Accessibility links

Жаңаөзендегі жұмысшылар ереуіліне бір апта болды


Жаңаөзенде әлеуметтік пакеттерді ұлғайтуды, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп 12 қарашада ереуілге шыққан "Өзенмұнайгаз" (ӨМГ) компаниясының жұмысшылары әлі тараған жоқ.  "Өзенмұнайгаз" басшылығы жұмысшылар талабы орынсыз деп санайды.

– Біз әлі тарқаған жоқпыз. "Өзенмұнайгаз" басшысы қайта-қайта келеді. Бірақ біз "ҚазМұнайГаз" басшысын шақырып отырмыз. Алты талабымызға жауабын әлеуметтік желіден оқыдық. Оған келіспейміз. "ҚазМұнайГаз" басшысы өзі келіп, жауапты арнайы құжаттармен дәлелдесін, – деді аты-жөнін айтпауды өтінген ереуілшілердің бірі.

Ереуілдегілердің айтуынша, қарсылыққа жүзден астам адам қатысып жатыр, олар содан бері жұмысын тоқтатқан.

"Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамы - Маңғыстау облысындағы Өзен және Қарамандыбас мұнай кен орындарын игерумен айналысатын мұнай компаниясы, құрамында 16 өндірістік бөлімше бар, мұнда 9 мыңдай адам жұмыс істейді. Ол "ҚазМұнайГаз" ұлттық мұнай-газ компаниясының құрамына кіреді.

Ереуілшілер жұмыс берушіден "Өзенмұнайгаздан" зейнетке шыққан және өндіріс салдарынан денсаулығынан айырылған мұнайшылар баласын жұмысқа орналастыруды, 55-58 жастағы жұмысқа жарамсыз болып қалғандар өз еркімен жұмыстан кеткен жағдайда 300 айлық есептік көрсеткіш (АЕК, 1 107 мың теңге - 2214$) өтемақы төлеуді, техниканы жаңартып, операторлар мен машинистер разрядын көтеруді, дербес еңбекақы жүйесіне өтіп, жалақыға салынатын салықты жұмыс беруші төлесін деп талап еткен.

"Өзенмұнайгаз" жұмысшылар талабына жауап ретінде хабарлама таратып, оларды орындау мүмкін емес деп мәлімдеген. Компания жауабында ӨМГ зейнеткерлері мен денсаулығына байланысты жұмысқа жарамай қалғандардың баласын жұмысқа алу Жаңаөзендегі 2020 жылы бекітілген жұмысқа орналасу алгоритмін бұзады деп айтылған.

"Төлем мөлшері жұмысшының өтіліне және зейнетке шығуға дейін қалған айлар санына байланысты АЕК негізінде есептеледі. Бұл ретте, төлемақының ең жоғары мөлшері 125 АЕК – 40 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерге белгіленген. ӨМГ жыл сайын арнайы техниканы жаңартып отырады. Қазір "Бұрғылау жұмыстары басқармасының" техникасын қосқанда, автопарктің 65 пайызы жаңартылды. 2022-2024 жылдар аралығында бұған 22 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалды, ал 2029 жылға дейін тағы 53 млрд теңгеден астам бөлінеді.

2017 жылдан бері қызметкерлерге жалақы салық ұсталғаннан кейін беріледі, бұл Қазақстан заңнамасына толық сай келеді. 2024 жылғы шілдеде "Өзенмұнайгаз" компаниясында еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне өту басталды. Қазір ӨМГ ішінде өзара келісім жүріп жатыр. ӨМГ-нiң 2023 жылғы еңбекақы төлеу ережесіне сәйкес, 30 пайызға дейінгі үстемақы лауазымдарды қоса атқарғаны, қызмет көрсету түрлерін кеңейткені немесе қосымша функцияларды орындағаны үшін төленеді. Сондай-ақ ӨМГ жұмысшыларының жалақысына жыл сайын индексация жүргізіледі. Бұл өңірдегі басқа мұнай өндіруші кәсіпорындардағы орташа жалақыдан асады" деп мәлімдеген "Өзенмұнайгаз" компаниясы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG