Accessibility links

ОРК референдумның түпкілікті қорытындысын жариялады


Қазақстанда АЭС салу туралы жалпыұлттық референдум. 6 қазан, 2024 жыл.
Қазақстанда АЭС салу туралы жалпыұлттық референдум. 6 қазан, 2024 жыл.

Орталық референдум комиссиясы 8 қазандағы отырысында Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша өткен референдумның түпкілікті қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдаған.

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров барлық өңірдегі комиссия дауыстарды санағаннан кейін екі күн ішінде оның нәтижесі туралы хаттамалардың түпнұсқасын орталық комиссияға жеткізді деді.

Әбдіровтің сөзінше, дауыс беру құқына ие 12 284 487 Қазақстан азаматының 63,66 пайызы, яғни 7 820 204 адам референдумға қатысқан.

Оның 71,12 пайызы, яғни 5 561 937 адам елдегі АЭС құрылысын қолдаған, 2 045 271 адам қарсы шыққан. 130 267 бюллетень жарамсыз деп танылған. Екі нұсқа да таңдалған 29 бюллетеньді жарамды деп таныған.

Әбдіров "Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы шығарылған мәселе бойынша шешім қабылданды" деді.

Комиссия төрағасы референдумға дауыс беру туралы хаттама мен оның қорытындысы бойынша қаулыны дауысқа салды, оны бәрі бірауыздан қолдады. Әбдіров референдумда қабылданған шешім оның қорытындысы туралы ресми хабар жарияланған күннен бастап күшіне енеді деді.

Ол Қазақстан азаматтары 6 қазандағы референдумда "мемлекет өміріндегі маңызды мәселе бойынша өз таңдауын жасады" деп мәлімдеді. Әбдіровтің сөзінше, референдум өткізу – Қазақстандағы демократиялық процестерді одан әрі дамыту жолындағы маңызды қадам болды.

– Шет елдер мен халықаралық ұйымдардың бақылаушыларының бағалауы бойынша, референдум ел заңына және Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттерге сай өткен, азаматтар белсенді қатысқан, – деді комиссия төрағасы.

Әбдіров референдум комиссиясы мүшелері "өзіне қойылған күрделі міндетті тиісінше орындап шықты" деп, олардың "адал жұмысын" атап өтті.

– Дауыс беру күні болған кейбір келеңсіз жайтты ОРК мен тиісті өкілетті органдар мұқият қарап, заңға сай, құқықтық баға береді, – деді Әбдіров.

6 қазандағы референдум мұның алдындағы президент және парламент сайлауларымен салыстырғанда біршама тыныш өткенімен, белсенділерді қамау, бақылаушыларға кедергі келтіру жайттары тіркелді. Түркістан қаласындағы №931 референдум учаскесінде бақылаушы болған Құрал Сейітханұлы "карусель" әдісімен дауыс беру болды деп күдіктеніп, прокуратураға арыз түсірген. Бақылаушының айтуынша, кейін полиция оған "карусель" жайлы видеоны өшір деп қолқа салған.

Бұдан бөлек, Түркістан облысында тәуелсіз бақылаушының телефонына бюллетеньді топтап салу фактісі түсіп қалған. Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясының өкілі бұл видеоны ескі жағдай деп жоққа шығарды.

Бұған дейін үкімет АЭС құрылысына Ресей, Қытай, Франция мен Оңтүстік Корея компанияларының өтініштері қаралады деп хабарлаған.

Елде АЭС бойынша халық пікірі сан алуан. АЭС-ті жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартса, АЭС-ке қарсылар атом станциясының қоршаған ортаға әсері мен өзге елдің технологиясына тәуелділік артуы мүмкін дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG