АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Украинаға Ресей аумағына алысқа жететін америкалық қарумен шабуыл жасауға қойылған шектеуді алып тастағаны я оны едәуір жеңілдеткені туралы ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.
Бұл туралы хабарлаған Reuters, Associated Press, New York Times, Washington Post және тағы басқа басылымдар шешім шынымен қабылданды дегенімен, оның жай-жапсары бойынша мәліметі әртүрлі.
Украинаға тек 300 шақырымға дейінгі америкалық ATACMS-ті қолдануға я алысқа жететін британдық және француздық Storm Shadow және SCALP зымырандарын да пайдалануға қойылған шектеу алынды ма, жоқ па, әзірге белгісіз.
Францияның Le Figaro газеті 17 қарашада өз дереккөздеріне сүйеніп, "Франция мен Ұлыбритания да Украинаға SCALP/Storm Shadow зымырандарымен Ресей аумағына шабуыл жасауға рұқсат берді" деп хабарлаған. Бірақ ертесіне газет сайтынан ол ақпарат алынып тасталды. Le Figaro материалында мұндай мүмкіндік қарастырылып жатыр деген ақпарат қалды.
Франция сыртқы істер министрлігінің басшысы Жан-Ноэль Барро 18 қарашада Франция Украинаға Ресей аумағына алысқа жететін француз зымырандарымен шабуыл жасауға рұқсат беруді қарастырып жатыр деп мәлімдеді. Оның сөзінше, бұдан басқа жаңа ақпарат жоқ.
Британдық The Times газеті АҚШ Ресей аумағындағы нысандарға Storm Shadow зымырандарын қолдануға әлі де қарсы болуы мүмкін деп жазды. Бұған дейін Лондон мен Париж АҚШ әкімшілігін шектеуді алып тастауға көндіруге тырысады деп айтылған.
Джо Байден әкімшілігі алысқа жететін қарумен шабуыл жасауға берген рұқсат тек Курск облысына байланысты ма, әлде Ресейдің басқа аймақтарына да қатысты ма, жоқ па, әзірге белгісіз деп жазды The New York Times пен Axios. Ақпарат құралдарының көбі Байден Ақ үйге Дональд Трамп келгенге дейін Украина позициясын барынша бекітіп алсын деген ниетпен бұл қадамға барып жатыр. Шешімге Солтүстік Корея әскері Ресей жағында соғысқа араласты деген ақпарат та түрткі болуы мүмкін.
The Washington Post газеті сөйлескен бір дереккөз АҚШ Украинадағы соғысқа сарбаз жібергені қате болды деп Пхеньянға белгі беруге тырысып жатыр деген. The New York Times газетінің жазуынша, ATACMS зымырандары Курск облысындағы Солтүстік Корея күштерін нысанаға алуы мүмкін.
Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова алысқа жететін қару қолдануға қойылған шектеуді алып тастау туралы ақпаратқа қатысты Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін пікір білдірген деді. Путин "Киев режиміне Батыс қаруымен Ресей жерін атуға рұқсат беру НАТО-ның қақтығысқа тікелей араласуға бел буғанын білдіреді" деп мәлімдеп, "Мәскеуге төнген қауіпке қарай шара қолданатын болады" деген.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков те Путиннің сөзіне сілтеді. Ол Ресей аумағындағы нысандарға ATACMS зымырандарымен шабуыл жасауға рұқсат берілсе, "бұл жағдай шиеленіскенін және АҚШ-тың қақтығысқа араласқанын көрсететін жаңа бір жағдай екенін білдіреді" деді. Ол бұл ақпарат әзірге ресми түрде жарияланбағанына назар аударды.
Украина президенті Владимир Зеленский 17 қарашадағы кешкі видеоүндеуінде БАҚ-та шыққан жаңалыққа байланысты "шабуылды сөзбен жасамайды, мұндай нәрселерді жария етпейді" деп мәлімдеді. "Зымырандар өзін әлі көрсетеді. Міндетті түрде!" деді Зеленский.
ПІКІРЛЕР