Футболдан Өзбекстан құрамасы 2026 жылы өтетін әлем чемпионатына қатысады. 5 маусымда Өзбекстан футболшылары Абу-Дабиде БАӘ құрамасымен ойында тең түсті – 0:0. Бұл нәтиже жолдама алуға жеткілікті болды.
Матч барысында БАӘ Өзбекстан құрамасының қақпасына екі рет қауіпті соққы жасаған. Екі сәтте де қақпашы Өткір Юсупов қақпаны голдан сақтап қалды. Өзбекстан қақпашысы матчтың үздік ойыншысы атанды.
Ойыннан соң Юсупов "Әлем чемпионатына шығу алдымызға қойылған мақсат еді. Бұл мақсат бізге арман болып қала ма деп уайымдаған едік. Бақыттымыз. Халқымыздың дұғасы қабыл болды" деді.
Азия футбол қауымдастығына мүше Өзбекстан құрамасы жолдамаға Иран, БАӘ, Катар, Қырғызстан, Солтүстік Кореямен бір топта таласты. Ережеге сай, топтан үздік шыққан екі құрама әлем кубогына тікелей жолдама алады. Иран 8 ойынның бірде-бірінде жеңілмей, 25 наурызда-ақ әлем кубогына лицензия иеленген.
Ал екінші жолдамаға Өзбекстан, БАӘ, Катар үміткер еді. Өзбекстанның дәл осы екі қарсыласымен екі ойыны қалған. Өзбек футболшыларына екі матчтың бірінде тең түссе жеткілікті болған. Осылайша, бұл топта Иран 20 ұпаймен, Өзбекстан 18 ұпаймен әлем кубогына тікелей лицензия иеленді.
Өзбекстан әлем чемпионатына алғаш рет барады әрі Орталық Азиядан әлем кубогына қатысатын алғашқы ел. Бұл елдің құрамасын қазір жергілікті маман Тимур Кападзе жаттықтырады.
Қазір Өзбекстанның екі футболшысы Еуропа клубтарында ойнайды. Абдикодир Хусанов Англияның "Манчестер Сити" клубының, Елдор Шомурадов Италияның "Рома" командасының ойыншысы.
Бұған дейін әлем чемпионатына 32 ел қатысып келген еді. FIFA 2026 жылдан бастап әлем кубогына 48 ел қатысады деген шешім қабылдаған. Осыдан соң Азия құрлығына берілетін жолдама саны бесеуден сегізге артқан еді.
ПІКІРЛЕР