АҚШ пен Ресей президенттері – Дональд Трамп пен Владимир Путин телефонмен сөйлесті. Бұл жөнінде Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков хабарлады. Әңгіме 1,5 сағатқа созылған.
Трамп Путинмен телефонмен сөйлескенін растап, "өте жақсы" әңгіме болғанын айтты. АҚШ президентінің сөзінше, Украина мен Иран мәселесі талқыланған. Трамптың айтуынша, ол Путинге Украинада "кішігірім бітім" жасауды ұсынғанын, Путин оған келіседі деп үміттенетінін жеткізді.
Бұған дейін Ушаков Ресей президенті Жеңіс күнін атап өту кезінде Украинада атысты тоқтатуды ұсынғанын, ал Трамп мұны қуаттағанын айтқан. Нақты қанша уақытқа атыс тоқтайтыны әзірге айтылмады. Украинаның реакциясы да белгісіз.
Ресей президентінің көмекшісінің сөзінше, АҚШ басшысы Путинге "Украинадағы соғысты аяқтау бойынша келісімге келетін күн жақын" деп айтқан. Ал Путин оған "арнайы әскери операцияның" мақсаты қалай болғанда да орындалатынын, Ресей әскері "қарсылас жақты тықсырып жатыр" деген.
Дегенмен кейінгі айларда Ресей әскерінің алға жылжуы бәсеңдеген, ал Украина Ресей майдан шебінің артындағы аумаққа жиірек соққы жасай бастаған. Украина президенті Владимир Зеленский сәрсенбі күні Украина кейінгі 9-10 айдағы ең жақсы жағдайда тұр деп айтқан.
Ушаковтың сөзінше, мемлекет басшыларының "Украина соғысты созып жатыр" деген пікірі бір жерден шыққан. Ақ үйде журналистердің сұрақтарына жауап берген Трамп Путин баяғыдан бері "келісімге дайын", бірақ қандай да бір адамдар оған келісім жасауға бөгет жасаған деп айтқан. Ол Украинадағы соғыс бірінші біте ме, әлде Ирандағы соғыс бірінші біте ме, нақты айта алмайтынын, бірақ Украинадағы соғыс бірінші бітуі мүмкін деп топшылаған.
АҚШ президентінің сөзінше, Путин оған Иранның байытылған уран мәселесін шешу бойынша ұсынысын жеткізген, алайда Трамп оны бірінші кезекте Украинадағы соғысты аяқтау мәселесіне назар аударуға шақырған.
- Былтыр Трамп қызметіне кіріскелі бері Украинадағы соғысты тезірек бітіру қажеттігін мәлімдеп келеді. АҚШ келіссөздер ұйымдастырып, араағайындық жасаған, алайда әзірге атыс тоқтаған жоқ. Ең күрделісі жер мәселесі шешілмей отыр - Ресей Донецк облысының оккупацияланбаған аймағынан украин күштерін әкетуді талап етеді, ал Киев оған қарсы. Соңғы рет тіке үшжақты келіссөз ақпанда өткен.