Accessibility links

Денсаулық сақтау министрі: Жедел жәрдем жұмысы күні-түні жалғаса береді


Медициналық жедел жәрдем көлігі
Медициналық жедел жәрдем көлігі

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі дайындаған жаңа бұйрық жобасында "емханалар жанындағы мобильді бригадалар төртінші санаттағы пациенттерге жұмыс уақытында баратыны" жазылған. Жоба "Ашық үкімет" сайтында жарияланды.

Министрлік ұсынған өзгертуге сай, өміріне аса қатты қауіп төнбегендерге, созылмалы ауруы бар науқастарға, жеңіл жарақат алғандарға, қызу көтерілгендерге (бұл төртінші санаттағы пациенттер) жедел жәрдем емес медициналық мекемелердің мобильді бригадалары жіберіледі . Мобильді бригадалар жұмыс күндері жұмыс уақытында, сенбіде таңғы сегізден түскі он екіге дейін барады.

Талап бойынша, төртінші санаттағы пациенттерге бригада бір сағат ішінде баруы керек.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде жедел жәрдем станциялары төртінші санаттағы пациенттерге бригаданы тәулік бойы жіберуді тоқтатады деген хабар тараған еді. Кейін денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Айгерім Уразалиева бұйрық жобасына түсініктеме берді.

"103 нөміріне бұрынғыдай қоңырау шалған пациенттердің бәрі шақырту санатына қарамастан толықтай медициналық көмек алады. Жедел көмек көрсетуді жақсарту үшін төртінші санаттағы пациенттерге жұмыс уақытында қызмет көрсетуге мобилді бригадалар тартылмақ. Жедел жәрдем бригадалары кешкі және түнгі уақытта, демалыс күндері де барлық санаттағы пациенттерге қызмет көрсетеді" деді ол.

Министрлік мұндай шешімге күні-түні жұмыс істейтін бригадаларға қаржы жетпейтіні, оларды ұстау тиімсіз екені, арнайы көліктердің ескіріп, жетпей жатқаны, көмек шақыратындар саны көбейгені түрткі болғанын айтқан.

Кейін денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Facebook-тегі парақшасында жедел жәрдем 103 нөмірі бойынша 24/7 жұмыс істей береді деп мәлімдеді.

"Көмек шақырған пациенттерге жедел қызмет көрсетіп, оның сапасын арттыру мақсатында емханалар жанынан құрылған бригадаларға қатысты өзгертулер ұсынылды. Мобильді бригадалар санын көбейту туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек, балаларға медициналық көмек қажет болған жағдайда педиатр, ал ересек адамдарға кардиолог, невропатолог сияқты тағы басқа дәрігерлер де баратын болады" деп жазды Әлназарова.

Бұған дейін жедел жәрдемнің бір бригадасы 35 мың адамға қызмет көрсетсе, жаңа ереже бойынша 25 мың адам болмақ. Мобильді бригадалардың жұмыс уақыты емханалардың жұмыс уақытымен бірдей болады.

"Кешкі сегізден кейін және демалыс күндері көмек шақырғандарға жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді" деп жазды Әлназарова. Оның сөзінше, бұл норма жедел жәрдем қызметін күтетін уақытты азайтуға әсер етеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG