Адам құқықтары жөніндегі халықаралық серіктестік ұйымы (IPHR) мен Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық бюро Қазақстан билігінің екі жарым жылдан астам уақыт бойы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасын халықаралық тергеуден бас тартып отырғанына алаңдайтынын білдірді.
Құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған адамдардың көбі қатыгездік көрді, жүздегені азапталды деді. Бірақ Қазақстан билігі бұл мәлімдемелерді тергеп, кінәлілерді жауапқа тартуға тиісті шара қабылдаған жоқ деп жазылған IPHR мен халықаралық бюро есебінде.
2024 жылғы қаңтардағы ресми ақпаратқа сәйкес, құқық қорғау органдарының 34 қызметкері Қаңтар оқиғасына байланысты азаптаулар мен басқа да істер бойынша сотталған. Содан бері тағы бірнеше айыптау үкімі шықты, әлі жалғасып жатқан сот істері бар. Қаңтарда ұсталғандардың қатыгездік көргені туралы жүздеген шағым барына қарамастан, пропорционал түрде алғанда, жазаға тартылғандар саны аз деді халықаралық ұйымдар.
2024 жылы жазда Адам құқықтары жөніндегі халықаралық серіктестік ұйымы Қаңтарда азапталған бірқатар адаммен сөйлескен. Олардың көбі азаптау туралы шағымы "дәлелдер жоқ" деген желеумен жабылып қалғанын, өтемақы ала алмағанын айтқан.
IPHR мен Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық бюро халықаралық қоғамдастықты осы проблемаларға назар аударуға және Қазақстанда адам құқықтарын қорғау жөніндегі күш-жігерді қолдауға шақырған.
Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін 2022 жылғы Қаңтардағы азаптау туралы шағымдарға тәуелсіз және ашық тергеу жүргізуге және оған тәуелсіз деп танылған халықаралық және қазақстандық сарапшыларды тартуға үндеді.
Ұйымдар ресми Астананы тоқтатылған немесе жабылған істерді қайта қарауға, азапталғандарға заңгерлік көмек көрсетуге, қаза болған бейбіт тұрғындар өлімін тергеуге және оны көпшілікке жария етуге, адам азаптағандарды әділ жазаға тартуға, азапту қылмысына және бейбіт адамдардың өліміне қатысы барларға рақымшылық жасауға тыйым салуға, Қаңтар құрбандары мен олардың үй-ішіне көмектесуге, азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын қолдауға шақырып отыр.
Қаңтар оқиғасы Қазақстанның батысында сұйылтылған газ бағасының көтерілуіне байланысты наразылықтан басталған. Көп ұзамай халықтың әл-ауқатының төмендеуіне қарсы бейбіт наразылық саяси сипат алып, Қазақстанның басқа қалаларына да тарады.
Наразылар барлық деңгейдегі билікті ауыстыруды талап ете бастады. Кей қалада митингілер аяғы полициямен қақтығысқа, әкімшілік ғимараттарды басып алып, дүние-мүлікті қиратып, өртеуге, азаматтарды жаппай ұстауға ұласып, кісі өліміне әкеліп соқты.
Наразылықты басу үшін биліктің сұрауымен сырттан Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымның әскері шақырылып, елге енгізілді. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапқан, арасында кішкентай балалар да бар.
ПІКІРЛЕР