Атырау облысында кейбір шаруалар көктемгі тасқыннан кейін мемлекет тағайындаған өтемақы мәселесі әлі күнге дейін шешілмей отырғанын айтады. 6 желтоқсанда Атырауда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен республикалық “Шаңырақ” ұлттық агроқозғалысы өкілдері қатысқан жиында олар өздерінің шағымдарын жеткізді.
Тасқын кезінде үй-жайы мен қора-қопсысы бүлінген шаруаның бірі - Атырау қаласы маңындағы Қайыршақты ауылдық округінің тұрғыны Сәрсенбай Шапиковтің сөзінше, ол үйі мен қорасын маусымда заңдастыра алған. Бірақ үй мен қораға өтемақы әлі алмаған. Жиын кезінде ол мемлекеттен қолдау болмаса, “мал шаруашылығын да қоятын шығармыз” деп қапаланды. Ол "қалаға су келмес үшін Соколок каналының арнасын ашып, шаруаларды суға кетірдіңдер" деп жергілікті билікті сынады.
Ал ауыл шаруашылығы басқармасы маманы Азат Қапанов “бұл табиғи жағдай” деп жауап берді.
Жиынға қатысқан шаруа Нұрбек Есенқұлов шығынға ұшырап, малын сатып, шаруашылық жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған фермерді мысалға келтіре отырып, ауыл шаруашылығы басқармасы маманы Азат Қапановтан осындай шаруаларға сауықтыру мақсатында қолдау бағдарламасы бар ма деп сұрады. Оған Қапанов “жоқ” деп жауап берді.
Жиынды жүргізген “AQIQAT” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллин жергілікті шаруалар қолдау көрмей, амалсыздан кәсібін тоқтатуға мәжбүр болса, шеттен азық-түлік көптеп әкелініп, азық-түлік қауіпсіздігін қаншалықты қамтамасыз ете аламыз деген сауал тастады. Сауал ашық күйінде қалды.
Ал Махамбет ауданынан келген 33 жастағы шаруа Аманқос Қапсалықов өзінің егін егіп, жылыжай шаруашылығымен айналысатынын алға тартты. Сөзінше, алма бағы бар, одан бөлек қарбыз, жүзім, картоп, жуа, жоңышқа өсіреді. Шаруаның айтуынша, оған суда қалған картоп, жуа, жоңышқа және 52 алма ағашы үшін 6 млн теңге үстінде өтемақы төленген. Ал 4700 алма ағашы, қарбыз, қияр және қорасының шығынын өтеуден түрлі себеппен бас тартқан. Аманқос Қапсалықовтың сөзінше, алма бағының 4700 талы “шөп арасында тұр” деп шығыны есептелмеген. Ол шығынды өтеуге жауапты аудандық кәсіпкерлік бөлімін сотқа берген. Сот ісі жалғасып жатыр.
Ол тағы қарбыз бойынша шығын өтемақысын талап етіп, әкімдікті сотқа бермек. Оның сөзінше, шығынды есептеу комиссиясы су құрғаған соң қараған жерде “қарбыз дәні жоқ” деп, шығынды өтеуден бас тартқан.
Жиын кезінде ауыл шаруашылығы басқармасы маманы Азат Қапанов "құжаты жоқтарға өтемақы беру қарастырылмағанын" еске салды.
"Кәсіпкерлік басқармасы тарапынан шығын есептеу комиссиясы шешіміне сәйкес өтеледі" деді ол.
Атыраудағы кейбір шаруалар мен тұрғындар өтемақы толық немесе жартылай төленбей отырғанын бұған дейін де айтып келген. Қыркүйекте премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Атырау облысында су тасқынынан зардап шеккен фермерлерге өтемақы төлеу мерзімі келесі жылдың сәуір айына дейін ұзартылғанын мәлімдеген.
Ресми мәлімет бойынша, Атырау облысында тасқын судан зардап шеккен Махамбет, Индер, және Атырау қаласының шаруа иелеріне комиссия шешіміне сәйкес егін және мал шаруашылығы бойынша 1 млрд 117 млн теңге көлемінде өтемақы берілген. Бұл өтемақылар толықтай өтелді дейді жергілікті билік өкілдері.
Жұма күнгі жиында өтемақыдан бөлек, жерді заңдастыру мәселесі де айтылды. Орал қаласынан келген шаруа Талғат Байкенов жиында Қазақстанда Жоғары сот шешімімен заңсыз деп танылған 2009-2018 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жерлерге тоқталды. Оның сөзінше, үкімет бұл жерлерді заңдастырып, игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, конкурспен жер сұрап жүрген шаруаларға беру керек.
ПІКІРЛЕР