Өзін республика жариялап алған Абхазияның жетекшісі Аслан Бжания оппозицияның отставкаға кету туралы талабынан кейін Сухумиден кетті. Бұл жөнінде "Эхо Кавказа" және "Республика" телеграм-арналары жазды.
15 қарашада кешке Бжания көптің көзінше отставкаға кетуден бас тартқан, осыдан кейін оппозиция Бжанияға ультиматум қойған. Оған бір сағат ойлануға мұрсат берген.
"Егер ол отставкаға кетпесе, не істейтінімізді білесіздер. Ол отырған жерге барамыз" деді оппозиция жетекшілерінің бірі Леван Микаа.
Кейін Бжанияның қаладан кеткені белгілі болды. Оның баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол Сухумиден 40 шақырым жердегі туған ауылы Тамышқа барған. Оппозицияның мәліметінше, Бжания Ресейдің әскери бөліміне баруы "әбден мүмкін".
"Егер президент таңға дейін байланысқа шықпаса... парламент кворум арқылы оны қызметтен алу мәселесін шешуі керек" деді Микаа.
Кеше, 15 қарашада жүздеген адам Ресеймен инвестициялық келісімге қарсы наразылық білдіріп, митингіге шыққан. Абхазия билігі құжат жергілікті экономикаға стимул беретінін айтқан. Ал оппозиция оны Абхазияның мүддесіне қайшы деп бағалаған.
Оппозиция жетекшілері дегенмен наразылық Ресейге емес – тіке Бжанияның саясатына қарсы бағытталғанын бірнеше рет атап өткен. Олар Ресейді "стратегиялық әріптес" және "қауіпсіздіктің жалғыз гаранты" деп атаған. Наразылар Ресей туын ұстап алып, "Ресей" деп ұрандаған.
Наразылық кезінде жұрт үкімет ғимараты кешені маңындағы қоршауды бұзып, үкімет кешенінің аумағына, ізінше парламент пен президент әкімшілігі ғимаратының ішіне кірді. Акцияға қатысушылар милицияға жұмыртқа және бөтелке лақтырды. "Эхо Кавказа" жазуынша, полиция түтін құтыларды қолданған, алайда қатты қарсылық көрсетпеген. Парламентте оқ атылғаны естілген. 13 адам зардап шеккен, үшеуі ауруханаға жатқызылған.
Наразылық тұсында парламент Мәскеумен инвестициялық келісімді ратификациялау мәселесі бойынша дауыс беру керек болған кезекті сессиясын кейінге шегерді. Кейін президент әкімшілігі отырысты қайта өткізуге уәде берген.
- Абхазия мен Оңтүстік Осетия тәуелсіздіктерін 1990 жылдардың басында жариялаған. 2008 жылы Грузиямен соғыстың нәтижесінде олардың тәуелсіздігін Ресей мойындап, екі республиканың аумағына Ресей әскері орналастырылды.
- Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін кейін БҰҰ-ның төрт мемлекеті мойындады: Никарагуа, Венесуэла, Науру және Сирия. БҰҰ құжаттарында олар Грузия жері деп көрстетілген. Тбилиси Абхазия мен Оңтүстік Осетияны Ресей армиясы басып алған аймақ деп санайды.
ПІКІРЛЕР