10 қыркүйекте Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қорғаныс министрлігінің 2021 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданының әскери бөлімінде болған жарылыстан мемлекетке келген 25,1 млрд теңгеге жуық шығынды жарылысқа айыпты деп танылған екі сарбаз бен екі офицерден өндіріп беру туралы талабын ішінара қанағаттандырды.
Жауапкерлер 24 млрд теңгеге жуық шығынды мемлекетке теңдей бөліп төлейді. Бұдан бөлек, оларға мемлекет есебіне 178 млн теңгеден аса баж салығын өтеу міндеттелді.
Сот шешімін іс бойынша жауапкер деп танылған сарбаздар Әсет Әшірбай мен Ерпулат Тұранов және офицерлер Аслан Бақытжанов пен Руслан Несіпқалиев жазасын өтеп жатқан түзеу мекемелерінен, ал қорғаныс министрлігінің өкілі онлайн тыңдады. Екі тараптан да сот шешімі бойынша пікір алу мүмкін болмады.
Сарбаздардың қорғаушысы Әміре Сағадат сот шешіміне келіспейміз, апелляциялық шағым түсіреміз деді. Оның айтуынша, екі сарбаздың айыбы дәлелденбеген.
Сот істі 31 шілдеде қарай бастаған. 13 наурызда Астанадағы әскери сот 2021 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданының әскери бөлімінде болған жарылысқа айыпты деп танылып, "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабымен 9 жылға сотталған 22 жастағы сарбаздар Әсет Әшірбай мен Ерпулат Тұрановтың жазасын ұзартып, 13 жыл қылған.
Бұған дейін "Қызметке салғырт қарау" бабымен ақталған төрт офицердің екеуі – Аслан Бақытжанов пен Руслан Несіпқалиев 5 жылға сотталған. Екі сарбаз жазасын қауіпсіздігі орташа, ал екі офицер қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейтін болған.
Сотталушылар сот үкіміне келіспеген. Әсет Әшірбай мен Ерпулат Тұранов судьяның "сот шешімі түсінікті ме?" деген сұрағына наразылық ретінде жауап бермеген. Сот алқасы сот залынан шыққан соң "Әділет жоқ! Кінәміз жоқ!" деп айқайлап, наразылық білдірген. Адвокат Әміре Сағадат бұл іс бойынша кассациялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
2021 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада жарылыс болып, 18 адам қаза тапты, жүзге жуық адам жараланған. Ресми мәлімет бойынша, жарылыс шығыны 25 млрд теңгеге жеткен.
Бұл іс бойынша алғашқы сот үкімі 2023 жылы 20 қазанда шығып, кейін айыпталушылар мен әскери прокуратура апелляциялық шағым түсірген. Алғашқы сатыдағы сот бұл шығынды Тұранов пен Әшірбайдан өндіруді міндеттеген еді.
ПІКІРЛЕР