Accessibility links

Қырғызстандағы 11 журналист ісі: прокурор оларды 6 жылға соттауды сұрады


11 журналистің ісі бойынша сот отырысы. Бішкек, 4 қыркүйек 2024 жыл.
11 журналистің ісі бойынша сот отырысы. Бішкек, 4 қыркүйек 2024 жыл.

26 қыркүйекте Қырғызстанда Temirov LIVE, "Айт, Айт десе", "Арча Медиа" және "ПолитКлиника" жобаларының бұрынғы және қазіргі журналистерінің үстінен өтіп жатқан сотта прокурор олардың бәрін алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Бішкектегі сотта прокурор үйқамаққа жіберілген журналистерді қамауға алуды сұраған. Ал сотта сөйлейді деген тәуелсіз сараптама жүргізген сарапшы процеске келмеді, сол себепті тараптар жарыссөзге көшті.

Қырғызстан милициясы Temirov LIVE және "Айт, Айт десе" жобаларының қазіргі және бұрынғы қызметкерлерін биыл қаңтардың ортасында ұстады. Кейін Қырғызстан ішкі істер министрлігі оларға "билік өкілінің заңды талабына бағынбауға және жаппай тәртіпсіздікке, азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетуге шақырды" (278-баптың 3-бөлігі) деген айып таққан. Журналистерді қамауға алған кезде біразы Temirov LIVE жобасында жұмыс істемеген. Журналистер өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарады.

"Айт, Айт Десе" және Temirov LIVE парақшаларында жарияланған материалдарда наразылыққа және жаппай тәртіпсіздіктерге шақыру белгілері бар деп тапқан сараптама қорытындысынан соң іс қозғалған. Temirov LIVE жобасының негізін қалаушы Болот Теміров журналистерді қамауды қызметтерімен байланыстырған.

Халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдары Қырғызстан билігін журналистерді босатуға, сөз еркіндігіне қысым көрсетуді тоқтатуға шақырған.

Қырғызстанның белгілі журналисі Болот Теміров шенеуніктердің жемқорлығын зерттеумен айналысатын Temirov LIVE журналистер командасының негізін қалаушы.

Теміровті қуғындау 2022 жылы басталған. Қырғыз милициясы журналистер командасының кеңсесін тінтіп, Теміровті қамауға алған. Көп ұзамай ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен босатқан. Оған дейін ол Temirov LIVE YouTube-арнасына "Қырғызмұнайгаз" мемлекеттік компаниясының мазут экспортына байланысты күмәнді схемалар бойынша зерттеу жариялаған. Аталған компанияның экспортына Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің туыстарының қатысы болуы мүмкін деген болжам айтылған. Болот Теміров сот үкімін "кек қайтару" деп атаған.

2022 жылы қыркүйекте Свердлов аудандық соты журналисті "есірткіні заңсыз сақтады", "мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті" дейтін екі айып бойынша ақтаған. Бірақ "жалған әскери билет жасаған", "паспорт алар шақта жалған уақытша куәлік пайдаланған" дейтін айыптар бойынша кінәлі деп санаған, алайда қылмыс мерзімінің өтуіне байланысты жазадан босатқан.

2022 жылы қарашада Бішкек қаласының соты Болат Теміровтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмаған. Оның орнына прокуратура ұсынысын ішінара қабылдап, алғашқы инстанциядағы сот шешіміне Болот Теміровті Қырғызстаннан шығарып, Ресейге жіберу туралы пункт қосқан. Кейін Қырғызстан милициясы оны әуежайға күштеп апарып, Мәскеуге баратын ұшаққа отырғызып жіберген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG