптаушы қазақтың бұл үш жас азаматы Солтүстік Кавказдағы Ресей әскеріне қарсы соғысып жатқан исламдық топтарға қосылу үшін бара жатты дейді.

Бұл үш жігіттің те Солтүстік Кавказдағы исламдық топтардың идеологы Саид Бурятскийдің идеяларына қызығушылық танытқандығы белгілі. Саид Бурятский интернет арқылы таратқан ілімінде Солтүстік Кавказдағы Ресей билігіне қарсы қарулы күресті ақтап, оны дінсіздерге қарсы «жиһад» деп жариялаған.

Қазақстандағы «лаңкестікпен» байланысты барлық шулы істерде Саид Бурятскийдің аты аталады. Саид Бурятскийдің 2008 жылы Ақтөбе қаласында лекциялар оқығаны белгілі. Және осы үш жігіт те аталған лекцияларды тыңдап, содан соң Саид Бурятскийдің веб-сайтының материалдарын оқыған. Айыптаудың көзге түсетін негізгі бөлігі осы болды. Сотта қару-жараққа, лаңкестік идеясын насихаттауға қатысты әңгіме болған жоқ. Сотталушыларға Дағыстандағы болашақта болатын лаңкестік шараларға қатысуы мүмкін еді деген айып тағылды.

АТА-АНАЛАРЫ АЗАПТАУЛАР ТУРАЛЫ АЙТАДЫ

Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері жолдары болмаған үш саяхатшыны, соңғыларының айтуларына қарағанда азаптап, Атырау облысына апарып тастаған. Жас мұсылман жігіттердің айтуларынша, Атырау облысының арнаулы қызметтері азаптауды жалғастырып, оларды Ақтөбе облысына жіберген.
Терроризм айыбымен сотталғандардың туыстары сот ғимаратының жанында. Ақтөбе, 26 наурыз, 2010 жыл.


Сотталғандардың адвокаттары Сергей Маков пен Нұрлан Есенғұловтар сотталғандардың облыстық сот процесіне қатысуы және тағы бір маңызды куәгер әйелді сотқа шақыру туралы өтініш жасады. Олардың өтініштері кері қайтарылды.

Судья Айсұлтан Балмұханов сот процесінің басында Азаттық радиосының тілшісіне фотоға түсіруге рұқсат берген. Бірақ арада 10 минут өткен соң ол біздің тілшіні өзіне шақырып, тілшілік куәлігін мұқият қараған соң шешімін өзгертті. Ол қандай да бір суретке түсіруге тиым салды.

Облыстық соттың отырысынан соң сотталушы Асхат Тұрқымбаевтың әкесі Қалибай Тұрқымбаев сот прпоцесі барысында жауап алынбаған сұрақтарды тізбелеп берді. Оның айтуынша, бір нәрсе оған бірден түсінікті болған.

– Қалалық соттың шешімінің өзгеріссіз қалдырылатындығы сотта көрініп тұрды. Процесс жүріп жатқан кезде судья меңірейіп терезеге қарады да отырды. Сотқа сотталушылардың өздері неге қатыса алмайды? Біздің балаларымызды азаптап, қинаған. Ал судья болса бұл сұраққа жолағысы келмейді. Біз, ата-аналар, өз балаларымыздың құқықтары үшін ақырына дейін күресуге даярмыз. Залда бейнебақылау неге қосылмады деген сұрағымыз жауапсыз қалды, – деді Қалибай Тұрқымбаев.
Терроризм айыбымен сотталған Асхат Тұрқымбаевың әкесі Қалибай Тұрқымбаев. Ақтөбе, 26 наурыз, 2010 жыл.


Сотталушы Дәулет Есенбаевтың адвокаты Нұрлан Есенғұлов оның қорғауындағы адамға қарсы тағылған айыптармен келіспейді.

– Менің қорғауымдағы адамды толық ақтаулары керек. Дәулет Есенбаев Ресей аумағында, содан соң бізде, Қазақстанда соққыға жығылған. Медициналық куәландыруды арада біраз уақыт өтіп, денедегі көгерген іздер кеткен соң ғана жасаған. Жоғарғы Сот бұл шешімді бұзады деген үміттеміз, – дейді адвокат Нұрлан Есенғұлов.

Адвокаттың айтуынша, судья Айсұлтан Балмұханов қылмыстық істің материалдарына 2009 жылдың 19 тамызында жасалған сот-медициналық сараптаманың қорытындысын тігіп қойған. Ал сотталушыларды 24 шілдеде соққыға жыққан.

Сотталған үш "лаңкестің" ата-аналары ақпан айында олардың ұлдарын азаптағандары жайында Қазақстанның бас прокуратурасына, Ресей президенті Дмитрий Медведевке, орыс елшілігіне шағым жазған. Оған әзірге жауап болған жоқ.
XS
SM
MD
LG