Қазақстанды русофоб деп айыптаған ресейлік ғалым биыл сәуірде осы елге кіре алмай қалды. Андрей Грозин жұмыс істейтін ТМД елдері институты бұл жағдайды "достыққа жатпайтын әрекет" деп бағалады. Қазақстан осылайша қарымта жауап беріп отыр деген сөз де бар. Азаттық Азия редакциясы анықтағандай, Ресей Қазақстанның ондаған зерттеушісін "жағымсыз тұлғалар" тізіміне қосқан. Олардың арасында совет кезеңіндегі репрессия жайлы еңбек жазғандар да бар.
"ЖАҒЫМСЫЗ ТҰЛҒАЛАР" ТІЗІМІ
Қазақстан құзыретті органдары 27 сәуір күні ресейлік зерттеуші Андрей Грозинді ел аумағына кіргізбей қойды. Оны Астана әуежайынан қайтарып жіберген.
Андрей Грозин жұмыс істейтін ТМД елдері институты мәлімдеме жасап, зерттеушіге бұл шешімнің себебі түсіндірілмегенін айтты. Институт мұны "Қазақстанның жекелеген өкілдерінің Ресейдегі ғылым және қоғам қайраткерлеріне қарсы достыққа жатпайтын әрекеті" деп бағалап, бұл тәжірибе "қалыпқа айналып барады" деді. Мекеме Ресей мемлекеттік думасының депутаты Константин Затулин екі жыл бұрын Қазақстанға барғанда осыған ұқсас қиындыққа тап болғанын еске салды. Ол кезде депутат Ресей билігінің араласуымен ел аумағына кіре алған.
Астана Затулинді нон-грата тұлғалар тізіміне қосқан. Оған депутаттың Қазақстанның солтүстік өңірлеріне аумақтық талап қойғаны түрткі болған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресей депутаты осы тізімге қарамастан елге қалай кірді деген сұраққа жауап бермеді.
Министрлік Грозиннің жағдайы жөнінде де пікір білдірмеді. Бірақ германиялық Deutsche Welle басылымының мәлімдеуінше, бұл жағдайға ресейлік зерттеушінің Қазақстанды, оның басшылығын сынағаны себеп болған. Басылым мұны Қазақстан билігі өкілдерінің бейресми пікіріне сүйеніп хабарлады.
"Шамасы өзін тарихшы деп санайтын Грозин Тоқаевтың жағымсыз бейнесі қалыптасқаны жайлы, оның тұсында билікке "Түркістан легионына" бейжай қарамайтын "нациктер" делінетін адамдар келгені жайлы айтқанын ұмытқан болар. Немесе ол есінен адасып, қазақтардың менталитеті жайлы қорлық сөз айтқанын, оларды көршісінің малын ұрлап, үйін өртеушілер деп атағанын ұмытқан болар" деп келтірді телеарна аты-жөні аталмаған шенеуніктің пікірін.
Грозин расымен де Қазақстан билігін "русофобиялық нарративпен" әуестеніп, "нациктерді" қолдап отыр деп айыптаған. Сөйтіп ол Қазақстан Украина жолына түсті деп мәлімдеген. 2022 жылы ақпанда Украина жеріне басып кірген Ресей "денацификация жасаймыз" деген еді.
Андрей Грозин сондай-ақ Қазақстанның көпвекторлы саясатын да сынап, БРИКС-ке мүше болудан бас тартқан Астананы Батыстың "ығына жығылды" деп айыптады. БРИКС – Ресей, Қытай, Үндістан, Иран, Бразилия секілді бірқатар елдерден тұратын блок.
"Англосакстар Қазақстан элитасының жанды жері – әмиянын ұстап отыр. Бүкіл БРИКС-ті Батыстан бөлек деп қарастырады, бірақ бұл әлі Батысқа қарсы [бірлестік] емес. Мұндай жағдайда біржақты ұстанымда болу – [Актер Георгий] Вицин сомдаған кейіпкер айтпақшы, орындалмайтын жоспар құруға тең. Тоқаев мұндай шешім қабылдайтындай соншалық сенімді отырған жоқ, соншалық тәуелсіз емес" деді Грозин өзі жұмыс істейтін институттың сайтында жарық көрген сөзінде.
