Accessibility links

Бір топ белсенді "АЭС керек емес" деген платформа құрды


"АЭС керек емес" платформасын құрған бір топ белсенді баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Оңнан солға қарай: саясаттанушы Әсел Ізтаева, экологтар – Гүлсім Кәкімжанова, Қайша Атаханова, Вадим Ни, энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев. Алматы, 10 қыркүйек, 2024 жыл.
"АЭС керек емес" платформасын құрған бір топ белсенді баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Оңнан солға қарай: саясаттанушы Әсел Ізтаева, экологтар – Гүлсім Кәкімжанова, Қайша Атаханова, Вадим Ни, энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев. Алматы, 10 қыркүйек, 2024 жыл.

10 қыркүйекте бір топ экология белсендісі Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, "АЭС керек емес" платформасын құрғанын хабарлады. Белсенділер ол арқылы елде атом электр станциясын салуға қарсы Қазақстан азаматтарының көзқарасын көрсеткісі келеді. Сарапшылардың сөзінше, АЭС салынса, жеке компанияға емес, тұтас мемлекетке тәуелді болып қалу қаупі басым.

Платформаны экологтар – Қайша Атаханова, Гүлсім Кәкімжанова, Вадим Ни және энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев пен саясаттанушы Әсел Ізтаева құрған.

Экологиялық құқық және климат бойынша сарапшы, бастамашыл топ өкілдерінің бірі Вадим Ни АЭС салуды саясат деп есептеймін деді. Сарапшының сөзінше, олай болмаса, бұл мәселе референдумға шығарылмас еді.

– Энергетиканың өзге нысандары референдумға шығарылмай-ақ салынып жатыр. АЭС-ті салатындардың бәрі – ұлттық компаниялар. Оны жеке компаниялар салмайды және оған қаржыны мемлекет бөледі. Қазір АЭС салуы мүмкін деп шорт-листке енген төрт компания бар. Біз компанияларды таңдап жатқан жоқпыз. Мемлекеттерді шақырып отырмыз. Сол себепті бұл жай ғана саясат емес, геосаясат дер едім. Бұдан қашып құтыла алмаймыз. Атом энергетикасының табиғаты осындай. Ол мықты мемлекеттерге байланған, – деді Вадим Ни.

Сарапшылар АЭС салынса, болашақта экологияға қауіп төнеді деп алаңдайды. Голдман атындағы халықаралық экологиялық сыйлықтың лауреаты, биолог Қайша Атаханова АЭС жұмысы қауіпсіз деп айтуға кепілдік жоқ деп есептейді.

– Бізге атом электр станциясын қауіпсіз деп айтады. Бірақ осы уақытқа дейін Чернобыль және Фукусима атом электр станцияларында болған апатқа куә болдық. Бұдан аз сабақ алдық па? Әлемде әлі күнге дейін радиоактив қалдықтарды жерге қауіпсіз етіп көмуді ойлап тапқан жоқ. Оны сақтау жөнінде емес, нақты қауіпсіз түрде залалсыздандыру туралы айтып тұрмын, – деді Атаханова.

2 қыркүйекте парламент сенаты мен мәжілістің бірлескен отырысында халыққа жолдауын жариялаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесіне байланысты референдум қазан айында өтеді деп мәлімдеді.

"Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын.

Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр" деді Қазақстан президенті халыққа жолдауында.

"Атом станциясын салмасақ [Ресейге энергетикалық тәуелділік] арта береді. Ең қажет кездерде біз энергияны Ресейден сатып аламыз, ол біздегіден анағұрлым қымбат. Соның салдарынан тәуелділік туындайды. Егер өз энергиямызды, соның ішінде атом энергетикасын көп өндірсек, тәуелділік оншалық деңгейде болмайды" деді Азаттыққа сұхбатында "Қазақстанның атом электр станциялары" компаниясының бас директоры Тимур Жантикин.

Оның айтуынша, Алматы облысының Үлкен ауылына жақын жерде орналасады деген АЭС Балқаш көлінің суын пайдаланғанымен, оған ешқандай зиянын тигізбейді, себебі АЭС-ке пайдаланылған су көлге қайта құйылмайды: "Көл жылып кетпейді, өйткені АЭС-тың жылыту жүйесіне көлдің еш қатысы болмайды" деді Жантикин. Оның айтуынша, атом электр станциясын 9 балға дейін жер сілкінісіне шыдамды етіп салуға болады, яғни жер сілкінісі болған жағдайда АЭС зардап шекпейді. Оның айтуынша, Жапонияның Фукусима станциясы тұрған аймақта қатты жер сілкінгенімен, ғимараттың өзі құламаған, АЭС-ке цунамиден зақым келген.

Биліктегі "Аманат" және басқа да партиялар мен қоғамдық ұйымдар 6 қыркүйекте АЭС салуды қолдайтын "Халық штабын" құрып, атом энергиясының қажеттігін насихаттауға кірісіп кетті.

6 қазанда өтетін референдумда "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұрақ қойылады. Орталық референдум комиссиясы АЭС бойынша референдум өткізуге 15,5 млрд теңге керек деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG