30 сәуір түн ауа Ресейдің Туапсе қаласына тағы да дрондар шабуылдады. Бұл туралы Краснодар аймағының жедел штабы хабарлады.
Штаб теңіз терминалына жасалған шабуылдан зардап шеккендер жоқ, өрт сөндіруге 41 техника, 128 адам жұмылдырылды дейді.
Бұл – кейінгі екі аптада Туапседегі мұнай базасына жасалған төртінші шабуыл. 16 сәуір мен 20 сәуірдегі мұнай базасына шабуылынан соң алапат өрт болып, түтін ауаға тарап, мұнай өзендерге төгілген. 28 сәуірде мұнай зауыты тағы да шабуылға ұшырап, Туапсе аймағында төтенше жағдай жарияланған.
Ресей қорғаныс министрлігі 1 мамырда Ресей аумағында, аннексияланған Қырымда, Қара теңіз бен Азов теңізінде Украинаның 141 дронын атып түсірдік деп есеп берді.
Ал Ресей 1 мамырға қараған түні Украинаның Одесса облысына шабуыл жасап, көпқабатты үй мен теңіз портының инфрақұрылымы бүлінген. Бұл туралы Украина төтенше жағдай қызметі хабарлады. Бес бейбіт тұрғын зардап шеккені айтылды.