Accessibility links

Иран көшелері түрленді: әйелдер хиджаб киюден бас тарта бастады


Иран әйелдері көшеде сөйлесіп тұр. Тегеран, 15 қыркүйек 2025 жыл.
Иран әйелдері көшеде сөйлесіп тұр. Тегеран, 15 қыркүйек 2025 жыл.

Иранда әйелдер қоғамдық орында хиджаб киіп жүруге міндеттелген. Орындамаса, қамалып, сотталуы мүмкін. Бірақ кейінгі уақытта хиджабтан бас тартқан әйелдер мен қыздар қатары көбейіп келеді. Бұл өзгеріс ірі қалалардағы көшелерді түрлендіргені байқалады.

Иран журналисі Зейнаб Рахими түрме қаупі төнсе де, хиджаб киюден бас тартқан. Ол бұл қадамға екі жыл бұрын барған. Зейнаб қоғамдық орында басын орамалмен жауып жүруге қарсы шыққан жалғыз әйел емес.

"Әйелдер өзіне ұнайтын киім кигенін, шашын жайып жүргенін көргенде қуанып қаламын" деді Рахими Азаттықтың Иран қызметі – Фарда радиосына. Оның сөзінше, ел астанасы Тегеранда көшелердің түрленгенін көруге болады.

"Мұндай нәрсе біздің елімізде көптеген жыл бойы болмаған" дейді 22 жастағы журналист. "Оранып жүруді жек көретін адам үшін орануға міндетті болмау – керемет жағдай".

Көшеде орамал тақпай жүрген әйел. Тегеран, 12 желтоқсан 2024 жыл.
Көшеде орамал тақпай жүрген әйел. Тегеран, 12 желтоқсан 2024 жыл.

Бетбұрыс

Бұл түрленуге 2022 жылғы оқиға түрткі болған. Хиджаб заңын бұзды деп ұсталған жас әйел Махса Әмини түрмеде қаза тапқан соң, елде билікке қарсы ірі наразылық басталған.

Наразылықты бастаушы күш әйелдер еді. Олар қарсылық акциялары кезінде хиджабын шешіп, оны өртеп тастады. Бұл қарсылық белгілі бір кезеңде өкіметтің өзіне қауіп төндірді, өйткені наразылар арасында елді діншіл биліктен азат ету туралы ұрандар көтеріле бастады.

Қарсылық толқынының бастапқы кезеңінде билік хиджаб талабын одан әрі күшейткісі келді. Бұл елде 1979 жылғы Ислам төңкерісінен бері әйелдер хиджаб киюге міндеттелген.

Былтыр әсіре діншіл депутаттар хиджаб заңын бұзғандарды ұзақ жылға соттайтын, оларға ауыр айыппұл салатын, шетелге шығуға тыйым салатын жаңа заң қабылдады.

Бірақ елдің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы кеңесі жаңа наразылық басталып кетер деп бұл заңды күшіне енгізуді тоқтатып қойды.

3 қазан күні Иран рухани көсеміне кеңесші қызметін атқаратын Тиімділік кеңесінің мүшесі Мохаммад Реза Бахонар хиджаб туралы жаңа заңның құқықтық күші жоқ деді.

Оның бұл сөзі әсіре діншіл бағытты қолдаушылардың ашуын туғызды. Өйткені хиджаб Иран ислам республикасының маңызды символы саналады. Бірақ сөйте тұра діншілдер ірі қалалардағы жаңа жағдайды қабылдап отыр. Билік ол жерлерде хиджаб талабын жеңілдеткен.

Кері қайтпайтын өзгеріс

Фарда радиосы Иранның жеті қаласындағы 12 әйелмен сөйлесті. Олардың айтуынша, кейінгі жылдары көшелерде, дәмханалар мен ресторандарда орамал тақпай жүретін әйелдер саны артқан.

Иран журналисі Зейнаб Рахими хиджабтан бас тарту біртіндеп жүргенін айтады.

2022 жылғы наразылықтан кейін хиджаб кимейтін әйелдер орамалды сөмкесінде ұстаған немесе иығына жауып жүрген. Алдынан ар-ұждан полициясы шығып қалса, сөйтіп құтылатын дейді Рахими.

Хиджаб киюден бас тартқан әйел. Иран.
Хиджаб киюден бас тартқан әйел. Иран.

"Бүгінде әйелдер сыртқа орамалсыз-ақ шығып жүр" дейді журналист. "Олар оны басына тартпайды да, иығын жауып немесе сөмкесінде ұстап жүрмейді де".

Рахимидің сөзінше, елде хиджаб талабына бағынатын әйелдер әлі де көп, олар билік жазасынан қорқады.

Хиджаб заңына бағынбайтындар әсіресе ірі қалаларда көп байқалады. Бірақ шағын қалалар мен елді-мекендерде де әйел киіміне қойылған талапқа қарсы шығушылар бой көрсетіп келеді.

Иранның оңтүстік-батысындағы Ясудж қаласында тұратын бір әйел (редакция аты-жөнін жасырды) "көшеге хиджаб кимей шығатындар Тегерандағыдай көп емес, бірақ жергілікті оларға батыл әйел деп қарайды" дейді.

Иранда көптеген әйел бұл өзгеріс біржола келді деп санайды.

"Бұл – кері қайтпайтын немесе бақылауға алынбайтын өзгеріс" дейді Тегеранда тұратын, әйелдердің күресі туралы деректі фильм түсірген Можган Иланлу. "Бірақ бұл өкімет хиджаб туралы ұстанымын өзгертті дегенді білдірмейді".

Иланлудың сөзінше, билік шегінуге мәжбүр болған. Мәжбүрлеуші – өз құқығы табанды түрде күрескен Иран әйелдері. Олар осы жетістігін сақтап қалғысы келеді.

"Билік қарсыласудың салдары ауыр болатынын түсініп отыр" деді ол Фарда радиосына.

XS
SM
MD
LG