Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ пен Ресей басшылары соғысты аяқтау жөнінде келіссөз жүргізеді Будапешт қаласы жайлы пікір білдірді. Дүйсенбі, 20 қазан күні журналистермен сөйлескен Зеленский саяси және тарихи астары тұрғысынан Будапешті кездесуге қолайлы жер деп санамайтынын айтты. Бірақ оның сөзінше, соғысты аяқтауға көмектесетін болса, кездесудің қайда өтетіні маңызды емес.
Зеленский Венгрия астанасында Владимир Путин мен Дональд Трамптың қатысуымен үшжақты кездесу өтетін болса, Будапештке баруға дайынмын деді.
Бірақ ол Венгрия басшылығына күмәнмен қарайды. Украина басшысының сөзінше, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан жүрген жерінің бәрінде "Украинаны бұғаттап отырады", сол себепті оның "украиналықтар үшін қандай да бір жақсы әрекет жасауы" екіталай. Орбан Батыс елдері арасында ресейшіл көзқарасты насихаттап жүр дейді Зеленский.
Украина басшысының тарихи астар дегені 1994 жылғы Будапешт меморандумы болуы мүмкін. Сол меморандумға қол қойған АҚШ, Ресей және тағы басқа елдер Украинаның территориялық тұтастығына кепілдік береміз деген.
Зеленский АҚШ-тың арнайы өкілі Стивен Уиткоффке Путинмен кездесуге болады деген жерлерді ұсынған. Олардың ішінде Швейцария, Австрия, Ватикан, Түркия, Сауд Арабиясы және Катар бар. Ал Путин Зеленскиймен Мәскеуде кездесуге дайын екенін айтқан. Зеленский Путинмен Ресейден өзге кез келген жерде кездесе аламын деп отыр.