Accessibility links

Қытай енді Қазақстандағы жел энергиясына қол салды


ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовпен кездесіп тұр. 30 сәуір 2010 жыл
ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовпен кездесіп тұр. 30 сәуір 2010 жыл

Қазақстандағы мұнай өндіру, тасымалдау, жол құрылысы, банк, сауда-саттық, қауіпсіздік салаларына «орнығып» үлгерген Қытай енді қалпына келетін энергия көздерін дамытуға кірісті. Сөйтіп ол аймақтағы басқа ықпалды күштер – АҚШ пен Ресейді ығыстыра бастады.


Вашингтонда орын тепкен Джеймстаун қорына қарасты «Еурейша дейли монитор» басылымының соңғы санындағы мақалада осындай тұжырым жасалады. Бұл қор АҚШ-тың стратегиялық және тактикалық одақтастары саналатын елдердегі көзіқарақты қауымға арнап сараптама жасаумен айналысады.

ҚЫТАЙ ШЕЛЕКТЕ ЖЕЛ ГЕНЕРАТОРЛАРЫН ОРНАТЫП ҚОЙҒАН

«Орталық Азияға ықпал ету жолында АҚШ пен Ресеймен арадағы геосаяси жарыста қалыс қалмау үшін Қытай әр мүмкіндікті қалт жібермей, екіжақты «стратегиялық әріптестік» аясында энергетика секторынан бастап әскери ынтымақтастыққа дейінгі түрлі салалардағы жобаларды өз мүддесі үшін пайдаланып жатыр. Қазақстан мен Қытай енді жаңа бір сала – экологиялық таза қуат көзін өндіру бағытында да әріптестікке қол жеткізді», – деп жазады мақала авторы Фархат Шәріп.

11 қарашада «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Қайрат Келімбетов пен Қытайдың «Датанг оверсиз инвестмент» компаниясының басшысы Лю Шен Да қалпына келетін қуат көздері жобаларын дамытудағы ынтымақтастық туралы бірлескен меморандумға қол қойды. Бұл меморандумға қол қойылмай тұрып-ақ «Датанг» жұмысқа кірісіп кеткен. Қазірдің өзінде Шелек маңындағы сайда желден энергия өндіретін құрылғылар орнатылған, енді олардың мұны жел электр стансасына айналдырмақ ойы бар.

Бұған қоса қытайлық компания Қазақстанда көмір газын (жанған көмірден алынатын газ) өндіру жобасына белсене араласып жатыр, қазір олар біздің электр стансаларын газ генераторларымен жабдықтауға кірісіп жатқан көрінеді. Ал «Самұрық-Қазына» қорының басшылары болса, «табиғатты қорғауға қосар үлесін былай қойғанда, бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа инвестициялық мүмкіндіктер береді» деп құлшынып отыр.

БІР ЖЫЛДА ҚЫТАЙМЕН САУДА ЕЛУ ЕКІ ПАЙЫЗҒА ӨСКЕН

«Соңғы бірнеше жылда Қытай мұнай құбырларымен шектеліп қалмай, Қазақстанмен ынтымақтастықтың жаңа түрлеріне көше бастады, соның ішінде екеуара сауда-саттық пен экологиялық жобалар және банк саласы бар», – деп жазады автор. Соның бір дәлелі – жақында ғана Үрімшіде «Экспортқа бағытталған тауарлардың ортаазиялық көрмесі» өтіп, оған қазақ бизнесмендері шақырылды, олар Қытайдағы әріптестерімен 90 миллион теңге көлемінде сауда-саттық келісімін жасасқан.

Экономикалық тұрғыдан бұл сома тиын-тебен болып көрінгенімен, оның Қытай үшін саяси салмағы зор болып тұр. Олар үшін ұйғырлар мен қазақтар жайлаған Шыңжаң өңірінің Қазақстанмен сауда-саттық жасасып, байланыста болуы өте тиімді. Оның үстіне, Шыңжаң – аса қарқынды дамып келе жатқан аудан. Өңірдің ЖІӨ-сі соңғы бір жыл ішінде 14 пайызға, ал жан басына шаққандағы табыс 12 пайызға өскен.

Қытай үкіметі Қазақстаннан келетін студенттерге бөлінер квота санын 200-ге арттырған. Биылғы қаңтар-қыркүйекте екі ел арасындағы сауда айналымы өткен жылмен салыстырғанда 51,8 пайызға өскен. Яғни, бұл елдің мұндағы ұстанып отырған саясаты – экономиканы әр тұсынан құрсаулау арқылы бақталастарының өрісін тарылту, сөйтіп осы жерге тамырын жайып, қазығын бекіту.

МҮДДЕСІНЕ ҚАТЕР ТӨНЕ ҚАЛСА, ҚЫТАЙ ӘСКЕР КІРГІЗЕ АЛАДЫ

Автор Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында екі елдің арасында әскери-жаттығу оқуларының да жиі өте бастағанын баса айтады. «2002 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы 1780 шақырымдық шекараны демаркациялау туралы келісім Қытайдың Шыңжаң ауданындағы қауіпсіздікті нығайтып, ондағы ұйғыр сепаратизмін тежеп, Орталық Азиядан ықтимал экстремист күштердің еніп кетпейтіндей етіп бекітіп берді», –деп жазады «Еурейша дейли монитор» басылымы.

Мектеп оқушылықтарына қосымша ретінде 2002 жылы Шанхайда шығарылған картада Қытай Балқаш көлінің оңтүстік жағалауына дейінгі Қазақстанның жарты миллион гектардай жерін «даулы аймақ» деп көрсеткен. Бұған трансшекаралық өзендер мен қаптаған қытай мигранттары мәселесін қосыңыз.

Автор осылардың бәрін тізе келе Қазақстанның Қытайға қатысты сыртқы саясатына қазақстандық сарапшы Константин Сыроежкиннің аузымен баға беріпті. Қытаймен қарым-қатынастағы тым шолақ ойлы саясат түбінде бізді жарға жығуы мүмкін деген қаупін айтады сарапшы. Орталық Азиядағы жол инфрақұрылымын жедел дамытуға қатыса отырып, Қытай өзінің стратегиялық мүдделеріне қауіп төне қалған жағдайда оны Орталық Азияға өз әскерін кіргізу мақсатында пайдалануы мүмкін деген ойын жеткізіпті К.Сыроежкин.
XS
SM
MD
LG