Өзбекстанның Ферғана облысындағы сот Ресей армиясының жалдамалы сарбазы болған 51 жастағы жергілікті тұрғын Әлішер Халықовты бес жылға бостандығынан айырды. Халықов Ресей қорғаныс министрлігімен бір жылға келісімшартқа отырған, бірнеше айдан кейін Украинаға кірген соң жараланып, госпитальге түскен.
Халықов Ресейдің Санкт-Петербург қаласына жұмыс іздеп барған деп жазды сот үкіміне сүйенген Gazeta.uz сайты. Былтыр қарашада Халықов өзіне ақы төлемеген жұмыс берушіні ұрып-соққаннан кейін оны полиция ұстаған. Қылмыстық қудалау қаупі төнген соң Халықов полиция учаскесінде Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойған.
Ресей армиясы екі ай жаттығудан кейін Өзбекстан азаматын соғысқа жіберген, 4 ақпанда ол Украина шекарасынан өткен. Әскери колоннаға дрон шабуылдағанда Халықов ауыр жараланып, Мәскеудегі госпитальге түскен. Ол жерден шыққаннан кейін оған Ресей азаматтығын ұсынған, бірақ ол одан бас тартып, еліне қайтқан. Келісімшартқа қол қойғаны және жараланғаны үшін ол 800 мың рубль (8000 доллардан сәл көп) ақша алған.
Іс материалдарына сәйкес, Әлішер Халықов айыбын мойындап, өкінетінін айтқан. Оған тағылған айып бойынша Өзбекстан Қылмыстық кодексінде 12 жылға дейін бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған.
Биыл қыркүйекте BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" басылымы ашық дереккөздегі ақпараттарды талдай келе, Ресей Украинаға басып кіргелі майданда 68 мыңнан астам орыс сарбазы қаза тапқан, оның 13 мыңнан астамы (19 пайызы) – соғысқа өз еркімен аттанғандар деген қорытынды жасаған еді. "Ресейдің қорғаныс министрлігімен келісім-шарт жасасып, соғысқа өз еркімен кеткендердің көбі – жұмыссыздық пен кедейлік жайлаған шалғай өңірлердің тұрғындары" деп жазған зерттеу авторлары.
Өз еркімен соғысқа кеткендер арасында Орталық Азия елдерінен шыққан 265 шетелдік: 51 тәжікстандық, 47 өзбекстандық және 26 қырғыз азаматы бары анықталған. "Ресей билігі шетелдіктердің миграция статусын қысым құралы ретінде пайдаланады. Оларға "мемлекет мүддесіне жұмыс істесе", елден шығармауға, соғыстан оралған соң азаматтық алу процесін жеңілдетуге уәде береді" деді журналистер. Зерттеуде "орысша білмейтін шетелдіктер өзіне берілген құжатты дұрыс оқи алмастан қол қойып жіберетіні" айтылған.
Ресейлік "Вагнер" жеке меншік жалдамалы әскер тобы Қазақстанда да хабарландыру жариялап, соғысқа адам тартумен айналысқан. Жалдамалы әскер қатарына қосылған қазақстандықтар бар, бірақ олардың нақты саны белгісіз.
Былтыр қарашада Қарағанды облысы Топар кентінің 34 жастағы тұрғыны Алексей Шомполов Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін алты жыл сегіз айға сотталған.
ПІКІРЛЕР