- Мен бүгін таңертең осы елшілікте отырып, елде өзіме қарсы жасалып жатқан бассыздықтарға наразылық ретінде аштық жариялайтынымды айтқан болатынмын. Сірә, соның әсері болуы керек, жоғары жақтағылар қозғала бастаған секілді. Елші менімен әңгімесінде Қазақстан Сыртқы істер министрлігімен, ел басшылығымен сөйлесіп, менің басымдағы жайтты бақылауда ұстайтындарын айтып, барлығы заң аясында, объективті болатынына сендірді.
Журналист Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзін Тараз қаласына күштеп әкетпек болды деп кінәлады:
- Олар мені түсінік беруге алдап шақырып, тұзаққа түсіруге әрекет жасады. Ашығын айтқанда, мені ұрлап әкетпек болды! Кеше олар мені аутокөлікке отырғызып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ауласынан сыртқа алып шықты. Ғимараттан 25-30 метрдей ұзаған сәтте амалын тауып, көліктің есігін ашып, сыртқа қашып шықтым. Екі білегіме жабысқан қызметкерлерді сүйреген қалпы бір кварталдай жүріп барып, туыстарым мен әріптестерім келгенде олардан құтылдым.
Есіргепов өзінің үйіне тінту жүргізген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары заң талаптарын сақтаған жоқ дейді:
- Олар кімнің бұйрығымен жасап жатқанын білмеймін. Бірақ соның барлығын заң шеңберінде жасауға болатын еді: шақырту қағазын заңға сәйкес рәсімдеп, прокурордың тиісті рұқсат құжатымен мені хабардар етіп дегендей. Ал олар бәрін басқаша істегісі келді – сырт көзге ҰҚК Жамбыл облыстық департаментінің тергеу амалы болғанымен, ҰҚК-нің жергілікті қызметкерлері белсенділік танытты. Қолдарында тиісті құжаты жоқ болса да тінтіп-тәркілеуге келді.
- Рамазан мырза, керекті мақаланы басқызу үшін сізге ақша беріп сатып алған деген сөздер айтылып жатыр?
- Білесіз бе, оларға салсаң, мені президент немесе басқа бірлеулер де сатып алған деген әңгімені шығаруға болады. Ал шын мәнінде, аймақтарда жергілікті заң орындарын басқарып отырғандар бөтеннің меншігін тартып алу - рейдерлікті кәсіп еткендердің нағыз өзі екеніне көз жеткізу қиын емес. Мысалы, сол даулы мақалада ұлттық қауіпсіздік туралы заң шеңберінде ғана жұмыс істеуге міндетті облыстық ҰҚК-нің жергілікті сот, прокуратура, салық орындарына әмір жүргізіп, түрлі заңсыздықтарға барып отырғаны жан-жақты баяндалған.
- Сіздің ендігі қадамыңыз қандай? Таразға барасыз ба?
- Иә, барамын. Менде бармасқа лаж жоқ. Мен ол туралы бағана елшіге де айтым, ол басшылықпен бұл жайында сөйлесіп, менің ісіме қатысты тергеу амалдарының заң шеңберінде болуын бақылауда ұстайтындарын айтты.
- Сізді куәгер ретінде шақырып отыр ғой?
- Блесіз бе, олар барлық қағазға куәгер деп көрсетіп жазғанымен, кез-келген сәтте куәгерден айыпталушыға айналып кету оп-оңай.
«Алма-ата инфо» газетінің құрылтайшысы әрі бас редакторы Рамазан Есіргепов 1 желтоқсан күні өзін Алматыдан Таразға алып кетпек болған ҰҚК-нің қызметкерлерінен сытылып шығып, АҚШ елшілігінің Алматыдағы өкілдігіне барып, түнімен сол жерді паналаған. Сонымен бірге журналист өзіне саяси баспана беруді сұраған.
Сейсенбі күні Есіргеповке қатысты шұғыл баспасөз мәслихатын өткізген ҰҚК-нің Алматы қаласы бойынша департаментінің өкілдері оның шетел елшілігіне тығылып, саяси баспана сұрауын «спектакль» деп бағалап, журналистің тараздық кәсіпкер, қазірде үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған Сұлтан Махмадовпен байланысы бар деп мәлімдеді.