14 қазанда Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сайрам ауданы Қарамұрт ауылында 30 жыл отасқан күйеуін қылқындырып өлтірді деп айыпталған 49 жастағы Лобар Хажиеваны 8 жылға бостандығынан айырды. Сот оны Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабы бойынша кінәлі деп тапты.
Хажиева жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтемек. Хажиева кінәсін толық мойындап, шын өкінетінін айтқан.
Хажиеваның сот үкімі шыққанға дейін қамауда отырған әр күні бір жарым күнге есептеледі.
Сот-медицина сараптамасы Олжабай Хажиевтің ажалы буындырғаннан болған деп қорытынды жасаған. Оны әйелі Лобар Хажиева белбеуімен қылқындырған деп жазылған айыптау актісінде. Бұны судья үкім оқыған кезде айтты.
"Сотталушының психологиялық ахуалы бойынша ем алу қажет емес, қылмыс жасаған кезде аффект жағдайда болмаған", – деді судья.
Сот бұл істі 1 тамызда қарай бастаған. Хажиева марқұм күйеуінің ағасынан кешірім сұрағанымен, жәбірленуші келініне кешірім бермеді.
Прокурор айыптау актісінде оқиға 12 сәуір кешке марқұмның үйінде болғанын айтқан. Іс материалдарына қарағанда, ішімдік ішіп келген күйеуі әйелінен арақ сатып алуға ақша тауып беруді талап еткен. Әйелі берген ақшаға арақ ішіп алған күйеуі ізінше әйелінің бетіне түкірген. "Күйеуінің бұл қорлығына шыдамаған Хажиева оны киімінің белбеуімен үй ауласында қылқындырып өлтірген" деді прокурор. Сөйтіп айыпталушы "ішімдік ішіп, отбасының мазасын алып, жүйкесіне тиген” күйеуін "қасақана өлтіріп, аса ауыр қылмыс жасаған".
Айыпталушы мен марқұмның кәмелет жасына толған ортақ төрт баласы бар. Оның бірі – туғаннан мүгедектігі бар бала.
17 сәуірде Азаттыққа төрт баланың тұңғышы "әкем ішімдік ішетін, анамды ұрып-соғатын. Талай рет үйден қашып, далада түнедік. Анамның кінәсі жоқ" деп айтқан.
Қарамұрт ауылының учаскелік полиция қызметкері марқұмның ішімдік ішкенін, отбасында жанжал шығарып, тұрмыстағы зорлық-зомбылық бабы бойынша айыпталып, 2019 жылы "полиция қамқорлығына алынғанын" айтқан. Дегенмен 2023 жылдан бері әйелі күйеуінің үстінен қандай да бір шағым түсірмеген.
ПІКІРЛЕР