Израильдің "Моссад" барлау қызметі Ливандағы "Хезболла" радикал тобының пейджерлері мен рацияларын миналау операциясын 2015 жылдан бері жүргізген. Бұл туралы АҚШ, Израиль және Таяу Шығыстағы дереккөздеріне сүйенген The Washington Post басылымы жазды.
Басылым сөйлескен дереккөздердің айтуынша, құрылғы ішінде үлкен батареялар, жасырын жарылғыш зат және топ мүшелерін тыңдауға арналған жүйе болған. Дереккөздердің мәліметінше, "Моссад" қызметі құрылғыларды бұдан бұрын жарып жіберуі мүмкін еді, бірақ жаңа – шағын құрылғы әзірлеуді ұйғарған.
Израильдің барлау қызметі тоғыз жыл бойы рациялардан "Хезболла" мүшелерінің өзара әңгімесін тыңдаған. Оларды дағдарыс бола қалған жағдайда жарып жіберуі мүмкін деп болжанған. Бірақ кейін жаңа мүмкіндік пен жаңа өнім – қуаты күшті жарылғыш заты бар кішкентай пейджер жасалған деп жазды басылым. Газет сүйенген дереккөздердің хабарлауынша, бұл идея 2022 жылы пайда болған.
"Моссад" операцияға тайваньдық Apollo пейджерлерін қолдануды жөн көрген, оны шығаратын компанияның Израильмен ешқандай байланысы жоқ. Өндірісі үшінші тарапқа берілді деп болжанған құрылғылар Израильде "Моссад" бақылауында жиналған. Ал Gold Apollo компаниясы бұл туралы білмеген деп жазды The Washington Post басылымы.
Аккумуляторға арналған блокта аздаған мөлшерде жарылғыш зат жасырылған, оны анықтау мүмкін болмаған. Израиль дереккөздері "Хезболла" тобы бірнеше пейджерді ашып тексеріп, рентген арқылы да қараған болуы мүмкін деп есептейді.
"Хезболла" өкілдері жарылғыш затты таба алмаған. Олар "Моссад" қызметі құрылғыларға қашықтан қол жеткізе алатынын да анықтамаған. Кейін "Хезболла" бес мыңға жуық пейджер сатып алған. 2024 жылғы ақпанда оларды орта деңгейдегі сарбаздары ала бастаған.
The Washington Post басылымының мәліметінше, "Моссад" қызметі жарылғаш зат орнатылған пейджердегі шифрланған хабарламаларды көру үшін арнайы процедура ойлап тапқан. Хабарламаны оқу үшін пейджердегі екі түймені басу керек, ал ол үшін екі қолды да пайдалану керек.
Дереккөздердің бірі кейінгі жарылыстан пейджер пайдаланғандардың екі қолы да жараланған болуы мүмкін деп ойлайды. Бұдан бөлек, пейджер "Моссад" агенттерінің құрылғыға жіберген электронды сигналынан да жарылуы мүмкін.
- Қыркүйекте "Хезболла" мүшелері қолданған байланыс құрылғылары бір мезгілде жарылды. Ливан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жарылыстардан кемінде 37 адам қаза тапқан, оның ішінде бірнеше бала бар, тағы үш мыңға жуық адам жараланған, олардың басым бөлігі – кездейсоқ зардап шеккен бейбіт тұрғын болған.
- "Хезболла" – Ливанның оңтүстігінде шииттер көп шоғырланған аудандардың басым бөлігін бақылайтын қарулы топ және саяси партия. АҚШ "Хезболланы" террористік ұйым деп атайды. Ал Еуропа одағы "Хезболланың" қарулы қанатын ғана террористік деп таныған. "Хезболла" партиясы Ливан парламентінде де отыр.
ПІКІРЛЕР