Accessibility links

Ресей билігі әскерден қашып Қазақстаннан пана іздеген офицерді алты жылға соттады


Қазақстанда ұсталған Камил Касимовтың құжаты. Құқық қорғаушылар берген суреттің көшірмесі.
Қазақстанда ұсталған Камил Касимовтың құжаты. Құқық қорғаушылар берген суреттің көшірмесі.

Ресей соты Украинадағы соғысқа қатыспау үшін әскерден кетіп қалған Камил Касимовты алты жылға бостандығынан айырды. Ресей әскерінде келісімшарт бойынша қызмет атқарған Касимов былтыр маусымда Қазақстанға қашып келген, биыл сәуірде оны жұмысынан ұстап әкетті.

Құқық қорғаушылар Касимовке Ресей Қылмыстық кодексінің "Әскери қызметтен жалтару мақсатында бөлімді немесе қызмет орнын тастап кету" бабы бойынша айып тағылды деген.

Камил Касимов Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алып, Астанада жұмыс істеп жүрген. Кейін жанына туған ағасы да келіп, бірге тұрып жатқан. Биыл сәуірде Касимовтың жұмыс орнына барған төрт адам оны Приозерскідегі Ресейге тиесілі әскери бөлімге алып кеткен. 72.RU сайтының жазуынша, сол жақтан Касимовты Ресейдің Омбы қаласына жеткізген.

"Ол кінәсін мойындады", – деді Касимовтың таныстары 72.RU сайтына. Олардың дерегінше, Камил Ресейдің Түмен қаласында дүниеге келген. Сол жақтағы колледжде оқыған.

Осы іспен айналысқан қазақстандық құқық қорғаушы Артур Алхастов "Қазақстан заңы бойынша, әскери қылмыс елден эстрадициялауға мүмкіндік беретін бапқа жатпайды. Оны күштеп әкеткені заңсыз" деп дабыл қаққан.

– Әскерден қашқан Касимов қылмыскер емес еді. Қазақстаннан күштеп ұстап әкеткені заңсыз болды. Оның босқын статусын сұрап берген өтінішін қарауға мүмкіндік берілмеді. Астана полиция депаратаменті Камилды ресейлік полицейлермен бірге ұстағанын мойындап отыр. Полицияның жауабында "Касимовты ұстап, одан жауап алынғаннан кейін босаттық" деп жазылған. Бірақ олар бір нәрсені бүгіп отырған сияқты. Себебі ресейлік полицейлер Қазақстанға Касимовтың мекен-жайын анықтау үшін ғана келмегені анық еді, яғни олар Касимовты ұстап, амалын тауып алып кетуді көздеген. Ресейде оның репрессияға ұшырайтыны анық болды. Сондықтан бұл оқиға қауіпті. Касимов – саяси тұтын. Себебі ол Ресей әскери күштерінде құлдықта болғысы келмей, соғыстан қашуды көздеген адам. Бұл – оның саяси көзқарасы. Оны ұстап беруге біздің полиция қалай болғанда да атсалысты. Батыс елдері адамдарды Ресейдегі қазіргі ГУЛАГ-тан құтқарудың әрекетін істеп жатыр. Жақында тұтқан алмасты. Қазақстан билігі тұтқындарды босата алмаса да, адамдарды бермеуге тиіс деп ойлаймын. Соғысқа қарсы ресейліктерді Ресейге қайтаруға көмектеспегені дұрыс, – деді құқық қорғаушы Артур Алхастов.

  • Бұған дейін ресейлік майор Михаил Жилин мобилизация кезінде Қазақстанға қашып келіп, үш ай өткенде Алматыда ұсталып, Ресейге берілген. Ресей билігі Жилинді алты жарым жылға соттаған.
  • Ресейлік "Медиазона" басылымының жазуынша, Украинада соғыс басталғалы 10 мыңнан аса әскери адам қызмет атқарудан бас тартқан. Басылым 2022 жылдың ақпанынан 2024 жылдың маусымына дейінгі қылмыстық істерді шолып шыққан. "Бөлімшені өз бетінше тастап кету" бабымен 9 мыңнан аса іс қозғалса, "бұйрықты орындамау" бабы бойынша 600-ден аса, 350-ге жуық "әскери қызметтен жалтару" айыбы тағылған. Сот үкімдеріне қарағанда, олар көбіне шартты жаза алып, қайтадан соғысқа жіберіледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG