Accessibility links

Қазақстан билігі қоғамдық орындарды ЖИ көмегімен бақыламақ


Министрліктер үйіндегі бейнебақылау камерасы. Астана, 24 ақпан 2025 жыл.
Министрліктер үйіндегі бейнебақылау камерасы. Астана, 24 ақпан 2025 жыл.

Қазақстан үкіметі бейнебақылаудың ұлттық жүйесін құрмақ. Бұл жүйе бүкіл ел аумағындағы қоғамдық орындарды қамтып, адамдарды бет-әлпетінен тануға көмектеседі. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке сілтеп Власть.кз басылымы хабарлады.

Министрдің сөзінше, бейнебақылау камералары жасанды интеллект көмегімен қоғамдық орындарды тәулік бойы қадағаламақ. Жүйе адамдарды, көліктердің нөмірлерін және қауіпті жағдайларды анықтай алады. Мысалы, қоғамдық орында ұрыс-керіс не төбелес болса немесе бәз-біреу заттарын қараусыз қалдырып кетсе, бақылау жүйесі оқиғаны тіркеп отырады. Мәдиевтің айтуынша, бұл қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті арттырып, құзырлы органдарға жедел қимылдауға жол ашады.

Жасанды интеллект министрлігі қазірдің өзінде құқық қорғау органдарымен бірқатар ортақ жобаны іске асырып отыр. Оның ішінде "Құқықтық кеңес жөніндегі ЖИ" жобасы бар. Бұл адамдардың құқықтық сұрақтарына бірден дәл жауап беруге мүмкіндік береді дейді шенеунік.

Алайда сарапшылар мен құқық қорғаушылар әсіре бақылаудың қауіп-қатері барын жиі айтып жүр. Адамдарды бет-жүзінен танитын жүйелер сол адамдарға айтпастан дербес деректерді мол көлемде жинауы ықтимал. Бұл деректерді белсенділерге, билік сыншыларына қарсы қолдану қаупі бар дейді олар.

Маусым айында полицейлер Алматы әуежайында бұрынғы шенеунік, қазіргі саяси блогер Санжар Боқаевты ұстаған. Полицейлер қолындағы TargetEYE жасанды интеллекті Боқаевты іздеу жарияланған адам деп көрсеткен.

Боқаев полицейлермен әңгімесін ішінара телефон камерасына түсіріп, полиция қызметкері мәліметтер базасындағы белсендінің жеке деректерін көрсеткен. Онда Боқаевтың аты-жөні толық жазылып, оны азаматтық белсенді деп көрсеткен. Полицейлер көп ұзамай белсендіні босатқан. Кейінірек Қазақстан билігі ЖИ технологиясын белсенділерді аңду үшін қолданбайтынын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG