Accessibility links

Арыс гарнизонында әскери өзіне қол салмақ болды


Қорғаныс министрлігі ғимараты
Қорғаныс министрлігі ғимараты

Түркістан облысы Арыс гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінде келісімшарт бойынша қызмет атқарған әскери өзіне оқ атып, басынан жарақат алды. Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі оқиға 16 қыркүйекте әскеридің кезекшілігі кезінде болған деді.

Гарнизон 24 жастағы жігіт "отбасындағы жанжалға байланысты травматикалық тапаншамен өзіне қол салмақ болған" деп отыр. Жараланған сарбазды аудандық ауруханаға апарған. Шымкент гарнизоны әскери есін жиды деп хабарлады.

"Оған медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазір жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ" деп мәлімдеді гарнизонның баспасөз қызметі.

Ресми ақпарат бойынша, оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Кейінгі уақытта Қазақстанда әскердегі солдаттардың өлімі, жарақаттануы жиілеп кетті. 12 қыркүйекте Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскері институтында 44 жастағы сержант өлі табылған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өзіне қол салған. Ішкі істер министрлігі осы жайтқа байланысты қылмыстық іс қозғап, оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасы "Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бабы бойынша тергеу бастаған.

7 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде кезекші офицер тапаншадан атқан оқ қатардағы жауынгердің бетіне тиіп, ол госпитальға бара жатқанда қаза болған. Марқұмның әкесі қылмыс қасақана жасалған болуы мүмкін деп ойлайды. Ол ұлы өлерінен бірер күн бұрын ақша сұрауды жиілеткенін айтты. Бұл жайтқа байланысты Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасы "Қасақана кісі өлтіру" бабы бойынша тергеу бастаған.

Әскерилер қазасы көбейген шақта петиция жазатын ресми порталда Қазақстанда міндетті әскери қызметті алып тастауға шақырған петиция пайда болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG