Accessibility links

Путин Ашғабатта Иранның жаңа президентімен кездесті


Иран президенті Масуд Пезешкиан және Ресей басшысы Владимир Путин. 11 қазан 2024 жыл.
Иран президенті Масуд Пезешкиан және Ресей басшысы Владимир Путин. 11 қазан 2024 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин 11 қазанда Түркіменстан астанасы Ашғабатқа барды. Ол түркімен ақыны Мақтымқұлы Пырағының туғанына 300 жыл толуына орай өткен «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі» атты халықаралық форумға қатысқан.

Украина сыртқы істер министрлігі Түркіменстан билігін “халықаралық нормаға сәйкес” Путинді тұтқындауға шақырған. Алайда Түркіменстан Халықаралық қылмыстық соттың мүшесі емес.

Былтыр наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің бала құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Мария Львова-Белованы да тұтқындауға пәрмен берген. Сот екеуін де Украинаның оккупацияланған аймағынан халықты, соның ішінде балаларды күштеп көшіріп, әскери қылмыс жасады деп айыптаған. Рим статутына қол қойған елдер Путинді тұтқындауға міндетті. Орталық Азия елдерінің ешқайсысы Рим статутына қол қоймаған.

Жұма күні Ашғабаттағы форум аясында Путин Иранның жаңадан сайланған президенті Масуд Пезешкианмен алғаш рет кездесті.

Екі ел арасындағы келіссөз Таяу Шығыста жағдай ушыққан шақта өтіп отыр. Иран жуырда Израильді баллистикалық ракетамен атқылаған. Израиль Ливанда ираншыл радикал “Хезболла” тобына қарсы операция жүргізіп жатыр. Израиль Иранға жауап беретінін айтқан. Ресей жуырда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жиынында Израильмен қақтығыс мәселесінде іс жүзінде Иранның позициясын қолдаған.

Өз кезегінде АҚШ бастаған бірқатар ел Иранды Ресейге Украинамен соғыста пайдаланатын баллистикалық ракета жеткізіп отыр деп айыптаған. Тегеран мұны жоққа шығарады. Мұндай ракетаның қолданылғаны жөнінде әзірге айғақ жоқ. Алайда Тегеран бұған дейін Ресейге “Шахед” дрондарын да жібергенін жоққа шығарып, кейін мойындаған.

Ашғабаттағы форум алғашында Түркі мемлекеттері жетекшілерінің саммиті ретінде ұйымдастырылған, алайда белгісіз себеппен мәдени шараға айналған. Осыдан соң Ашғабатқа Түркия президенті Режеп Ердоған барудан бас тартқан.

Ресми хабарламада форумға ондаған мемлекет басшысы қатысатыны жазылған, бірақ нақты елдердің аты аталмаған. Жұма күні Ашғабатта Иран, Қазақстан, Моңғолия, Ресей, Пәкістан және Өзбекстан басшылары болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG