Қазақстанның Жоғарғы соты бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде сот мектепте орамал тағуды заңды деп таныды деген ақпаратты жоққа шығарды.
24 қыркүйекте Қазақстандағы діндар отбасылар кезігетін мәселелерді көтеріп жүрген құқық қорғаушы Жасұлан Айтмағанбетов Instagram-дағы парақшасында Жоғарғы сот орамал тартқан қыздардың мектепте білім алу құқығын шектеу мәселесіне нүкте қойды деп хабарлаған.
"Жоғарғы сот облыстық сот қаулысының күшін жойып, мұндай шектеулер [баланың] білім алу құқығын бұзады деп шешті", – деп жазды Айтмағанбетов парақшасында.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметі 26 қыркүйекте осы ақпаратқа байланысты мәлімдеме жасап, Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы істі қарау кезінде білім беру мекемесінде орамал тағу заңдылығы жөніндегі мәселені талқылауға араласпады деді. Кассациялық саты мектептің оқушы қызды сабаққа кіргізбеуін заңсыз деп тапқан.
Сот оқу-ағарту министрлігінің міндетті мектеп формасы жайлы талабы бар, бұл бұйрық заңсыз деп танылмаған, күші жойылмаған деді.
Құқық қорғаушы Жасұлан Айтмағанбетовтің сөзінше, оның айтқан ісі Батыс Қазақстан облысындағы жағдайға байланысты, онда басына орамал тартқан оқушы қызды мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбеген. Бұған дейін мұндай жағдайлар Алматы, Қарағанды, Павлодар және Түркістан облыстарында болған. Құқық қорғаушының айтуынша, олардың бәрінде облыстық соттар орамал тартқан оқушы қыздардың құқығы бұзылды деп таныған. Ол бұл жерде әңгіме хиджаб, ниқаб емес, ақ орамал тағу туралы деді.
Қазақстандағы мектеп формасы туралы ережеге сай, оқушы пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек. Мектеп формасы жайлы бұл талапты меншік нысанына қарамастан елдегі жалпы білім беру мекемелерінің барлығы бірдей орындауға міндетті. Мектеп формасы жайлы талап 2016 жылғы 14 қаңтарда сол кездегі білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген.
Билік бірыңғай мектеп формасы туралы бұйрыққа барлық оқушы бағынуы керек деп біледі. Ата-аналар орамал оқу процесіне кедергі емес дегенді алға тартып, баланың білім алу құқығы тапталды дейді. Олар балалары бас киімге бола қағажу көріп отырғанын айтады. Қазақстанда орамал дауы мектептермен қоса колледждерде де кездеседі.
ПІКІРЛЕР