23 маусымда Иран АҚШ-тың Катардағы Әл-Удейд әуе базасына шабуыл жасады. Доха мен Вашингтон шабуылдан зардап шеккендер жоғын, шабуыл алдында базада эвакуация жасалғанын айтады. Reuters агенттігі АҚШ-тың Таяу Шығыстағы негізгі әскери базаларын шолып шықты.
КАТАР
АҚШ-тың Әл-Удейд әуе базасы Доханың сыртында орналасқан, 24 гектар жерді алып жатыр. Бұл – АҚШ-тың Орталық басқару штабының бірі. Әл-Удейд базасы батыста Египеттен бастап шығыста Қазақстанға дейінгі аймақтағы АҚШ-тың әскери операцияларын басқарады. АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең ірі базасында 10 мыңдай әскери қызметкер бар.
БАХРЕЙН
Мұнда АҚШ әскери теңіз күшінің бесінші флотының штаб-пәтері орналасқан. Бұл штаб Парсы шығанағын, Қызыл теңізді, Араб теңізі мен Үнді мұхитының бір бөлігін бақылайды.
КУВЕЙТ
Бұл елде АҚШ әскерінің орталық басқару штабының Арифджан лагері бар. Бұған қоса, Ирак шекарасынан 40 км жерде Әли-әл-Сәлем әуе базасы да Америкаға тиесілі. Бұл базаның орналасқан жері мен оқшауланғанына байланысты «Жартас» деп атайды. Ал Бюринг лагері 2003 жылы Ирактағы соғыс кезінде құрылған. Бұл АҚШ-тың Ирак пен Сирияға кіргізілген әскерилерінің бірінші келетін пункті болған.
БАӘ
Абу-Дабидің оңтүстігіндегі Әл-Дафра әуе базасын АҚШ пен БАӘ әуе күштері бірге пайдаланады. Бұл базаны АҚШ «Ислам мемлекеті» террорлық тобына қарсы миссияға және Таяу Шығыстағы барлау операциясына қолданады.
Дубайдың Жебел-Әли порты ресми түрде әскери база саналмаса да, АҚШ-тың әскери және ұшақ таситын кемелері тоқтайды. АҚШ теңіз әскері Таяу Шығысқа осы порт арқылы кіреді.
ИРАК
Ирактың Анбар провинциясының батысындағы Айн-әл-Асад әуе базасында АҚШ әскерилері бар. Ақ үйдің мәліметінше, бұл әскерилер Ирактың қауіпсіздік күштеріне көмектесіп, НАТО миссиясына үлес қосады. 2020 жылы АҚШ Иран генералы Касем Сүлеймениді өлтіргенде Тегеран Ирактағы осы базаға ракетамен соққы жасаған еді.
Конгресстің есебінде айтылғандай, Ирактың солтүстігіндегі жартылай автономды Күрдістандағы Эрбиль әуе базасында АҚШ әскери жаттығулар өткізеді.
САУД АРАБИЯСЫ
Ақ үйдің 2024 жылғы есебінше, Сауд Арабиясында америкалық 2321 солдат бар. Бұл әскерилер АҚШ-тың әскери ұшақтарын ракета мен әуе шабуылдарын қорғаумен айналысады. Солдаттардың бір бөлігі Эр-Риядтан 60 км жердегі Сұлтан ханзада әуе базасында орналасқан. Олар АҚШ-тың әуе қорғанысы құрылғыларын басқарады.
ИОРДАНИЯ
Конгрестің 2024 жылы жариялаған мәліметіне сай, Иорданиядағы Муваффак-әл-Салти әуе базасында АҚШ әскерінің орталық басқару бөлімінің 332-әуе экспедиция қанаты орналасқан. Бұл бөлімше Түркия, Израиль, Иордания, Ливан, Палестина, Сириядағы миссияларға араласады.
ПІКІРЛЕР