DW дереккөзінің айтуынша, Астанада Грозиннің сол мәлімдемелерін әлі де естен шығармаған, сондықтан да оны өзге де даулы пікір айтқан ресейліктермен бірге елге кіргізуге тыйым салынғандар тізіміне қосқан. Бұл тізімде Грозиннің тікелей басшысы, Мемдума депутаты Константин Затулинмен қатар, аумақтық талаптар айтқан Дума мүшелері Евгений Федоров, Вячеслав Никонов пен Петр Толстой, пропагандашылар Тигран Кеосаян мен Тина Канделаки, сондай-ақ Россотрудничество басшысы Евгений Примаков та бар.
Мұндай тізім Ресейде де бар. DW басылымының жазуынша, Қазақстан парламентінің депутаттары Айдос Сарым мен Ермұрат Бапиге және бірқатар өзге қоғам қайраткеріне Ресей аумағына кіруге тыйым салынған. Айдос Сарымның сөзінше, 2021 жылы оны қолында дипломатиялық төлқұжат болғанына қарамастан Мәскеуге кіргізбей қойған. Ресми Астана бұл жайлы пікір білдірмеген.
Жақында осындай жағдай әзербайжан парламентінің депутаты Азер Бадамов та тап болды. Внуково әуежайында оны да қайтарған. Баку осыдан соң Мәскеуден түсініктеме талап етті. Мәскеу түсініктеме бермеді. Журналистердің топшылауынша, Бадамов Мемдума мүшесі Николай Валуевті сынағаны үшін нон-грата тұлғалар тізіміне кірген. Валуев Бакудегі "Орыс үйінің" жабылғаны жайлы пікір білдіріп, әзербайжандарды қорлайтын сөздер айтқан еді.
Нон-грата тұлғалар тізіміне әдетте қабылдаушы тарапқа қарата ауыр сөздер айтқан, қабылдаушы тараптың қауіпсіздігіне қатер төндірген дипломаттар мен саясаткерлер кіреді. Бұл – бүкіл әлемде қалыптасқан тәжірибе дейді қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Бұдан бөлек "жағымсыз тұлғалар" тізімі бар. Мемлекет өз аумағына мұндай тізімдегі адамдардың кіргенін қаламайды. Қазақстан Грозинді осындай тізімге қосқанға ұқсайды.
– Бұл нон-грата тұлға емес. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірген адамның елге кіруіне тыйым салынады. Мұны кез келген азаматқа қарсы қолдануға болады. Оның ішінде құқық қорғаушы да, журналист те, азаматтық белсенділер де, ғалымдар да – бәрі де болуы мүмкін. Егер билік бұл адам өз еңбектері не зерттеулері арқылы ұлттық қауіпсіздікке қандай да бір қауіп төндіреді деп тапса, мұндай адамның елге кіргені қисынсыз деуі мүмкін, – дейді Жовтис.
КІРУГЕ ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚ ОНДАҒАН ҒАЛЫМ
Ресейдің мұндай тізімінде саясатқа қатысы жоқ көптеген қазақстандық бар. Азаттық Азия редакциясы анықтағандай, тізімге беделді зерттеу институттары мен университеттерде жұмыс істейтін ондаған ғалым кірген. Мұны редакция журналистеріне осы жағдайдан хабары бар дереккөздер айтқан.
Тарихшы ғалымдардың бірі редакция анонимді түрде пікір білдіріп, бірнеше жыл бұрын Ресейге аумағына кіре алмағанын айтты. Оны әуежайда бірнеше сағат ұстап, қолына "елге кіруіне тыйым салынғаны жөнінде" құжат ұстатқан. Тарихшы кері қайтатын әуе билетін сатып алуға мәжбүр болғанын, негізі Ресейге ғылыми жұмысы үшін материал жинаймын деп барғанын айтады.
– Мені не үшін кіргізбейтінін сұрадым. Ешнәрсе түсіндірмеді. ФСБ қызметкерлері: "Өзіңіз білесіз ғой" деп айтты, – дейді зерттеуші.
Тарихшының сөзінше, мұндай жағдайға оның бірталай әріптесі тап болған:
– Олар Ресейге жол тартып, Мәскеуге немесе өзге қалаға ұшып барады, ал ол жақта: "Жақын рейспен қайтыңыз" дейді. Кіруге тыйым салынғандар тізімінде 70-ке тарта ғалымымыз бар.
Түрлі институтта жұмыс істейтін бірқатар зерттеуші Азаттық Азия редакциясына пікір білдіріп, Ресей "жағымсыз тұлғалар" тізіміне беделді қазақстандық ғалымдар – тарихшылар, филологтар, өнертанушыларды қосқан. Қара тізімнен сталиндік репрессия мен Алашорда жайлы еңбектердің авторы, 77 жастағы академик Мәмбет Қойгелді де табылған.
Азаттық Азия Мәмбет Қойгелдіден осы жағдай туралы пікірін сұрады. Тарихшы бұл сұрақты Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты басшылығына жолдауды өтінді. Редакция институт директоры Зиябек Қабылдиновке жүгінді, бірақ ол жауап бермеді. Оның әріптестері айтқандай, Ресей қара тізімінен осы институттан бірнеше адам кірген.
Азаттық Азия сұрағына институт директорының орынбасары Шәмек Тілеубаев жауап беріп, Ресейге сапарлауға қандай да бір кедергі барын жоққа шығарды.
– Былтыр өзім Петербургке барып, мұрағатта жұмыс істедім. Қазір әріптестерім барғалы отыр. Бізге рұқсат беріп жатыр. Иә, талап күшейді. Қазір Росархивке (федералды мұрағат агенттігі – ред.) жазып, рұқсат алуымыз керек. Бас тартқан жағдайлар жайлы естімедім, – деді Тілеубаев.
Редакциямен анонимді түрде сөйлескен зерттеушілердің айтуынша, Ресей өз аумағындағы архивтік құжаттар мен материалдарға қол жеткізуді едәуір қиындатқан. Бұл – зерттеушілер үшін Қазақстанның советтік және оған дейінгі тарихы жайлы ақпарат алуды ауырлатып отыр.
– Ресейлік мұрағаттар Қазақстан туралы қорларының бір бөлігін қызметтік құжатқа балап, оларды бізге бермей отыр, – дейді зерттеушілердің бірі.
Тағы бір зерттеушінің айтуынша, ресейлік мұрағаттар материалдарды түрлі желеумен бермей қойған: бірде ғимаратта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр деген, бірде құжаттар құпияланды деген; кейде зерттеу тақырыбындағы репрессияланған адаммен туыстық байланысты дәлелде деген.
Редакция сөйлескен зерттеушілердің айтуынша, Қазақстанның отарлық тарихын, советтік кезеңді зерттейтін, еңбектері Кремльдің саясатына қайшы келмейтін қазақстандық сарапшылар Ресейге әлі де бара алады. Ал өткен ғасырда ұжымдастыру салдарынан болған ашаршылықты, Алашорда мұрасы мен сол кездегі қайраткерлерді (тіпті олардың филологиялық еңбектерін), саяси репрессияларды, түрлі халықтардың депортациясын және Мәскеудің қытығына тиетін өзге де тақырыптарды қозғайтын адамдар үшін Ресейге жол жабық.
Ресейлік Андрей Грозин Қазақстанға кіре алмай қайтқан соң, саясаттанушы Марат Шибутов Қазақстан осылайша Мәскеуге "үнін" жеткізгісі келді деп топшылады. Оның Telegram-да жарияланған сөзінше, қазақстандық "ғылым жұлдыздары, институт директорлары, ғылым докторлары және академиктер" Ресейге кіре алмай отырғандықтан, Қазақстан билігі осы мәселеге көрші елдің назарын аударғысы келеді. Бұл іс-жүзінде солай ма, жоқ па, белгісіз.
Азаттық Қазақстанның ғылым және жоғарғы білім министрлігіне сауал жолдап, Ресей қара тізімінде Қазақстанның қанша ғалымы бар, бұл жөнінде Мәскеумен келіссөз жүріп жатыр ма, осы жағдай жайлы не дейсіздер деп сұрады.
Министрлік құрамындағы ғылым комитеті қысқа жауап беріп, "Қазақстан мен Ресей – стратегиялық әріптес" екенін, екі ел арасында "ғылым мен білімнен бастап түрлі салада кең ауқымды екіжақты әріптестік жолға қойылғанын" айтты.
"Жекелеген зерттеушілер жөніндегі болжалды шектеулерге келсек, комитетте мұндай шешімдердің бар-жоғы, оның себептері жайлы ресми ақпарат жоқ, комитет мұндай статистика жүргізбейді. Мемлекеттік шекарадан өту мәселесі екі елдегі уәкілетті органдардың құзыретінде. Ғылым комитеті ғылыми дипломатияны, ашық диалог пен академиялық еркіндікті дамытуға, сондай-ақ ғылыми дискурстың саясиландырылуына жол бермеуге дәйекті түрде қолдау білдіріп келеді" деді мекеме редакция сауалына жолдаған жауабында.
– Шетел азаматының қайсыбір ел аумағына кіруіне тыйым салу мәселесін әдетте сол елдің ұлттық қауіпсіздік органы айқындайды және билік бұл шешімді түсіндіре бермейді. Мұндай шешімдерді ҰҚК немесе ФСБ қабылдайды да, оны миграция, шекара қызметіне жолдайды. Бұл шешімдерді даулау көп жағдайда мүмкін емес, – дейді Евгений Жовтис. – Ресей және Қазақстан секілді демократиялық емес мемлекеттерде елге кіруге тыйым салудың артында түрлі себеп бар. Оның ішінде сол елде ауыр мәселе саналатын тақырыптар да бар.
2024 жылы қарашада Астанаға сапарлап келген Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресей мен Қазақстан тарихшылардың ортақ жұмыс тобын құру жайлы келісім жасасқанын мәлімдеді. Бұл қадам "қоғамдарымыздың белгілі бір бөліктерінде анда-санда тұтанып тұратын қызбалықты басуға мүмкіндік береді" деді ол. Аталған топқа Қазақстанның тарих және этнология институтынан бірде-бір қызметкер кірмеген.
Қазақстандық тарихшы Хангелді Әбжанов былтыр Лавровтың осы сөзінен кейін Азаттыққа сұхбат беріп, тарихтың кей кезеңдерін мұқият зерделеу Ресейдің қазіргі билігіне ұнамайтынын, Мәскеу әсіресе сталиндік кезеңдегі оқиғаларға қатты алаңдайтынын айтты.
Кейінгі жылдары Ресей билігі Иосиф Сталинді және оның жаппай репрессиясын ақтауға барын салып отыр. Бұл тренд әсіресе Ресей Украинаға басып кірген соң күшейіп отыр.
"Путин билігінің кейінгі кезеңіндегі Ресей үшін сталиндік репрессия барған сайын қисынсыз, барған сайын режимнің "басты бағытына" кереағар болып барады" деп жазды Азаттықтың Орыс қызметі сайтындағы бағанында Венеция университетінің профессоры, мәдениеттанушы Евгений Добренко. "Ресейдегі Путин құрған саяси режим сталиндік режимнен өзінің бет-бейнесін көреді, екеуінің арасында туыстық байланыс бар. Қазіргі режим соның кезіндегі тыйымдармен, аңыздармен, фобиялармен өмір сүріп отыр.
Сәуірдің аяғында президент Владимир Путин Волгоградтағы Гумрак әуежайының атын "Сталинград" деп өзгертті. Ол сондай-ақ Волгоградтың 1925-1961 жылдардағы атын қайтару ұсынысы жайлы ойланып көретінін айтты. Ол кезде қаланың аты Сталинград болатын. Кейін совет басшысының жеке басына табыну айыпталған соң, қала атауы өзгерген.
Ресей бас прокуратурасы саяси репрессия құрбандары жайлы көптеген істі қайта қарап жатыр. "Коммерсант" газетінің жазуынша, 2022 жылдың екінші жартысынан бастап 2024 жылдың күзіне дейін Ресей 1990-2000 жылдардағы ақтап алу істерінің төрт мыңнан астамын жойған.
Путиннің билігі тұсында Ресейде Сталинге жүздеген ескерткіш қойылды. Мұның бәрі биліктің қолдауымен іске асырылып отыр, билік мұны жасырмайды да. Кейінгісі 2024 жылғы желтоқсанда Вологда қаласында ашылды. Оған облыс губернаторы қатысты.
ПІКІРЛЕР