Ресейдің Железноводск қаласы Иноземцево ауылындағы "Қазақстан геологы" пансионатына сегіз күнге демалуға кеткен алпысқа жуық құлсарылық оқушы мұғалімдерімен Қазақстанға қайтып келе жатыр. 27 қазанда лагерге жеткен балалардың кейбірі ата-анасына хабарласып, "пансионаттағы жатын бөлмеде жәндіктер өріп жүргенін, үйіне қайтқысы келетінін" айтқан.
Ата-аналар 27 қазан кешке Құлсары қаласындағы жергілікті әкімдік алдына жиналып, осы жағдайға байланысты наразылық білдірді. Оқушылар мектептегі күзгі демалыс кезінде Ресейдегі лагерьге тегін жолдамамен кеткен. Ата-аналардың бірі "лагерьде санитария талаптары сақталмаған. Балаларымызды үйге қайтаруды талап етеміз" деді.
Атырау облысы білім басқармасының Азаттыққа хабарлауынша, Жылыой ауданы Құлсары қаласының 174 оқушысы (113 ұл мен 61 қыз) және 18 мұғалімі 26 қазан - 4 қараша аралығында Ресейдегі пансионатқа демалысқа жіберілген. Олар 26 қазан түнде Атырау қаласынан шығып, 27 қазанда лагерьге жеткен. Білім басқармасы лагерь Кавказ тауы баурайындағы орман алқабында орналасқан деді.
"Өңірде бірнеше күн жауған жаңбырдан соң күн күрт жылып, ауаға ұшқан жәндіктер ғимараттың №6 корпусына кіріп, тараған. Ғимарат корпустарына дезинфекция жасалды. Оның алдында да екі мәрте дезинфекция жүргізілген" деп хабарлады Атырау облысының білім басқармасы.
Басқарманың баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарованың Азаттыққа айтуынша, жәндіктер пансионаттағы бір корпустан шыққан, 57 бала мен 8 мұғалім Қазақстанға қайтып келе жатыр, қалғаны демалысқа қалған.
Пятигорскідегі гигиена және эпидемиология орталығының дәрігері, пансионат директоры қол қойған құжатта тексеру қорытындысына сәйкес, жатын бөлмеден табылған жәндіктер паразит және жұқпалы аурулар таратпайды деп жазылған.
Лагерьге кеткен балалар – Құлсарыда көктемгі тасқын кезінде үйін су алған отбасылардан. Тұңғатарованың сөзінше, әр балаға бір күнге 8506 теңге (174 оқушыға сегіз күнге – 11 млн 840 мың теңге) бөлінген.
Ресейдің Железноводск қаласындағы "Қазақстан геологы" пансионатын Қазақстан 2001 жылдан бастап жалға алған. Содан бері Қазақстан балалары осы лагерьде демалып келеді. Атырау облысы білім басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова "лагерь өзімізге тиесілі, 50 жылға жалға алынған" деді. Оның сөзінше, оқушылар демалысына бөлінген қаржы жергілікті бюджетте қалады, кейін келесі жолдамаларға жұмсалады.
ПІКІРЛЕР